Аймақтар • 23 Қаңтар, 2020

Бесағаштықтардың берекелі бастамасы

187 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар бүгінде жергілікті халықтың ырысына айналуда. Сонымен қатар Жамбыл облысында қолға алынған өңір тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған жоба бүгінде өз нәтижесін беруде.

Бесағаштықтардың берекелі бастамасы

Ел Үкіметі қолдаған аталған жоба аясында өңірдің барлық ауданынан қанатқақты округтер таңдалып алынған болатын. Мұндағы мақсат – ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту. Нәтижесінде, ауыл тұрғындары мемлекет тарапынан берілетін тиімді несиеге қол жеткізіп, шаруаларын шалқытуда. Мәселен, Жамбыл ауданындағы Бесағаш ауылдық округінен 280 отбасы несие алуға өтініш берсе, қазіргі таңда 52 отбасының тиісті қаражатқа қолы жеткен. Олар бүгінде жо­баның екінші бағыты бойынша төрт түлік малын сатып алып, тірлігін тіктеуде. Сондай-ақ мем­лекет тарапынан несие алуға 72 бесағаштықтың құжаты мақұл­данып, бүгінде алатын қара­жатын күтіп отыр екен.

Бесағаш ауылдық округінің әкімі Бейбіт Ниғматуллаевтың айтуынша, округте 1336 үй бар. Ал атаулы жобаға 1176 аула тұрғыны қа­тысуға ниет білдірген. Бұл ауыл тұр­ғындарының ең­бек нарығына бейімділігін көр­сетсе керек. Жал­пы округтегі тұрғындардың 95 пайызы жобаға қатыстырылып отыр. Бірінші бағыт бойынша үй іргесіндегі жерді тиімді пай­да­лануға 29 миллион теңге қаржы қажет екен. Оның 23 миллион тең­гесін тұрғындар тұқымға жұм­самақ ниетте. Тыңайтқыш пен пестицидке жұмсайтыны тағы бар. Ал екінші бағыт бойын­ша 52 адам несие алған болса, оның 12-сі 38 миллион 750 мың теңгеге мал сатып алыпты. Бір ғана Түрксіб ауылының тұр­ғыны Рысбек Иманалиев «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қо­ғамы арқылы 4 миллион 980 мың теңге несие алып, Қаратөбе ауылындағы «Қылышбекова» жеке кәсіпкерлігінен келісімшарт негізінде 5 жылқы, 5 сиыр, 10 бас қой алған. Бұдан бөлек, мал­дың жем-шөбіне 830 мың теңге жұмсаған. «Бұл жоба үйінде жұ­мыссыз отырған азаматтар үшін игі бастама болды. Әрі өзіңді жұмыспен қамтисың. Сүт өнді­ріп, мал бордақылайсың. Үйіңе табыс кіреді. Қысы-жазы айна­лысатын шаруаң болады. Алған несиеміздің де пайызы төмен. Несиенің бір жыл каникулы тағы бар. Несиені бір жылда екі бөліп төлеу де біз үшін тиімді. Шаруа адамға бұдан артық қан­дай қолдау керек. Жақында сатып алған сиырымның алды бұзаулап, аузымыз аққа ілінді. Енді артылған сүтті округте жа­­­ңа құрылып жатқан ауыл ша­руа­­шылығы кооперативіне өт­кі­зуді жоспарлап отырмын», дей­ді шаруа. Мемлекеттің бұл қол­дауына ризашылығын біл­дірген тұрғын енді сүт өндірумен қа­тар, жылқы мен мүйізді ірі қа­раны бордақылауды табыс көзі­не ай­налдырмақ ниетте екенін жеткізді.

Жалпы, бүгінде жұмыстың жоқтығын немесе тағы да түр­лі сылтауларды айтып, жалқау­лыққа бой алдырғандар көп. Ал мемлекет тарапынан жасалып отырған бұл қамқорлық тірлікті тіктеудің, шаруаны шал­қытудың тиімді жолы. Жуырда ғана ауылдан «Іске сәт» ауыл ша­руашылығы кооперативі құрылып, өз жұмысын бастап та кетіпті. «Ауылда төмен пайызбен несие алып, мал ұстауға ниет білдірушілердің қатары қалың. Қазірдің өзінде жеке кәсіпкерлігін ашып, «Тараз» әлеуметтік кәсіп­керлік корпорациясынан» несие ресімдеп, оған мал сатып алғандар бізге мүше болып кіруде. Алдағы уақытта олар өндірген сүт пен ет өнімдерін біз арқылы нарыққа шығаратын болады. Бүгінде кооперативке 108 жеке кәсіпкер тіркеліп үлгерген», дейді кооператив директоры Қадіржан Дөненбаев. Кооператив штатында ветеринар, агроном, есепші мамандары жұмыс істейді екен. Бұдан бөлек, кооператив басшысы алдағы ақпан айында 100 миллион 700 мың теңгеге 3 трактор, 1 комбайн, 23 тіркемені кооператив атынан 5 пайыздық жеңілдікпен лизингке алғалы отырғанын айтты. Аталған техникалар кооператив мүшелерінің жер жыртып, егін жинап, шөп орып алуына үлкен мүмкіндік жасамақ. Сонымен қатар кооператив өз мүшелерінің өндір­ген өнімін қабылдап, облыс тұтынушыларына делдалсыз өткеріп отыруды да қолға алыпты. Облыстық тұтынушылар коопе­ративінің сұранысын орын­дау да олардың міндетіне кіреді екен. Бұл бірінші кезекте бақша өнімдерін, сүт пен ет өндіру­шілер үшін тиімді болып отырғанын айтады. Енді олар бұрынғыдай өндірген өнімін саудалау үшін алыпсатарлардың арбауына түспейтін болады.

Негізінен Бесағаш ауылының тұрғындары диқаншылыққа да бейім. Жергілікті жұртшылық мал бағумен қатар, диқаншылық кәсіпті де қолға алған. Мұндағы диқандардың дені алқаптарға гектарлап сарымсақ, пияз, сәбіз бен көкөніс егеді. Мәселен, Бесағаш ауылының тұрғыны Әсет Сапиев қарияның баптап отырған аздаған алма бағы бар екен. Бұдан бөлек, тұрғын «Іске сәт» ауыл шаруашылығы кооперативімен келісімшартқа отырып, үй іргесіндегі 10 сотық жерге тұрып екпек ниетте екенін жеткізді. «Тұрып 80 күнде пісетін дақыл. Тұқымын наурыздың аяғында сепсем, мамыр айында одан өнім жинауға болады. Ал сәуірдің басында қырық­қабат­­тың да тұқымын сеуіп қоямын. Нәтижесінде, мамырда қырыққабаттың көшетін сатамын әрі өз шарбағыма да көшеттеп отыр­ғызамын. Осылайша 10 сотық жердің өзінен-ақ бір мез­гіл­де екі өнім жинауға болады», дейді Әсет Сапиев.

Шағын ғана ауыл бүгінде шаруасын шалқытып, төрт түлік мал мен жер арқылы ырысқа кенеліп отыр. Мемлекет қолдауына дән риза болған бесағаштықтар ал­дағы уақыттарда кәсіптерін бұ­дан да кеңейтіп, мол өнім ал­мақ ниетте. Ауыл ақсақалдары жастар­ды да кәсіпке баулып, бар біл­генін оларға да үйретіп келеді.

 

Жамбыл облысы