Қоғам • 23 Қаңтар, 2020

Жыл сайын 100 вагон жаңартылады

169 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Нұрлы жол» вокзалына Беларусь Республикасының Гомель қаласында күрделі жөндеуден өткен жолаушылар вагоны таныстырылды.

Жыл сайын 100 вагон жаңартылады

«Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Михаэль Кортюмнің айтуынша, ескі вагонды жөндеу кезінде тұтас металл шанақ пен қаңқасынан басқа бөлшектердің бәрі толықтай жаңартылды. 

«Беларусьте күрделі жөн­деу­ден өткен жолаушылар вагон толық жаңартылып, купе вагонынан плацкарт вагоны жасақталды. Вагон ішін­де енді  бейнебақылау, конди­ционер жүйесі, әрбір жолаушының отыратын орнында қуаты 220В-тық электр нүктесі, жол­серікті шақыруға арналған сиг­налды түймеше, таза су ку­лері, тоңазытқыш пен қысқа тол­қынды пеш орнатылды», деді бас директор.

Компанияның даму стра­те­гия­сының маңызды бағыт­тарының бірі – жолаушылар вагондарының тапшылығын шешу. Осы орайда «Жолаушылар тасымалы» АҚ вагондардың санына ғана емес, сапасына да көңіл бөледі. Қазіргі уақытта ескі вагондарды жөндеу кестесі әзірленген.  Вагон паркін кезең-кезеңімен жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жыл сайын вагондар 100 бірлікке дейін жаңартылмақ.

Жалпы 2016-2019 жылдар ара­лығында 269 вагон сатып алынды. Оның ішінде өткен жылы «Тұлпар» ЖШС вагон жасау зауытының Ресей технологиясы бойынша құрастырылған 91 жаңа вагоны бар. 2020 жылы «Тұл­пар» ЖШС-нен 118 вагон сатып алу жоспарлануда. Оның 18 данасы – 2020 жыл­дың
1 тоқсанында, ал қалған 100 данасы 2020 жылдың 4-ші тоқ­санына жоспарланған.  Сондай-ақ қызмет көрсету мерзімін ұзар­ту үшін 85 вагонды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта ұлттық тасы­малдаушының вагон паркі 2200-ден асады, оның ішінде «Тұлпар-Тальго» вагондарының саны 670.

Айта кетерлігі, бір вагонды күрделі жөндеуден өткізу 148 млн теңге тұрады. Ал  жаңа жолаушы вагонының құны – 400 млн теңге.