Контордан таяқ тастам жердегі клубтың қақ алдында ақ мәрмәрдан соғылған кеуде мүсіні тағы бар. Ауылдағы орта мектептің маңдайшасында «Оқы, оқы және оқы» деп жазылып тұрғанын айтпасақ та біліп отырсыздар. Біздің ғана емес, барлық ауылдарда кемінде бір Ленин менмұндалап тұратын.
«Күнкөсем» келмеске кетті. Алдымен суреттері жоғалды, ұрандары өшті, кейін ескерткіштері құлатылды. Алайда, кеңестік кезеңнен қалған ұраншылдық, постер-патриоттық қазір ерекше қарқын алғандай. Көшені айтпағанда, әлеуметтік желіде әлдекімдердің қасқайған суретін іліп, қасына «қанатты сөзін» жазып қою сәнге айналды. Бұрын жалғыз Лениннің, не болмаса бірінші хатшылардың бейнесі жарнамаланса, қазір облыс, қала әкімдері постердің персонажы болып шыға келді. Жоғары лауазымды тұлғалар жұмысты жапырып істеп, соған сай жарнамасы да жер жарып жатса, қуанар едік. Жоқ, жұмыс кейінгі кезекте қалып, пиардың аты озып кеткен жайы бар. Себебі әкімдердің де, басқалардың да рейтингі әлеуметтік желіде, БАҚ-тарда қанша рет есімі аталғанына қарап жасалады. Яғни, постерде патриоттың, іскер азаматтың образын жасап алудың маңызы зор.
«Қиярды да пиармен жейтін» заманда әркімнің атқарған жұмысын, аттап басқан қадамын жарнамалауы қалыпты құбылыс, әрине. Шындығында паблик рилейшнз, яғни PR технологиялар терең зерттеліп, тиімді қолданылса, қандай да бір адамға немесе мемекеге, біздің жағдайда мемлекеттік органдарға абырой әкеліп, тасын өрге домалататыны талай дәлелденген. PR-ды өнер деңгейіне жеткізген мамандар жоғары бағаланады, пиар технологияның үздік үлгілері топтастырылған кітаптар қолдан қолға тимейді. Өкінішке қарай, біздің қоғамда атқарылған жұмыстан бұрын жалаң жарнама жасау, онда да бәленшенің постерін тарату, патриоттық образын қалыптастыру белең алып кетті. Сәйкесінше PR туралы айтылғанда жұрттың есіне «арзан пиаршылар» түсетін болды.
Айталық, қандай да бір қалада қар күрелмей, халық омбылап, көліктер кептеліп қалса, ол проблеманы шешудің ең оңай жолы – әкімнің суретін жариялау. Әкім қар күрейтін техниканың немесе коммуналдық қызметкерлердің қасына барып фотоға түседі. Сосын суреттің жанына қалаға қанша қар жауғаны, қаншасы шығарылғаны туралы аз-кем дерек жазылады, сонымен тәмам. Құдай бетін аулақ қылсын деп айтайық, бірақ дәл осы тәсіл бір жерді су алса да, өрт шалса кәдеге жарай береді. Басқа лауазымға ауысқан әкімнің артында салынбаған жолдар, бұзылған көпірлер, жабылған зауыттар, аяқталмаған құрылыстар, тартылмаған су құбырлары, тозған ауылдар қалғаны проблема емес. Бастысы, постердегі жарқын образы қалуы керек.
Сенбілікке шыққан әкімдердің немесе министрлердің артынан бірнеше нөкері бірге шапқылап жүргені де қалыпты құбылыс. Фотограф пен мәтін теруші һәм SMM-маманнан жасақталған үштік әкімнің әлеуметтік желідегі жағымды образын жасаумен айналысады. Бұрын мектеп оқулықтарында Лениннің сенбіліктегі суреттері кездесуші еді. Біздің шенеуніктердің сенбілікте түскен фотоларына қарап отырып Лениннің идеясы өлмейді деген рас па деп қаласыз.
Постер-патриоттығымыз кейде күлкілі, кейде өкінішті оқиғаларға соқтырып жататыны бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын даңқты жерлесіміз Денис Тен қарақшылардың қолынан қаза тапты. Көп ұзамай Денис тұрған үйде естелік тақта ашылды. Салтанатты шара үшін әрине Денистің суреті бар баннер жасалды. Баннерге «Рухани жаңғыру» деген жазу жазылып, түрлі-түсті қыранның бейнесі салынды. Осы айналдырған 5-6 сөз бен 2-3 суреті бар баннерді жасаған компания 2 бірдей өрескел қате жіберіпті. Біріншіден, негізгі жазу тек орыс тілінде жазылып, қазақ тілі көлеңкеде қалды. Екіншіден, орысшасының өзін оңдырмай, «Олимпийских игр» деген тіркесте қате жіберіпті. Әрине Алматы әкімдігінің басшылары қатысқан шарада бұл назардан тыс қалмайтыны түсінікті. Артынша баннер жасаған компания халықтан кешірім сұрады, бірақ тек екінші қате үшін.
Қарап отырсақ, дамыған елдерде саясаткердің сөзі мен ісі үйлеспесе, оның саясаттағы ғұмыры да онша ұзаққа созылмауы әбден мүмкін. Ал Қазақстанда керісінше пиары келіскен, постердегі образы сәтті шыққандардың қызметі де өрлеп кетуі қалыпты құбылыс. Олай болса, постер-патриоттық жасасын деп ұрандаған жөн сияқты. Жұмыс сосын жасала жатар...