Сондай-ақ денсаулық сақтау өкілдері Қытай жаңа жылында берілетін бір апталық демалыста қала халқын саяхаттамауға шақырды.
Қытай шенеуніктері бейсенбі күні Уханьнан келген барлық рейстер мен жолаушылар поездары тоқтайтынын мәлімдеді. Автобус, метро және паромдар жергілікті уақыт бойынша 10.00-ден бастап жұмыс істемейді.
Синьхуа мемлекеттік ақпараттық агенттігі қаланың туристік жерлері мен қонақ үйлеріне ірі ауқымды іс-шараларды тоқтата тұру туралы тапсырма берілгенін хабарлады. Ал кітапханалар, мұражайлар мен театрлар көрмелер мен қойылымдардың болмайтынын мәлімдеді.
Індет белгілері Қытайдан бөлек АҚШ, Таиланд және Оңтүстік Корея елдерінде де тіркелген.
Соңғы деректерге сенсек, вирусты жұқтырғандар саны 500-ден, ал індеттен көз жұмғандар саны 17-ге жеткен. Адам өмірін жалмаған жағдайлар Ухань қаласының маңындағы Хубей провинциясында болған.
Мамандар 2019-nCoV деген атпен белгілі вирусты бұрын соңды адамда байқалмаған коронавирустың жаңа түрі деп отыр. Әдеттегі суық тиюмен қатар, 2000 жылдардың басында әлем бойынша 800-ге жуық адамның өліміне себеп болған Sars вирусы да осы коронавирустың бір түрі.
Сонымен қатар, Женевадағы кездесуден кейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің әзірге жаңа вирусқа қатысты «жаһандық төтенше жағдай» жарияламайтыны белгілі болды.
Ұйымның бас директоры Тедрос Гебрейесус инфекцияның таралуы туралы қосымша ақпарат қажет екенін айтты. Денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар комитеті бейсенбі күні тағы да жиналады.
Жаһандық төтенше жағдай – бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялай алатын дабылдың ең жоғары деңгейі. Осыған дейін шошқа тұмауы, Зика вирусы және Эбола індеттері тараған кезде жарияланған.