Руханият • 24 Қаңтар, 2020

Әжелер мектебі

3467 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бала тәрбиесіндегі қазақтың бір озық үлгісі – әже мектебі еді. Қазір ол жойылудың аз-ақ алдында тұр. Тіпті «әже» деген жаныңа жақын аяулы атаудың өзі де көп жағдайда жалпыға ортақ «апаға» ауысқан.

Әжелер мектебі

Ал бірақ, әже тәрбиесін көрген азаматтарды анадайдан танисың. Ең басты ерекшелігі сол, ондай жан барын­ша бауырмал болады. Өйткені әжесі ондай баланы көбінесе құшағына алып, қашан көзі ілінгенше айналып-тол­ғанып, бойын­дағы бар жылуын беріп, бауы­рына басып жататын. Осын­­дай қамқорлық көрген соң өрен мей­і­­рімді болып өсетін. Қолындағы ойын­­шы­ғын, тәттісін біреуге беруге ты­рысатын.

Өзіміз әже мектебін көргендерді дәл осы – бауырмал мінезінен танимыз. Қандай қызметте, қандай лауа­зымды атқарып жүрсе де әже мекте­бінен шыққандар бойындағы айрық­ша жы­лы­лығынан кімнен тәр­бие алғанын біл­діріп тұрады.

Шешелер қанша талапшыл болса, әжелер соншалық жұмсақтық көр­­сететін. «Осыдан бала бүлініп кетеді» де­ген түсінік білместіктен туған. Өрке­ниеттің өріне шыққан жа­пондар да бөбектерін бес жасына дейін еркелетіп, не істесе де біздің әжелеріміз сияқты бетінен қақпайды екен. Содан жапонның балалары артық болмаса кем болған жоқ. «Баланы бес жасқа дейін патшаңдай күт, 5-тен 15-ке дейін құлыңдай жұмса, ал 15 жастан кейін құрбыңдай көр» деген даналық солардан шыққан. Әрине, еркелетудің де жөні бар, ешкім де шектен шығарып жібермейді. Әжелеріміз де солай болатын, есті ерке болсаң – бетіңнен қақпайды, ал ессіз болып бара жатсаң, ақ таяғы арқаңнан сарт ете қалады...

Жапондар бөбектің еркелеп, еркін ойнап-күлгенін қалайтыны – олардың өмірді өздігінен танысын дегенге сая­ды екен. Еркіндікте бәрін де өз қолымен ұстап, өз көзімен көрсін, сонда алған әсері мол болады, танымы зор болады деп санайтын көрінеді. Ал он беске келген баланы олар толық, дербес адам деп санайды. Қазақ та «он үште отау иесі» демейтін бе еді? Әжелеріміз де осы кезден үй иесі болуға үндеп, сенім білдіріп, келін әкелгеннің, қызық көрсеткеннің, бөпе сүйгеннің қызықтарын әңгімелеп отыратын еді ғой.

Баланың ерте дамып, есеюін қаз­ір ғылым да жетістікке санайды. Даму­дың жолына ерте бастан түсу керек­тігін де алғаш ұсынған халық­тар­дың бірі жапондар екен.

Ұзақ жылдар орыстың ықпалында болып, солардың тәрбиелік салттарын бойымызға сіңірген біздің көптеген замандасымыз әже мектебінен кеміс­тік таппаққа тырысады. Баланы ерте есейтуді де ондайлар қателік санап, үлкендердің әңгімесін естіртпеуге, үйдегі үлкен-кішілі проблемалардан алыс ұстауға тырысады. Бұл жа­с­­­өс­­пірімді сол балалық қалпында қал­дырып, ештеңеден хабарсыз, тек ата-анасы айтқан әңгімелерге ғана малдануға үндейді. Бұдан баланың өмірге деген көзқарасы дами алмай қалады. Әрине қазіргі, интернет қолына еркін тиген бала өмірдің барлық қырларын өзі көреді. Бірақ соның бәрі әженің әңгімесі сияқты жұмсақтықпен, жылылықпен емес, дөрекілікпен, рақымсыздықпен жетіп, баланың санасын қатыгез, мейірімсіз қылып қалыптастырады. Ондай балалардан кейін не шығатынын көріп жүрміз. Тіпті қылмыстық жол­ға түс­пей, университетке түсіп оқы­ған болса да кейін маман болып шық­қанда, бастық болып отырғанда бо­йын­да жылылық, адамгершілік жоқ екені көрініп қалады. 

Қанша пайдалы болса да, қанша тиімді болса да әжелер мектебін қай­тадан қалпына келтіру оңай емес. Ол үшін аналардың өзі әже болуға тәр­биеленуі, тырысуы керек. Әрине, қазіргі әжелер Мұқағали айтқандай, ақ кимешек, мәсі кимей-ақ қойсын, бірақ әженің ұлағатын бойына сіңіріп, пайдалы қасиеттері мен тәрбиесін алуына болады. Арнайы зерттеп, әжелер мектебінің озық үлгілері мен тиімді тұстары теріліп кітаптар жазылса, ең­бектер жарық көрсе, сосын қазіргі апа­лар арасында курс­тар жүргізілсе, ондаймен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар пайда болса – әжелер мек­тебінің қайтадан ашыл­майтын несі бар? Ол біздің Рухани жаңғыруымызға да қосылған үлес болмас па еді?