«Ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған ғылыми басылымдардың тізбесіне кіретін журналдарға қойылатын талаптарды өзгерту бөлігінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің №20 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасы әзірленіп, шешім қабылданды», - деп жазды Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында.
Министрдің айтуынша, бүгінде оған контенттің жоғары сапасын әрдайым қамтамасыз ете алмайтын белгілі бір өлшемдер бойынша іріктелген 177 отандық басылым кіреді. Осыған байланысты, министрлік Scopus және Web of Science сияқты деректер қорының талаптарына сәйкес осы журналдарға қойылатын талаптарды бейімдеу бойынша жұмысты бастады.
«Қосарланған жасырын рецензиялау, анық редакциялық саясат, қабылданған мақалалардың журналдың тақырыптық бағытына сәйкестігі, шетелдік рецензенттер, барлық жариялау үрдісінің транспаренттілігі, күшті редакциялық алқа, авторлық құқықты қорғау және тағы басқа талаптар 1-1,5 жыл ішінде кезең-кезеңмен осы тізбеге кіретін барлық отандық ғылыми журналдарға қолданылады», делінген жазбада.
Министрдің мәліметіне сүйенсек, басылымдардың саны қысқарады деп күтілуде. Бұл жағдайда
сапалы контент үшін бәсекелестік артады және халықаралық деңгейдегі ғылыми басылымдарды шығарудың кәсіби академиялық мәдениеті қалыптасады.