Аймақтар • 26 Қаңтар, 2020

Атқарылған жұмыстар көп, алдағысы одан да көп

476 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қызылжар қаласының әкімі Болат Жұмабеков тұрғындардың алдында есеп берді. Ешқандай қағазға қарамай, барлық мәселені жүйелі түрде, түйдек-түйдегімен жаңылмай баяндап бергеніне қарағанда әкім өз жұмысына берік және онымен тығыз айналысатын адам екенін көрсетті.

Атқарылған жұмыстар көп, алдағысы одан да көп

2019 жылы қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары 163,8 млрд теңгенің өнімін өндіріпті. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда  1,4 млрд теңгеге артық. Жетекші кәсіпорындарды дамытуға республикалық бюджеттен 6,7 млрд теңге бөлінген. Азық-түлік өнімдері де 2018 жылмен салыстырғанда артқан. Бұл өсім 8,6 пайызды құраған. Индустриаландырудың екінші бесжылдығы аясында 809 жобаны іске асыру жоспарланып, оның 489 жаңа жұмыс орындарын ашуға қол жеткізген 16-сы іске асқан.

Шағын және орта бизнес саны да өткен жылғымен салыстырғанда 400-ге жуық артқан. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының аясында 33 жоба іске асырылған.  

Жолаушы тасымалы туралы айтқанда әкім қазір Петропавл қаласында 23 бағыт бойынша күн сайын 260 көлік көшелерге шығатынын айтты. Алайда қазір қалада үлкен автобустар жүрмейтін болған. Өйткені, жолаушылардың нөпірі азайып кеткен. Жекеменшік жеңіл көліктер саны көбейген. Сондықтан үлкен әрі комфорттылығы жоғары автобустар шығынын ақтай алмайды, олар жүруі үшін көлік иелері жүріс интервалдарын арттыруы керек. Ал ол қалаған жеріне тез жеткісі келетін тұрғындар үшін тиімсіз. Сондықтан, қазір шағын автобустар ғана жүретін болды деді әкім қала көшелерінде үлкен автобустардың неге жүрмейтіндігіне байланысты.  

«Азаматтардың түрлі қайырылуларына, өтініштері мен арыз-шағымдарына біз мониторинг жасап, олардың шешілу дәрежесіне сарап жасап отырамыз. Әйтпесе, жыл сайын айтылған мәселелер сол бойында сүрленіп, жылдан жылға қала береді екен», деді ол азаматтардың түрлі қайыруларға қатысты. Сонымен қатар әкім биік үйлердің арасындағы спорт алаңдары енді министадионға айналдырылып, ол балалар ғана емес үлкендердің де баруына мүмкіншілік беретінін айтты.

Қала көшелері мен тұрғын үйлердің арасына осы күнге дейін 1352 бейнекамералар қойылған. Олардың санын тағы да 70-ке арттыру көзделген. Бейнекамералардың арқасында қылмыс саны азайған, сондай-ақ оларды ашудың мүмкіндігі де артқан.

Сонымен қатар әкім білім беру, денсаулық сақтау, спорт нысандарын жөндеуге республикалық және қалалық бюджеттен қанша қаражат бөлінгендігін жеткізді. «Жұмысшы кенті», «Береке», «Жас өркен» және т.б. мөлтек аудандарға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылып, жолдарын жөндеуге 3 млрд теңге жұмсалғаны жеткізілді. Әрине, әкімнің тұрғын-үй шаруашылығы, құрылыс, қаланы абаттандыру бағыттарындағы барлық жұмыстарын санамалап шықса бірнеше мақалаға жүк болар еді. Сондықтан біз тек назар аударылған бағыттарды ғана айттық. Соның ішінде әкімнің пәтер иелері кооперативтерінің жұмысының ала-құла екендігіне, кейбіреулері әлі де тек жергілікті өкіметке қарап ауыз ашуды білетіндігі, кейбірінде қысқа дайындықтың төмен болғандығына назар аударғанын атай кеткіміз келеді. «Облыс орталығында тек 48 көпқабатты үй коммуналдық меншікке қарайды, біз тек соларды ғана жөндеуге тиіспіз. Ал жекеменшік нысандарды тұрғындар өздері жөндейді. Соған қарамай төбесінен су кеткен талай үйді біз жөндеп беруге мәжбүр болдық. Ал олардың ПИК-тері бізге шығынымызды қайтармай отыр. Осындай істер бойынша біз сотқа 79 талап-арыз түсірдік», деді әкім.  

Баяндамадан кейін тұрғындар әкімге өздерін толғандырған сұрақтарын берді.

ҚЫЗЫЛЖАР