Сұхбат • 24 Қаңтар, 2020

Құрмаш Маханов: Зиялы өнер тойда тумайды

3373 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әнші Құрмаш Маханов­ты әуезді әндері арқылы ел жақсы біледі. Эстра­далық музыканың есті орындаушысы ретінде көкірегі ояу көрер­мен көңіліне берік бекіген өнер иесін, рас, соңғы уа­қытта әншілер бас қосар дулы орта, концерттерден көп көрмей кеттік. Сөйтсек, дабыра-дабылдан алшақ кетіп, үнсіз ғана өнер тудырудан жа­ны рахаттанып, көңілі шабыт алатын талғампаз жан «Анаға арнау» ат­ты жеке концертіне қызу дайындық үстінде екен. Уақытының тығыз­ды­ғына қарамастан, қона­ғына төр ұсынған әнші өнер жайлы ойын ортаға салды.

Құрмаш Маханов: Зиялы өнер тойда тумайды

– Соңғы уақытта ән әле­мінен көрінбей кеттіңіз. Қазір қайда жүрсіз?

– Міне, өзің көргендей, қазіргі бар ойым да, уақытым да осы концертте. Күн, түн де­мей дайындалып жатырмыз. Ән жазамын. Одан бөлек ком­позиторлығым бар. Жалпы, өнер деген тыныштықта туады ғой. Табиғатым әсіре жарқ-жұрқты көп ұната бермейді. Тыңдармандарды қуантатын шығармашылық жаңалығың болмаса, орынды-орынсыз көріне беруді құп көрмеймін. Бірақ өнерден қол үзген жоқпын. Шығармашылығым буырқаныс үстінде. Жаңа ән жазып, оны орындаудан бөлек, осылай жылына бір рет жанды дауыста жеке шығармашылық кешімді өткізуім де өмірімнің өнермен біте қайнасып кеткендігін танытса керек.

«Неге көрінбей кеттіңіз?» деген сұраққа келсем,  мен бір-ақ нәрсе айта аламын. Қазіргі кезде ақпарат құралдары нені көбірек жарнамаласа, соның танымал болуы жаңалық емес. Яғни қандай әншінің жарнамасы көбірек болса, сол танымал. Егер бұл жердегі танымалдылық ақша табу мақсатындағы таны­малдылық болса, онда ол маған қатысты емес. Менің өнердегі мақсатым да, мұратым да басқа. Ол – халық жүрегіне жететін шынайы өнер тудыру. Ал жалпы «шақырған жерден қалмайтын, шақырмаған жерге бармайтын» нағыз қазақы түсініктегі адаммын. Ол өнеріме де қатысты.

– Тойға шығасыз ба?

– Жоғарыдағы ұстанымыма адал­мын. Шақырса, тойға да ба­рып тұрамын. Мен де қазақ­пын ғой. Әндерімнің дені би­лей­тін емес, лирикалық, ой­лы, философиялық сарында бол­ған­дықтан, негізінен тойдың бас жағында өнер көрсетемін. Көбінесе үлкен кісілер сұрап жатады. Тойдың да өз қызығы бар шығар. Бірақ сахнада өнер көрсеткенге ешнәрсе жетпейді. Зиялы өнер тойда тумайды.

– «Анаға тарту» деп аталатын бұл концертіңіздің ерек­ше­лігі неде? Көрерменді немен таңғалдырмақсыз?

– Ең басты ерекшелігі – әри­не, концерттің толықтай жан­ды дауыста өтетіндігінде. Одан бөлек бұл кеште халық ән­дері мен романстар орындала­ды. Құрмаш осы уақытқа дейін таза эстрадалық әнші бол­ған­нан кейін, халық әндерін орындауға көп бара бермейтін. Жүрек­сінетін. Былтыр көктемде өткен концертімде «Гауһартасты» айтып, байқап көрдім.  Халық керемет қабылдап, қайыра сұрады. Содан кейін: «Ойпырай, ә, қо­лым­нан келеді екен ғой» деп, осы жолғы концертіме халық ән­дерін көбірек қостым. Одан бөлек, Абай атамыздан бастап, Ақан сері, Сәкен Сейфуллиннің де әндері, романстар мен өзімнің шығармашылығымнан халық сүйіп тыңдайтын бірнеше ән орындалатын болады.

– Кешіңіздің атауы ерекше екен...

– «Анаға арнау» – менің көптен бері ойымда жүрген жо­ба еді. Өкінішке қарай, біз ана­ларымызды тек 8 наурызда ғана есімізге түсіріп жатамыз. Жеке өз басыма сол 8 наурыз аса ұнай беретін дата емес. Мүмкін тарихына мән бере­тін­дігімнен шығар. Ал шындап келгенде, аналарымызды, әпке-қарындастарымызды, жал­пы әлемдегі әйел атаулыны күнде бағаласақ артық емес. Бірін­ші себебі – осы. Екіншіден, «Қазақстан» орталық концерт залында өтетін кешімді «Анаға арнау» деп атап, оны  27 қаңтарға қойғаным – бұл күн менің дүние есігін аш­қан күнім. Бірақ биыл «Бүгін менің туған күнім, ой пәле-ай» деп думандатқым келмеді.  Ма­ған өмір сыйлаған анамды еске алып, сол арқылы әлемдегі бар­ша анаға бас иіп, құрмет көр­сетуді ойладым. Өзгенің әнін орындап жүргеніммен, көзі тірісінде анама арнап композитор ретінде ән жазбаппын. Өмір­ден өткен соң кеудемді сағыныш пен өкініш қатар шарпып, жарты жылдан кейін  ән-романс туды. Оны бүгінге дейін Дәурен Сейіт­жанов айтып келді. Әлі де айтып жүр. Осы концертте сол әнді өзім орындаймын. Ол күні сыйлық күтпей, керісінше елге сыйлықты мен жасағым келеді. Бір сөзбен айтқанда, бұл концерт – менің анама деген перзенттік сағынышым.

– Бүгінде әншілігіңізге қа­ра­ғанда сазгерлігіңіз жиі ата­­лады. Композиторлыққа қа­лай келдіңіз?

– Ең алғашқы әнім 1989 жылы актерлік факультетке оқу­ға түскен жылы жазылды. Со­дан бері де біраз ән туды. Бірақ, оған аса бір мән бермедім. Со­дан бір күні  ұстазым Бағлан Ома­ров тыңдап көріп: «Әндерің тәп-тәуір екен. Неге жарыққа шығармай сақтап жүрсің?» деді. Композитор ағамның сол сөзінен кейін іштей сенімділік пайда болып, ән жаза бастадым. Алайда мен өзімді сазгер­ден бұрын ең әуелі әншімін деп білемін. Аллаға шүкір, ән­дерім­ді сұрайтын әншілер өте көп. Талайы орындап та жүр.

– Композиторлық қоры­ңыз­да қанша ән бар?

– Нақты санаған жоқпын. Шама­мен 100-ге жуықтап қала­ды.

– Ән дегенде, оның сөзі де қатар айтылады ғой. Бұл тұр­ғы­дан келгенде талғамыңыз, сауат­­тылығыңыз көп ішінен дараланып тұрады...

– Рахмет. Ол енді кез кел­ген өнерпаздың білімі, ішкі ин­­теллектісіне байланысты дүние шығар. Мен көзімді ашып, есім­ді білгелі кітаппен дос болдым. Орыс мектебінде оқы­­ған­дықтан, оқушы кезім­де Пуш­кин, Лермонтов, Толс­той, Дос­тоевский сынды қалам­гер­лердің әдеби мұрасын жас­тана оқыдық. Кейін қазақ әде­биетіне көштік. Орысша бі­лім алғаннан кейін, қазақ тілім өте нашар болды. Сол олқы­лықты жойып, тіл сындыру үшін 2000 жылдары қазақ әдебиетін көп оқыдым, нәтижесінде қазақ тілінде таза сөйлеп қана қоймай, сөздің көркемдік қуатын ұғатындай деңгейге жеттім.  Кітап оқыған адам, өзі жазбаса да, шын өнер мен арзанқол дүниенің ара- жігін тани біледі деп ойлаймын. Ән – идеология десек, ән­ші ретінде біздің мойнымызда үлкен жауапкершілік тұр. Соны сезіне білген адам арзан, жеңіл дүниеге бармайды деп ойлаймын.

– Қандай ақындармен шы­ғар­ма­шылық байланыстасыз?

– Ойымды оқып, күйімді се­зетін ақындардың қатарында Қалқаман Сарин, Серікзат Дүй­сенғазин, Асқар Дүйсенбі, Аман­­жол Әлтай, Талант Арғын­ғали, Нәзира Бердалы, Мұрат Есжан сынды ақындар бар. Негізі Нәзира Бердалы мен Мұрат Есжан менің ойымды өзім сияқты тоқып, бірден жа­зып бере қояды. Олардың мәті­ніне «Мына жерін былай өзгерт-­сек» дейтін жағдайлар сирек болады. Сазгер үшін бұл өте маңыз­ды.

– Сіздің біраз уақыт шетел­­де болып келгеніңізді білеміз...

– Иә, бір жылдан аса Мысыр­ға барып, араб тілін оқып келдім.

– Араб тіліне деген қызығу­шылығыңыз ислам дінімен байланысты ма, әлде таным ке­ңейту мақсатында туды ма?

– Екеуі де бар. Әрине, бі­рін­ші орында Құран Кәрімді түп­нұсқада оқуға деген талпыныс тұрды. Одан кейінгі кезекте жаңа бір тілдің табиғатын ұғу­ға деген ұмтылыс болды. Жал­пы, маған араб тілінің фонетикасы ұнайды. Әуезі құлағыма жақ­ты. Сондықтан да шетке шығып, араб тілін жергілікті тұрғын­дармен тілдесу арқылы үйренуге бел будым.

– Нәтижесі қалай?

– Жаман емес. Әрине бұдан да жетік білуге болар еді. Уақыт тапшы болды.  13 айдың тек 8 айын ғана оқыдым. Сондықтан аса бір үлкен жетістікке жеттім деп айта алмаймын. Бірақ сауатым бар, араб тілін бір кісідей түсінемін.

– Кей адамдар өнерден ал­шақ­тап кетуіңіздің сырын дін­ге бет бұруыңызбен бай­ла­ныс­ты­рып жүр. Бұл қанша­лық­ты қи­с­ынды?

– Бұл біржақты түсінік деп ойлай­мын. Менің жинаған ақпа­раттарыма, түйген біліміме сен­сек, дін адамды алға жетеле­месе, кері итермейді. Дін – шек­теу немесе тыйым салу емес. Дін – жүректегі тазалық. Адам­ның иманы күшейген сайын ол ха­лыққа ашық болады. Мен өз ұс­танымдарыма сай еңбек етіп жүрмін, соған сай дүниелерді шырқаймын. Менің орындауымда ессіз әндер жоқ. Әрине тойға арналған әндерім бар. Бірақ сол әндердің өзін қазақтың дәстүрінен алыстатқан емеспін.

– Бүгінгі қазақ эстрадасы дегенде ойыңызға не оралады?

– Өзіміздің күміс көмей, жез таң­дай әншілеріміздің дауы­сы, әрине. Иә, бүгінде қа­зақ эс­традасына қатысты түр­лі пі­кір айтылып жүр ғой. Бі­рақ түбегейлі жоққа шығару немесе іске алғысыз етіп тас­тау, меніңше, әділетсіздік. Қа­зақ эстрадасының аяқ алысы жаман емес. Талантты әншілер көп. Сондықтан ондай біржақты пікір­лерге қарсымын.

– Димаш Құдайберген есімі ән әлеміне шыққалы бері қа­зақ эстрадасын «Димашқа дейін» және «Димаштан кейін» деп екіге бөліп жүр. Бұған сіз не дейсіз?

– Бұл нәрсені екіжақты қарастыруға болады. Қазақтың, ежелден келе жатқан сал-се­рі, керемет ақын-жазушы, жыр­шы­ларымыздың, Әміредей ән­шілеріміздің адамзатқа қал­дырып кеткен өнері туралы айтар болсақ, онда Димаш бұл құбылыстың басы емес. Және соңы да болмағай.  Ал енді бүгінгі күн өлшемімен түй­сек, рас, Димаш – өнердің дең­гейін жаңа биікке көтерген талант. Күллі әлемге қазақ әнін шыр­қаттырып қойған дүлдүл дарынға мұндайда қалай бас имессің?!

– Шәкірт тәрбиелейсіз бе?

– 2019 жылдың қыркүйек айына дейін колледжде музы­ка пәнінен мұғалім болып жұмыс істедім. Бірақ кейін шығарма­шылығымның баяулағанын сезіп,  әншілігіме көңіл бөлу мақсатымен «Қазақконцерт» бірлестігіне әнші болып кел­дім. Мақсатты түрде шәкірт тәр­­биелемесем де, колледжде оқы­ған студенттерім жиі хабарласып, кеңестерін сұрап тұра­ды. Одан бөлек эстрадада жүр­ген біраз жастар келіп, ақыл-кеңес алып жатады.  Қолым­нан келгенше сол жастармен шығармашылық бай­ланыс орнатуға, кәсіби кеңе­сімді беруге тырысамын. Егер соларды шәкіртім деп атауға болса, онда – иә.

 

 Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»