Қоғам • 24 Қаңтар, 2020

Мал ұрлағандар қатаң жазаланады

960 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысы Тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қайрат Қасымбеков бастаған бір топ мамандар 11 қаңтардан бастап күшіне енген Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер мен қосымшалар туралы журналистерге түсінік берді.

Мал ұрлағандар қатаң жазаланады

Соның ішінде «Есірткіні на­си­хаттағаны немесе заңсыз жар­намалағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілейтін жа­ңа 299-1-бап енгізілгені туралы айтылды. «Баптың бірінші бөлімімен аталған қылмыс үшін үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Егер бұл қылмыс адамдар тобымен, бірнеше рет бұқаралық ақпарат құралдарын немесе электронды ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып білім беру ұйымдарында, сондай-ақ адамдар көп жиналатын объектілерде жасалса, 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», деді Қ.Қасымбеков.

Есірткіні қолдану емес, көп­шілік орындарда жар­нама­лағаны үшін ғана осыншалық қатаң жаза қолданылатыны оның қасіретінің халық арасында артып кеткендігін көрсетеді. Өткен жылы Петропавлда көпқабатты үйлер мен өзге де үй-жайлардың қабырғаларына есірткі граффи­тилерін жазған төрт адам ұстал­ған екен. Бірақ оларға тек ұсақ бұзақылық жасағандары үшін деген жаза берілген, сөйтіп әкім­шілік жауапкершілікке тартылыпты. Енді осындай қылмысқа барушылар бас бос­тандығынан айырылатын болған.

Сонымен қатар тергеушілер Қылмыстық кодексте мал ұрлы­ғы үшін берілетін жазаның кү­шейтілгенін жеткізді. Бұл қылмыс­тың әлеу­мет­тік зияны зор. Ауыл тұрғындары тұр­мыс­тық жағдайын жақсарту үшін азаптанып, көзінің қара­шы­ғындай бағып, сақтап отырған алдарындағы нәпақасын қолды қылғанға қатты қапаланады. Былтыр облыста 92 мал ұрлығы тіркелген екен. Жазаның жеңіл­дігінен масайрап кеткен ұрыларға «әй дер әже, қой дер қожа» табылмайтын халге жеткен. Ұсталып қалған күннің өзінде олар ақы­сын төлеп, құтылады. Малды орнына келтіру ойға келмейді. Енді мал ұрлайтын ұры­лар үшін Қылмыстық кодекс 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейтін жаза көзделген. Ал осы ұрлықты әбден кәсіп етіп, бір­неше рет ұсталған қаскөйлер үшін 188-1-бап бойынша 12 жылға дейінгі мерзімге бас бос­тан­дығынан айыру жазасы бел­гіленген.

Өзінің сөзінде Қайрат Қа­сым­беков өзге де қылмыстар үшін жазалау шараларының кү­шейтілгені туралы айтты. Мә­селен, әйел зорлағаны және сек­суалдық сипаттағы басқа да зорлық-зомбылық әрекеттері үшін қылмыскерлер енді 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Бұрын мұндай қылмыстардың жазасы үшін тек 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасымен шектелетін. Енді тіпті зорлаушыға жәбір­ленушімен татуласуға мүмкіндік берілмейді. Егер зорлау әрекеті жас балаға қатысты жасалса, онда қылмыскерлер 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы