Үкімет • 23 Қаңтар, 2020

Пекинге қазақстандық сиыр етінің алғашқы партиясы жеткізілді

249 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚХР астанасы Пекиндегі «Синьфади» ауыл шаруашылығы өнімдерінің халықаралық көрме орталығында жетекші қазақстандық компаниялардың жоғары сапалы мұздатылған өнімінің бірінші партиясын жеткізуге арналған ресми шара өтті. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Пекинге қазақстандық сиыр етінің алғашқы партиясы жеткізілді
Салтанатты рәсімге Қытай Министрлер Кабинетінің, Пекин қалалық Үкіметінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының СІМ мен Қазақстан Республикасының АШМ өкілдері қатысты.

Бұл оқиға Қазақстан мен Қытайдың ветеринариялық қызметтерінің үлкен және үйлесімді жұмысы болды. 2018 жылғы 7 маусымда Пекинде қазақстандық сиыр етін экспорттау үшін нарықты ашу бойынша табысты келіссөздер нәтижесінде хаттамаға қол қойылды. 2019 жылдың сәуірінде Ветеринарлық сертификат келісіліп, ал келесі айда ҚХР Бас кеден басқармасы төрт қазақстандық кәсіпорынды сиыр етін Қытайға экспорттау құқығы бар тізімге енгізді. Қытай нарығына өнім экспорттау мүмкіндігі ашылғаннан бері қазақстандық компаниялар 4,5 мың тоннаға жуық сиыр етін жеткізді.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр етін Қытайға экспорттауға құқығы бар қазақстандық кәсіпорындардың тізімін кеңейту бойынша жұмыстарды жалғастыруда.