Парламент • 24 Қаңтар, 2020

Д.Назарбаева ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен кездесті

383 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенатта парламенттік тыңдауларға дайындық аясында ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен кездесулер өтті. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Д.Назарбаева ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен кездесті

Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің, Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау жөніндегі комитетінің өкілдерімен, Ақмола, Қарағанды және Түркістан облыстардың ветеринария және ауыл шаруашылығы басқармалардың басшыларымен кездесті. 

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов өз сөзінде ауыл шаруашылығы саласының статистикалық деректері тауар өндірушілердің үш санаты негізінде қалыптасатынын айтты. Олардың қатарында шаруа немесе фермер қожалықтары, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен жұртшылық шаруашылықтары бар.

Мекеме басшысы мал шаруашылығындағы статистикалық есептің қиындығын атап өтті. Оның айтуынша, мал есебін жүргізу рәсімдері пысықтау қажет етеді және онда ауыл шаруашылығы малына чип пайдалану арқылы жеке нөмір беру мен жеке деректер базасына енгізу әрі ветеринариялық паспорт беру болуы тиіс. «Бұл чиптер әзірше соңғы пайдаланушыға дейін, яғни, ветеринарға дейін жеткенше белгілі бір уақыт өтеді. Осы уақыт ішінде малды екі айналымға жіберуге болады, яғни туғызып, сатып жіберуге болады» деді Н.Айдапкелов. 

Кездесуде сөз алған ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Арман Өтеғұлов індеттен, оның ішінде түйнемеден өлген малды көметін орындарды күтіп-ұстау, абаттандыру және салуды ұйымдастыру үшін қаржы бөлу мәселелерін жергілікті атқарушы органдар тиісті түрде шешпей келе жатқанын атап өтті.

А.Өтеғұловтың айтуынша, ветеринариялық станциялар мен пункттерде ветеринар мамандарының штаттық саны мен іс жүзінде қажеттілікке сәйкес келмейді, оларды кадрмен қамтамасыз ету маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Мекеме басшысы санитарлық, ветеринарлық-санитарлық және фитосанитарлық карантин шараларын қолдануда мемлекеттік органдардың келіспеушіліктері туралы да айтты.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы сала жұмысының жағдайын жақсарту туралы бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Малға арналған дәрі-дәрмекті жеткізуде кідірістің болмауы үшін ветеринариялық препараттарды үш жылдық кезеңге сатып алу; эпизоотия және панзоотия, мал ұрлығы және заңсыз орын алмастыру жағдайларын анықтау мақсатында ветеринариялық полиция құруды; мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторларға бірыңғай киім үлгісін енгізуді ұсынды.

«Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты» серіктестігінің Бас директоры Ахметжан Сұлтанов ауыл шаруашылығындағы өндіріс тізбегінің барлық сатыларында сандық технологияларды қолданудың ерекше рөлін атап өтті. Мәселен, А.Сұлтанов малды сою барысында оның деректері автоматты түрде мәліметтер базасынан алынып тасталатын болады.

Дариға Назарбаева талқылау кезінде агроөнеркәсіп кешенінде сандық технологияларды жаппай қолдану және малға бирка салу кезінде оны фермерлердің кеңінен пайдалануын ынталандыру, сондай-ақ ғарыштық мониторинг жүйесін пайдалану қажеттігіне қолдау білдірді. «Біз бәсекеге қабілеттілікті жоғалтып бара жатырмыз. Бүгін бізге жылдамдық қажет, ал цифрландыру оған мүмкіндік беріп отыр. Егер шын мәнінде, барлық күшті осыған салғанда өте тез әрі қысқа мерзімде атқаруға болады. Қызықтыру керек», - деді Д.Назарбаева.

Кездесу барысында Қарағанды облысының ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек Тұрсынбеков мал дәрігерлері шалғай ауылдарда тап болатын қиындықтар туралы айтып берді. Қ.Тұрсынбековтің пікірінше, оған  еңбекақының аздығы, білікті мамандардың жетіспеуі, стандартты ветеринариялық станциялар мен қызмет көліктерінің болмауы жатады. Ол осыған байланысты «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ветстанциялар мен аурудан өлген малды көметін орындар салуға республикалық бюджеттен қаржы қарастыруды және ауыл шаруашылығы жануарларын есепке қою ережесін мемлекеттік қызметтер тізіліміне енгізуді ұсынды.

Қайырбек Тұрсынбеков иесіз мысық пен иттерді аулауға ресурстардың жетімсіздігіне ерекше назар аударды. Ол ветеринариялық қызметтер жұмысының көптігіне байланысты жануарларды аулау мен ұстау мәселелеріне назар аударуға әрқашан үлгере бермейтінін атап өтті.

Сенат басшысы қалыптасқан жағдайдың шешімі ретінде салалық минстрлік тарапынан қолдау көрсетуді ұсынды. «Кейбір қалаларда жеке тұлғалар өз қаражаты есебінен мысық пен итке арналған осындай ветеринариялық пункт ашып отыр. Ол жұмыспен қоғамдық бірлестіктер, еріктілер, жануарларды жақсы көретіндер айналысады. Бірақ ылғи қол жайып сұрап жүреді. Мүмкін, оларға Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан шағын қолдау қажет шығар? Оларда инфрақұрылым бар ғой» деді Д.Назарбаева.

Дариға Назарбаева кездесудің қорытындысы бойынша Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетіне шараға қатысушылар қозғаған проблемалық тақырыптарды зерделеуді және оларды парламенттік тыңдауларда талқылауға дайындауды тапсырды.