Аймақтар • 22 Қаңтар, 2020

Көлікті мас күйінде жүргізген екі қызылжарлық қамалды

318 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әкімшілік заңнамаға 11 қаңтардан бастап күшіне енген өзгерістерден кейін көлікті масаң күйінде айдаған жүргізушілер 7 жылға көлік жүргізу  құқығынан айырылады және 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады. Бұрын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес ондайлар тек жүргізуші куәлігінен үш жылға айрылатын.

Көлікті мас күйінде жүргізген екі қызылжарлық қамалды

Жаңа өзгерістер енгізілген уақыттан кейін бір-ақ апта өткенде Петропавл қаласының екі тұрғыны бір түнде ұсталды. Шетелдік көліктің жүргізушісі бір фарасы жанбай келе жатқандықтан Абай көшесінде патрульдік полиция қызметкерлерінің назарына ілінеді. Полицейлер жүргізушіге ақауды жою қажет екенін айту үшін көлікті тоқтатады. Сөйтсе, 32 жастағы қала тұрғыны көлікті масаң күйде жүргізіп келе жатқан болып шықты. Ал 1986 жылы туған басқа жүргізуші сол түні Интернационал көшесімен алкогольді ішімдік ішіп алып, жүйткіген. Екі көлік те айып тұрағына қойылды. Түнгі серуенге құмартқандар соттың шешімімен 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды және 7 жылға көлік басқару құқықтарынан айрылды.

Егер осылар бір жыл ішінде қайтадан масаң күйінде көлік тізгініне отырса, 20 тәулікке қамаққа алынады және 8 жылға көлік басқару құқығынан айрылады. Ал жол-көлік оқиғасына кінәлі мас жүргізушілер үшін бөлек жауапкершілік қарастырылған. «Масаңдық деңгейін анықтау бойынша куәландырудан өту туралы заңды талапты орындаудан бас тартқан жағдайда жүргізушінің көлік құралын басқару құқығынан айырылу мерзімі 3 жылдан 8 жылға дейін көбейді, сондай-ақ 15 тәулікке қамаққа алу енгізілді», - дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Жасұлан Оспанов.