Қоғам • 23 Қаңтар, 2020

Балқаш: бақ пен сор

3120 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Біз Балқаш көлі туралы не білеміз? Айдынның көлемі жағынан әлемдегі ірі су қоймаларының ішінде он төртінші орында тұрғанын, Азия құрлығындағы үлкен 4 көлдің бірі екенін немесе Қазақстандағы Каспий мен Арал теңіздерінен кейінгі үшінші су қоры екенін айтамыз...

Балқаш: бақ пен сор

Сондай-ақ Балқаш көлінде мұхиттар мен теңіздерге тән гидрографиялық атауға ие ерекше су бөліктері бар екен. Мысалға, Сарыесік түбегі көлді екіге бөліп жатыр. Батыс бөлікте бірнеше шығанақ орналасқан, олар Сарышаған, Қашқантеңіз, Қарақамыс, Шепек, Балақашқан, Ақметсу деп аталады. Ал шығыс бөлігінде Күзкөл, Балықтыкөл, Қарашаған сияқты онға жуық шығанақты тұзды су шайып жатыр. Көл аумағында ірілі-ұсақты аралдар да көп. Батыс жағалауына жақын маңда Басарал, Тасарал, Ортаарал, Аяқарал, Олжабекарал деген атауға ие аралдар тобы орналасса, шығыс тұстан Байғабыл, Балай, Шауқар, Кеңтүбек, Қоржынтөбе аралдары көзге шалынады. Жалпы Балқаш су бассейні аумағындағы арал саны қырық үшке дейін жетеді екен. Ал Сарыесік түбегі Ұзынарал бұғазына жалғасып бітеді. Айтпақшы, осы бұғазды Алматы – Нұр-Сұлтан қаласы бағытындағы әуе жолында немесе Талдықорғаннан елордаға дейінгі әуе сапарында ұшақ терезесінен көріп, тамашалауға болады. Осы бұғаз аумағындағы судың тереңдігі 6 метрге дейін жетсе, бүкіл көл суының орташа тереңдігі 5,8 метр болатыны ғылымда зерттеліп, анықталған.

Ал енді мұның бәрін неге айтып отырмыз?

Адамзат табиғаттың осы ерекше жауһарынан айырылып қалуы мүмкін... Біз Балқаш туралы бәрін білгенімізбен, көл суының жыл өткен сайын тартылып, Қазақстанға жаңа экологиялық қатер төніп келе жатқанынан хабарымыз шамалы болып отыр.

...Қазақ мұндайда «Айтқан жерден аулақ» дейді. Алайда, қоршаған ортаға қатысты мәселеде үнсіз қалуға болмайды. Оның үстіне біз экология проблемасынан орасан зиян шеккен елміз. Жойылып кетуге шақ қалған Арал теңізінің жағдайы Қазақстан түгілі, әлемнің ақылы ояу жұртын әлі де алаңдатады. Орағытып отырғандағы айтпағымыз – Балқаш көлінің бүгінгі мәселесі. Бұл жағдайды жіті талқылап, бір жақты қылмасақ, ертең кеш болуы мүмкін. Оның үстіне қазір Балқаш көлінің экологиялық қаупін анықтап, Үкімет назарына ұсынып отырған арнайы мекеме жоқ екен. Экологтар да соңғы 14 жыл көлемінде көлге қатысты кешенді зерттеу жұмысы жүргізілмегенін айтады. Ал Балқаш көлінің су көлемі теңіз деңгейімен салыстырғанда 342,8 метрге дейін төмендеген. Бұл да 2012 жылғы дерек. Жалпы, соңғы 2 000 жыл бойы теңіз деңгейінен 346 метрдей жоғары қалпынан айнымаған көлдің тереңдігі өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап төмендеуге бет алыпты. Қазір судың деңгейі бұрынғы ернеуінен 3-4 метрге дейін құлдилағаны айтылады. Үрейлі үрдіс адам көзіне көрінбегенімен, біртіндеп үлкен экологиялық қатерге әкелетін проблемаға айналып келеді. Судың азаюын көлдің батыс бөлігі мен шығыс бөлігін қосатын Ұзынарал бұғазының жалаңаштанып көріне бастағанынан да байқауға болады екен.

– Біздің дерегімізше, өткен 50 жыл аралығында Балқаш көлінің аумағы едәуір қысқарған. Яғни, қазір көл суының тартылуы қарапайым адамның өзіне көріне бастады. Жалпы, Балқаштың су мөлшері сыртқы көздерге, ағып келіп қосылатын өзендердің ағынына қатысты өзгеріп отырады. Жетісудағы жылтырап аққан жылғаның бәрі Балқашқа келіп құяды дегенмен, көл суы негізінен Іле өзені арқылы келетін суға тәуелді. Нақты айтқанда, жыл сайын Іле арқылы қанша көлемде су қосылады, Балқаштың аумағы да соншалықты толығып тұрады. Демек, көл көлемінің соңғы жылдары күрт қысқаруының себебін Іле өзенінің бастауынан бөлінетін судың кемуінен іздеу керек. Әзірге су тапшылығының алдын мұздықтардан еріген су көлемі алып тұр. Алатаудағы мұздықтар мәңгілік емес, жылдар өте еріп таусылып, Іленің табаны құрғай бастағанда ғаламдық экологиялық апат орын алады, – дейді «Табиғат» экологиялық одағының басшысы Мэлс Елеусізов.

Балқашқа Іледен өзге Жетісудың тағы бірнеше өзені қосылады. Іле Алтауы мен Жоңғар Алатауының түйіскен тұсынан бастау алатын Қаратал, Ақсу, Лепсі өзендері де көлдің оң жағалауына жетіп құйылады. Бірақ, Іле өзенінің орны бір төбе екен. Балқаштың ернеуінен төмендемеуіне ежелден бері осы Іле суының тоқтаусыз қосылуы сеп болып отыр. Яғни, Іле – Балқаштың күретамыры іспетті. Ал Іленің өзі бастауын Қытай елінен, нақтысы шығыс Тянь-Шань тауынан алатын Текес, Күнес атты өзендердің қосылуынан алады. Әуелгі нүктесінен бері қарай ағып,1439 шақырымға созылатын арналы өзен Қазақстан шекарасына жеткенше Шыңжаң өлкесін шолып өтеді. Ал Іленің Қазақстан аумағындағы ұзындығы 802 шақырым шамасында.

1

Бұл жердегі мәселе Іле суының күрт азаюына қатысты болғандықтан, Балқаш проблемасының туындауына көрші ел де жауапты болуы керек. Өйткені, Қытайдағы халық санының өсуі Шыңжаң аймағындағы тұрғындар үлесінің артуына да ұласып отыр. Сол себепті аумақтағы егістік шаруашылығы мен өндіріс орындарының көбейіп, суға деген сұранысты ондаған есеге өсіріп жіберген. Бұл Іледен аққан суға түсетін артық салмақ. Мәселен, халықаралық сарапшылар Қытайдағы су тұтынудың мөлшерін 555 млрд текше метрге дейін жеткенін айтып, бұл қажеттіліктің алдағы 10 жыл ішінде 818 млрд текше метрге дейін өсетінін болжап отыр.

Экологтар сияқты географтар да Балқаш көлінің арнасынан алыстауы топырақтың тұздануына, оазистердің құрғауына әкелетінін айтады. Мұның салдарынан аймақтағы табиғи баланс бұзылып, адам денсаулығына да қауіп төне бастайды екен. Ал аумақтағы гидрологиялық тепе-теңдіктің сақталмауынан құрғақшылық пайда болуы мүмкін. Бұл басты экологиялық қатер – Алатау жоталарындағы мұздықтардың жаппай еруіне себеп болуы да ғажап емес. Айтпақшы, қазір трансшекаралық өзендердегі ағын қуатын осы мұздықтардан бөлінген су мөлшері азайтпай, реттеп тұр.

– Өкінішке қарай, біз Балқаш көлінің көз алдымызда жойылып бара жатқанына куә болып отырмыз. Көлдің көлемі 4-5 метрге азайғанын айту күлкілі болуы да мүмкін, бірақ, оның экологиялық сипаты жақын жылдары сезіле бастайды. Балқаш фаунасының өзгеруі айналадағы тіршілік атаулыға кері әсерін тигізеді. Бұл еліміздің екі үлкен облысының аумағындағы тұрғындарды экологиялық апатқа соқтырады. Оның үстіне адамзат Арал теңізінің жойылу белгілеріне көз жұмып қарағандықтан одан айырылып қалды. Демек, бұл экологтар ғана емес, бүкіл көзі ашық адам дабыл қағатын мәселе, – дейді география ғылымдарының кандидаты, «Экология проблемаларын зерттеу» ғылыми зерттеу институтының қызметкері Айжан Ысқақова.

Ғалымдардың жанайқайында мән бар. Есептеулер бойынша биыл Қытай шекарасы арқылы ағып өтіп жатқан судың жылдық мөлшері 81,6 текше шақырым шамасында болмақ. Ал 2030 жылы бұл көрсеткіш 72,4 текше шақырымға дейін кемуі мүмкін. Демек, біз күн өткен сайын су мәселесінде Қытайдан жеңіліс тауып, ішкі қажеттілікті өтеуге кететін шығынды ақтай алмайтын күйге түсетініміз анық. Яғни, ғалымдар мен табиғат жанашырлары қаққан дабыл енді саяси сипат алуы керек сияқты.

– Балқаш көлінің тартылуын қазір жәй көзбен қарап та байқауға болады. Елордадан Алматыға ұшақ арқылы ұшқан кезде Балқаштың үстімен өтеміз ғой, ашық күнде қарап отырсаңыз көлдің ортасында ұзынша арал сұлбасын байқайсыз. Қызығушылықпен сұрастырсам, бұл көлдің батысы мен шығысын бөліп тұрған Ұзынарал бұғазы екен. Деректерді ақтарып отырып, 1960 жылдары көл бетінен бұғаздың аз бөлігі ғана көрінетіндігі жайлы мәлімет таптым. Демек, арада өткен уақытта Балқашта үлкен арал пайда бола бастағаны анық. Мен осыдан 3-4 жыл бұрын бұл мәселені көтеріп, сол кездегі Энергетика министрі В.Школьникке ашық хат жазған едім. Өкінішке қарай, энергетикалық даму жолындағы қызу науқан экология мәселесіне көңіл бөлуге мұрша бермеді ме, әлде экологиялық проблемаларды талдаумен айналысатын мамандардың білігі жетпеді ме, Балқаш мәселесі жоғары мінберден айтылмай қалды. Әрине, Балқаш проблемасы бір күнде шешіле салатын оңай шаруа емес. Сосын, бұл жердегі проблеманы шешуге Қазақстан қанша мүдделі болғанымен, трансшекаралық өзендерге келгенде Қытаймен санасуға мәжбүр болып отырғанын да ескеруіміз керек. Өйткені, көл суының азаюына бастауын көрші елден алатын Іле өзенінің ағыны бәсеңдегені бірінші ықпал етіп отыр. Көл деңгейінің қалыпты тұруы үшін қажет судың 80 пайызға жуығы сырттан құйылады екен. Оның ішінде негізгі үлес Іле өзеніне тиеслі. Ал Іледен ағатын судың 30 пайызы ғана Балқашқа жетеді. Демек, судың 70 пайызы Қытай аумағында қалуда. Дерек бойынша, шығыстағы көршіміз жыл сайын ортақ өзеннен алатын су мөлшерін көбейтіп келеді. Қазір Іле суын тұтынатын Шыңжаң аймағындағы тұрғын халық саны 3 млн адамға жеткен. Бұл өлкеде ауыл шаруашылығы да қарқынды дами бастаған. Аз уақыт ішінде суармалы егістік көлемі 2 млн гектарға дейін көбейген. Бір деректерде осы алқаптың 1 млн гектары суармалы жер екені айтылады. Яғни, Қытайда табиғи су көзін тұтыну да қарқынды. Бұдан Іледен алынатын су мөлшері көбейген сайын, Қазақстанға келетін су көлемі кеми беретінін пайымдауға болады. Демек, біз тез арада Қытай елімен арадағы трансшекаралық өзендердің мәселесін шешуіміз керек. Өткір проблемаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мән береді деп ойлаймын, – дейді белгілі саясаттанушы, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Сайыров.

Жалпы, Балқаш проблемасы биік мінберлерден айтылудай-ақ айтылып жүр. Жақында Алматыда өткен Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару мәселелері бойынша халықаралық конференцияда «Казгипроводхоз» институтының директоры Анатолий Рябцев трансшекаралық өзендер мәселесін шешуде Қазақстанның ұтылып отырғанын айтқан болатын. Осы жиында Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан ғалымдарының Арал бассейні мен Балқаш көліне төнген қауіп жайында ортаға салған зерттеулері бөлек тақырыптың еншісінде. Ал Анатолий Рябцевтің болжамынша, Қытай өз мүддесі үшін Қазақстан ұсынған құжатқа қол қойып, Іледегі су мөлшері көбейген күннің өзінде ағынды судың толықтай Балқаш көліне жетуі күмәнді екен.

Өйткені Іле өзенінің қазақстандық бөлігіндегі өзен арнасы қоқыс пен сазға толып, жағалауды су жырып жатыр. Қазірдің өзінде Іледен аққан судың біршамасы ауа жайылып, топыраққа сіңіп кетуде. Мұндай жағдайдан кейін Іленің суы Балқашты қойып, Қапшағай су қоймасына да толық жетпейтін көрінеді. «Бұл мәселені Қытай ілгеріде шешіп алған. Қазір ондағы кез келген өзеннің жағалауы бекітілген. Олар су жайылатын жағалауды, тіпті саздауытты арналарды да бетондап тастаған. Гидротехникалық жұмыстарды сауатты жүргізуді Қытайдан үйренуіміз керек» деген еді «Казгипроводхоз» институтының директоры.

Осы жерде Іле өзенінің жағасын бекіту мен арнаны тазалау жұмыстары Алматы облысының аумағында да жүріп жатқанын айтуымыз керек. Бұл іске 2014 жылдан бастап маңыз беріле бастады. Нәтижесінде Балқашқа құятын Іле, Қаратал өзендерінің арнасына тұрақты бақылау жасап отыратын мелиоративті жасақ құрылды. Қазір бүкіл жұмыс «Қаратал ММО» мекемесінің бақылауында. 2014 жылдың өзінде Қаратал өзенінің Балқашқа құятын сағасы жаңартылып, 12,5 шақырымдық жаңа арна қазылған. Бұл көлге қосылатын су көлемін арттырып, бұрын су басып жатқан 10 мың гектар алқапты жайылымдық жер үшін пайдалануға мүмкіндік беріпті.

– Жылдан жылға ауа райының өзгеруіне байланысты Іле және Қаратал өзендерінің арнасында батпақтану пайда болады, сағалары қайырланып бітелуде, соның салдарынан Балқаш көліне баратын өзектің қалыпты су өткізуіне кедергі келтіруде. Бұдан шабындықтар мен жайылымдар батпақтанып, жақын жатқан елді мекендерге су басу қаупі төнеді. Өзен арналарын тазалап, су ағынын жақсарту үшін облыс әкімдігі жыл сайын гидротехникалық және басқа да шараларды өткізуге қаржы бөліп отыр. 2019 жылы облыстық табиғатты қорғау іс-шаралар жоспары шеңберінде бюджеттен бөлінген 398,4 млн теңге мақсатты түрде игерілді, – дейді облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Қанат Дәулетиярұлы.

Айтпақшы, жағырапиялық жағынан алғанда Балқаштың теңіз деңгейінен 340 метр биіктікте орналасқанын мектепте оқыдық. Көлдің жалпы ұзындығы 600 шақырымға дейінгі аумақты алып жатқанын, шығысқа созылған ені 9-19 шақырым және батысқа қарайғы ені 74 шақырымға жететінін де қазіргі оқушылар жатқа соғуы тиіс. Тіпті, көл суының 58 пайызы тұщы әрі таяздау келетінін, бұл негізінен батыс бөлікке тән екенінен де хабардармыз. Ал Балқаштың шығыс жағалауындағы судың тұздылығы өте жоғары және арнасы терең келетінін де есте сақтайық. Болашақ буын да осыны білуі шарт. Алайда, мұның барлығын келешек ұрпақ айтақыр даладағы тұзды шұңқырға қарап, тарих оқулығынан ғана оқып отырмауы керек...

 

Алматы облысы