Қазақстан • 23 Қаңтар, 2020

Бейбіт күндегі қазаға кім кінәлі?

187 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі күні адам өлімі мен қазасының ең жоғары көрсеткіші жанды қинаған ауыр дерттер мен аурулардан емес, жол-көлік оқиғасы салдарынан тіркеліп отырғаны өкіндірмей қоймайды. Бұған кім кінәлі? Осы өзекті өртейтін мәселе жөнінде екі-үш ауыз ой-пікір қозғағанды жөн көрдік. Рас, табиғатта әр түрлі ауа райы болып тұрады. Оның қары мен бораны, мұздағы мен көктайғағы бір-бірімен алмасып келіп жататыны да табиғи жайт. Мұндай кездерде автокөлікпен жолға шығу аса қауіпті екеніне ешкім талас туғыза алмайды.

Бейбіт күндегі қазаға кім кінәлі?

Мұндай кездерде полицияның басты магистралдық трассаларды жабу жөнінде шешім шығаруы құптауға тұрарлық іс. Осы арқылы болуы мүмкін жол-көлік оқиғаларының алдын алуға болатыны анық. Солай дей тұрсақ та, күн жылы кездің өзінде жол үстіндегі қозғалыс құралдарының бір-бірімен қақтығысып-соқтығысып, түйісіп жатуы қатты қынжылыс туғызады.

Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, жүргізушілердің трассада автокөлікті белгіленген жылдамдық шегінен әлдеқайда асырып айдауы себепші болса, екіншіден олардың автокөлік жолағының қарсы жақ бетіне шығып кетуі де қайғылы жағдайларға әкеліп соқтырып жүр. Сондай-ақ көлікті мас күйінде жүргізу көріністері де жол-көлік оқиғалары санының артуына теріс әсерін тигізіп келеді. Сондай-ақ қалалар мен ірі елді мекендерде балалардың қатысуымен және жаяу жүргіншілердің ағызып келе жатқан көлікті көре тұра рұқсат етілмеген аралықтан жолды кесіп өтуге ұмтылуы да қайғылы статистиканың санын көбейте түсуде.

Айталық, өткен 2019 жылы Ақтөбе облысында жоғарыда атап көрсетілген жағдаяттарға байланысты 130 мыңға жуық жол жүру ережелерін бұзу фактісі тіркелген екен. Оның осындай астрономиялық деңгейге жетуіне бұған дейін автомобиль жүргізу құқынан айырылған, соған қарамастан арақ ішкен күйінде көлікке қайта отырғандардың қосқан үлесі де жеткілікті болып отыр.

Сонымен бірге ауданаралық және облысаралық бағыттарға жүретін жекелеген такси және автобус иелерінің бүкіл жол бойына ұялы телефон арқылы басқа біреулермен өте жиі әрі ұзақ сөйлесуі де кездейсоқ жағдайларға тап келтіруде. Сонда олар көліктер ерсілі-қарсылы ағылған трасса үстінде келе жатып өздеріне клиент іздейтіндеріне куә бола аламыз. Олардың мұндай салғырттығы мен өзімшілдігінің кесірі салон ішіндегі жолаушыларға тигеннен артық қандай өкініші бар дерсіз.

Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстановтың айтуынша, былтыр облыс аумағындағы жолдарда 870 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 110 адам қаза тауып, 1173 адам ауыр және орташа деңгейде жарақаттар алыпты. Өңірдің бас полицейінің ой-тұжырымына сайсақ, бейбіт күн мен бейбіт кезде бұл өте жоғары сан болып табылады екен.

Соңғы жылдары елімізде автожол құрылысы кеңінен қарқын алып, республикалық және жергілікті деңгейдегі бұрынғы аты бар да заты жоқ ойқы-шойқы жолдар тақтайдай түзу күйге енгені, әрине, өте сүйінішті жайт. Соны малданып автокөлікті тым тез ағыза айдау жол-көлік оқиғасының басты себепшісі болып жүргені жоғарыда айтылды да.

Екіншіден, тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығы тұсында бірқатар облысаралық автожолдың белгіленген стандарттар мен нормативтерге сәйкес салынбағаны да бүгінгі көтерілген мәселені күрделендіре түсуде. Ең алдымен аталған жолдардың енінің өте қысқа болуы жол-көлік оқиғасының тыйылмауына себепші болып отыр. Мұның басты бір мысалы Орал-Атырау трассасы десек қателесе қоймаспыз. Мүнда екі жүк көлігі бірімен-бірі бетпе-бет келе қалғанда әрең сыйып, сығылысып өтетіні ешкімге де құпия емес.

Мұндағы жол қозғалысы өте тығыз. Бұлай болуының себебі, аталған автотрасса Орал-Атырау деп аталғанымен бұл жол арқылы ақтөбеліктер және Батыс Қазақстан облысының оңтүстік өңірде орналасқан Ақжайық, Казталов, Жаңақала, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының тұрғындары да жүреді. Атап өтерлік жайт, ақтөбеліктер Атырауға Орал қаласы арқылы қатынайды. Өйткені Ақтөбе мен Атыраудың арасында автомобиль жолы жоқ. Оның құрылысы тек өткен жылы ғана басталды.

Сондай-ақ Ресейдің Самара мен Саратов және Орынбор қалаларынан ел арасында «мұнайдың астанасы» атанған Атырау қаласына іскерлік қарым-қатынастар тұрғысынан сапар шегушілер де аз емес. Бұл трассаның бойында бұрмалар мен бұрылыстар өте көп. Сақтық пен сергектіктің қажеттілігі де осында. Жол-көлік оқиғасы дәл осы тұстарда болып жүргені де мәлім.

Ұзын сөздің қысқасы, бүгінгі күні Орал-Атырау трассасын қайта жаңғыртып, оған күрделі жөндеу қажеттілігі туындап отыр. Оған жұмсалатын қаражат көздері әлеуметтік тұрғыдан болмаса да, стратегиялық тұрғыдан өзін өзі ақтай алары анық. «Сақтансаң, сақтармын» демей ме дана халқымыз. Осы халықтық қағида ұдайы назарда болса, бейбіт күнде қаза тапқандар мен жарақат алғандардың қатары азая түсетініне шек келтіре алмаймыз.