Қазақстан • 23 Қаңтар, 2020

Құрылысы қарқынды Қазақстан

419 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жыл сайын қаншама жастар үйленіп, жеке отау тігіп жатады. Олар құрған жас отбасының түтіні қаншалықты түзу ұшқандығын бірлескен өмірде қол жеткізген алғашқы табыс­тарына қарап аңғаруға болады.

Құрылысы қарқынды Қазақстан

 

Сол табыстың үлкені – үйлі болу мәселесі. Әрине, үйлі болу дегеніміз – кез келген жас отбасы үшін ұмытылмайтын айрықша қуанышты жағдай ғана емес, сонымен қатар бірлескен өмірдің жаңа бір белеске көтерілгендігін білдіретін маңызды оқиға. Мұнан әрі ол үйді көркейту, қажетті заттар алу секілді жаңа талпыныстар басталады. Тірлікке жаңаша мән кіреді. Ата-бабамыздың «үйлену оңай, үй болу қиын» деп айтып кеткеніндей үйлі болған отба­сының іргесі одан әрі беки түседі.

Жалпы үй салу секілді құры­лыс мәселесінің жеке отбасы үшін ғана емес, кез келген мем­лекет үшін маңызы зор. Әсі­ресе, Қазақстан секілді жаңадан құрылған жас мемлекет үшін. Сондықтан болар, көптеген елдер Кеңес Одағы құрамынан бө­лініп, өздерінің тәуелсіз мемлекеттерін құрған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары­нан бері құрылыс салу ісі жас мемлекеттердің алғашқы қадамы қаншалықты табыс­ты бол­ғанын білдіретін басты өлшемнің біріне айналды. Себебі, құрылыс жұмыстарын жүргізе білген елдер көркейіп дамыды, жүргізе алмаған елдер кетеуі кетіп артта қалды. Мұндай елдің халқы құрылысты жүргізе білген елге барып, сондағы құрылыс жұмыстарына жалданды. Яғни, басқа елдің әлеуметтік дамуы, экономикалық нығаюы үшін үлес қосты. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда, құрылыс саласының даму көрсеткішінің маңызын посткеңестік елдерде қазіргі уа­қытқа дейін басты өлшем ретінде бағаланып келе жатқан ішкі жалпы өнім көрсеткішімен қатар қоюға да болар еді.

Өйткені ішкі жалпы өнім көрсеткіші дегеніміз көптеген статистикалық деректердің басы қосылғаннан кейін барып пайда болатын, көз­ге көрініп тұрмағаннан кейін эко­номист мамандар болмаса, қарапайым халыққа қаншалықты шындық екені беймәлім болып қала беретін күрделі дүние. Оның үстіне, Үкіметтің қаншалықты жұмыс істеп жатқанын әркім өз қалтасына қарап бағалайтыны тағы бар. Ал құрылыс дегеніміз – бірден көзге ұрып, көрініп тұрады. Сондықтан құры­лыс саласында қол жеткізген жетістік­терге ешкім күмән келтіре алмайды. Ол – не бар, не жоқ. Басқаша болуы мүмкін емес.

Шамасы, кез келген ел екі жағдайда ғана құрылыс ісімен айналыспайтын бо­лар. Біріншіден – жері болмаған жағ­дайда, екіншіден – азаматтарының үйді сатып алуға немесе салуға қауқары болмаса. Демек, құрылыс саласының дамуы дегеніміз жанама түрде алғанда ел аза­­мат­тарының әлеуметтік жағдайынан жақсы хабар беретін көрсеткіш. Мәселен, кез келген отбасы табысына қарай өмір сүреді. Табысы тым төмен болса, оны тамақтануға ғана жұмсайды. Жеткілікті болса, киім-кешек, жиһаз секілді қажетті заттар алады. Артылып жатса, көңіл көтереді, қыдырады. Балаларына білім береді. Ал табысы мол болса, үй сатып алады немесе салады. Демек, еліміздегі тұр­ғын үй құрылысының дамуына бірін­ші кезекте адамдардың әлеуметтік жағ­дайының жақсаруы және осы істі қол­дай­тын ипотекалық несие желілерінің ашылуы әсер етті деп ойлаймыз.

Мәселен, көршілес Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан секілді елдерде халық табысының күрт төмендеуіне бай­ланысты тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көзге көрінерлік үлкен құры­лыстар бірден тоқтап қалған болатын. Олар осы қиындықтан кейінгі жылдары ғана ес жинап, тек бертін ғана үй салумен мықтап шұғылдана бастады. Ал біз осы аралықта елордамыз Нұр-Сұлтан қала­сын тұрғызып алдық. Мыңдаған шақы­рымдарға созылған күре жолдарды, мұнай мен газ құбырларын, көптеген кәсіп­орындар мен бизнес орталықтарын, мек­тептер мен ауруханалар, басқа да әлеу­мет­тік қажеттіліктерді салдық.

Қазақстанның құрылыс саласындағы қарышты дамуы одан әрі жалғасуда. Тіпті оны қолда бар көрсеткіштерге қарап, өзіміз орналасқан өңірде ғана емес, тұтас ТМД елдері арасында алдыңғы орында деп атасақ та болғандай. Ол үшін мына көрсеткіштерге назар аударып өтейік:

Еуразиялық экономикалық одақтың атқарушы органы – Еуразиялық эконо­мик­а­лық комиссияның 2019 жылдың 1 қарашасына дейінгі дерегі бойынша (бұл комиссия дерегі отандық статис­тикалық орган дерегінен бір-екі ай кейін жүріп отыратынын ескерейік) ЕАЭО елдеріндегі 2019 жылдың қаңтар-қазан айларында орындалған құрылыс жұ­мыстарының көлемі 122,1 млрд АҚШ дол­ларын құрады. Бұл 2018 жылдың атал­ған мерзіміндегі көрсеткіштен 1,3 пайыз жоғары. Арменияда – 351,1 млн доллардың, Қырғызстанда – 725,2 млн доллардың, Беларусьте – 4 млрд 454,1 млн доллардың, Қазақстанда – 8 млрд 702,1 млн доллардың, Ресейде – 107 млрд 868,5 млн доллардың құрылыс жұмыстары атқарылған.

Енді құрылыс саласының даму көр­сеткіштеріне келсек, 2019 жылдың қаң­тар-қазан айларында құрылыстың дамуы 2018 жылдың аталған мерзімімен салыс­т­ырғанда Арменияда – 99,3 пайыз, Беларусьте – 99,9 пайыз, Қырғызстан­да – 100,6 пайыз, Ресейде 100,4 пайыз құ­рағанда, Қазақстанда – 112,7 пайыз болған. Яғни, еліміздегі құрылыс саласы қарқынды дамуын одан әрі жалғастырған.

Бұл – жалпы құрылыс көрсеткіштері. Ал енді тұрғын үй салу жағдайына келсек, 2019 жылдың қаңтар-қазан айларында Арменияда – 138,3 мың, Қырғызстанда – 873,4 мың, Беларусьте – 2 млн 882,4 мың, Ресейде – 55 млн 123,6 мың шаршы метр тұрғын үй салынғанда, Қазақстанда 9 млн 795,7 мың шаршы метр үй салынған. Бұл бүкіл одақ көлеміндегі салынған үйлердің 14,2 пайызы Қазақстанның үлесіне ти­генін білдіретін жақсы көрсеткіш.

Жылжымайтын мүлік сауда-саттығы­мен айналысатын агенттіктердің мәлі­метіне қарағанда, былтыр елімізде пәтер сату және сатып алу операция­лары­ның саны 10 пайызға артқан. Яғни, жылжымайтын мүлік нарығы жандана түскен. Сарапшы мамандар бұл жан­данудың түпкі себебі ел эконо­микасының дамуы мен жастарға және халықтың әлсіз топтарына, бюджет қызметкерлеріне жеңілдікті несие беретін «Бақытты отбасы», «7-20-25» секілді әлеуметтік бағ­дарламалардың іске қосылуымен байланысты екенін айтады. Ал бұл бағдар­ламалар құрылыс саласының одан әрі қарқынды дамуына оң ықпал ететіні айқын.

Еліміздің әлеуметтік-экономика­лық дамуының жекелеген қорытынды­ларын салыс­тырмалы түрде зерттеп көру және Еура­зия­лық экономикалық одақ елдері аясындағы орнын айқындау мақса­тын­да Еуразиялық экономикалық комис­сия сайтындағы статистикалық дерек­терге назар аударғанымызда одақ құра­мындағы басқа елдермен салыстыр­ғанда Қазақстанда құрылыс саласының қарқынды даму үстінде екеніне көз жеткіздік. Оған мысал болатын деректерді жоғарыда келтірдік. Бұл деректердің рас екеніне дау жоқ. Өйткені бұл деректердің шындық екенін дәлелдеп, елімізде салынып жатқан құрылыстардың өзі сөйлеп тұрған жоқ па?! Егер Нұр-Сұлтан қаласына келіп, қаланың сол жағалауына барсаңыз, салынып жатқан көптеген тұрғын үй құрылысын көресіз. Осын­дағы жүз гектарға жуық аумақты алып жатқан Ботаникалық бақтың айналасында салынып жатқан үйлер қазіргі заман талаптарына сай сәулетті сәнімен назар аудартады. Міне, осы үйлердің көбі соңғы жылдары ғана тұрғызылды. Әлі салынып жатқаны қаншама. Ал бақтың өзіне келсек, оны Қазақстанның жерұйық мекендерінің бірі деп атауға болатындай. Мұнда жүз мың түпке жуық сәнді ағаштар отыр­ғы­зылған. Көпшілігі еліміздің әр өңі­рінде өсетін ағаштар. Енді бірі шетел­дерден әкелінген. Бақтың өзі самсаған шам­дар арқылы түні бойы самаладай жар­қырап жанып тұрады. Ортасында құс­тың қос қанаты бейнесіндегі жасанды көлі бар. Адамдардың демалуларына, ден­саулықтарын шыңдауына жақсы жағ­дай жасалған. Қыста мұз айдыны, сыр­ғ­анақтар жұмыс істейді. Жүгіретін, жүретін, велосипед тебетін жолдары және бар. Оны азсынсаңыз, бақтың бір жақ шетін ала үш бірдей үлкен спорт сарайы орналасқан. Он­да көптеген спорт түрлерімен шұғыл­дануға болады. Қысқасы, адам үшін қолай­лы жағдайдың бір жерде үйлесім табуы, қала мен табиғаттың дәл осылай астасуы әлемнің көптеген елінде кездесе бермейді. Сондықтан жерұйықты шетелдерден іздеп қажеті жоқ, бұл өз елімізде демекпіз.

Міне, осының бәрі жаңадан салынып жат­қан жаңа құрылыстармен, тұрғын үйлер­мен қосыла келе Нұр-Сұлтан қала­сы­­ның тартымдылығын одан әрі арттыра беретіні сөзсіз.

Біз бұл жерде бір ғана мысалмен шектелдік. Ал түркі әлемінің рухани орталығы Түркістан қаласында, табиғаты көркем, қысы жылы Алматы қаласында, облыс орталықтарында салынып жатқан құрылыстар қаншама?! Шымкент, Ақтөбе қалаларын одан әрі көріктендіру, агломерацияландыру да жоспарда тұр. Қалалар арасындағы жол және әуе қатынастары да жыл өткен сайын жақсарып келеді. Демек, Қазақстан құрылысы жуық маңда тоқтамайтынын, жаңа инфрақұрылымдар пайда болып, жаңа туристік орындар ашылып, осы негізде Қазақстанның көркейгелі тұрғанын болжауға болады.

Кез келген жас отбасы үшін үй салу, оны көркейту қаншалықты маңызды болса, тәуелсіз еліміз үшін де жаңа құры­лыстардың көбеюі соншалықты маңызды деп түсінеміз. Жас мемлекеттің жыртық-тесігі міне, осылайша бүтінделетін бо­ла­ды. Демек, құрылыс саласының дамуы Қазақстан үшін стратегиялық ба­сым­дықтардың біріне айналғанына жаңа деректер мен жанды мысалдар арқылы тағы бір көз жеткізгендейміз.