Парламент • 27 Қаңтар, 2020

Бәсекеге қабілеттілікті арттыру маңызды

212 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенатта парламенттік тың­­дауларға дайындық аясында ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен кездесулер өтті.

Бәсекеге қабілеттілікті арттыру маңызды

Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева Ұлттық экономика министрлігі Статистика ко­ми­тетінің, Ауыл шаруашы­лығы ми­­нистрлігі Ветеринарлық бақы­лау және қадағалау жөнін­дегі ко­ми­тетінің өкілдерімен, Ақ­мо­ла, Қарағанды және Түркі­стан облыстарының ветеринария жә­не ауыл шаруашылығы бас­қар­­маларының басшыларымен кездесті.

Ұлттық экономика ми­нистр­лігі Статистика коми­те­тінің төр­­ағасы Нұрболат Ай­дап­келов өз сөзінде ауыл ша­руа­­шы­­­­лы­ғы саласының ста­тис­ти­к­а­лық деректері тауар өн­­ді­ру­­ші­лер­дің үш санаты негі­зін­де қа­лып­таса­тынын айтты. Олар­дың қа­тарында шаруа немесе фер­­мер қожалықтары, ауыл шаруа­­шы­лығы кәсіпорын­дары мен жұрт­шылық шаруа­шылық­тары бар.

Мекеме басшысы мал шаруа­шылығындағы статистикалық есептің қиындығын атап өтті. Оның айтуынша, мал есебін жүргізу рәсімдері пысықтауды қажет етеді және онда ауыл ша­руашылығы малына чип пайдалану арқылы жеке нөмір беру мен жеке деректер базасына енгізу әрі ветеринариялық паспорт беру болуы тиіс. «Бұл чиптер әзірше соңғы пайдаланушыға дейін, яғни ветеринарға дейін жеткенше белгілі бір уақыт өтеді. Осы уақыт ішінде малды екі айналымға жіберуге, яғни туғызып, сатып жіберуге болады», деді Н.Айдапкелов.

Кездесуде сөз алған Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Арман Өтеғұлов індеттен, оның ішінде түйнемеден өлген малды көметін орындарды күтіп ұстау, абаттандыру және салуды ұйымдастыру үшін қаржы бөлу мәселелерін жергілікті атқарушы органдар тиісті түрде шешпей келе жатқанын атап өтті.

Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төр­ағасы сала жұмысының жағдайын жақ­сарту туралы бірқатар ұсы­нысын ортаға салды. Мал­ға арналған дәрі-дәрмекті жет­кізуде кідірістің болмауы үшін вете­ринариялық препараттарды үш жылдық кезеңге сатып алу; эпизоотия және панзоотия, мал ұрлығы және заңсыз орын алмастыру жағдайларын анықтау мақсатында ветеринарлық поли­ция құруды; мемлекеттік ве­те­ринарлық-санитарлық инс­пекторларға бірыңғай киім үлгісін енгізуді ұсынды.

«Қазақ ғылыми-зерттеу вете­ри­нария институты» серік­­тес­тігінің бас директоры Ахмет­жан Сұлтанов ауыл шаруа­шы­лығындағы өндіріс тізбегінің барлық сатыларында сандық технологияларды қолданудың ерекше рөлін атап өтті.

Дариға Назарбаева талқылау кезінде агроөнеркәсіп кешенінде сандық технологияларды жаппай қолдану, сондай-ақ ғарыштық мониторинг жүйесін пайдалану қажеттігіне қолдау білдірді. «Біз бәсекеге қабілеттілікті жоғалтып бара жатырмыз. Бүгін бізге жыл­дамдық қажет, ал цифрландыру оған мүмкіндік беріп отыр. Егер шын мәнінде, барлық күш­ті осы­ған салғанда өте тез әрі қыс­қ­а мерзімде атқаруға болады. Ын­таландыру керек», деді Д.Назарбаева.

Кездесу барысында Қара­ғанды облысының ветеринария басқармасының басшысы Қайыр­бек Тұрсынбеков мал дәрігерлері шалғай ауылдарда тап болатын қиындықтар туралы айтып бер­ді. Қ.Тұрсынбековтің пікірін­ше, оған еңбекақының аздығы, білікті мамандардың жетіспеуі, стандартты ветеринарлық станса­лар мен қызмет көліктерінің бол­мауы жатады.

Қайырбек Тұрсынбеков иесіз мысық пен иттерді аулауға ре­сурс­тардың жетімсіздігіне ерек­ше назар аударды. Ол ветери­нарлық қызметтер жұмы­сы­ның көптігіне байланысты жануарларды аулау мен ұстау мә­селелеріне назар аударуға үлгере бермейтінін атап өтті.

Сенат басшысы қалыптас­қан жағдайдың шешімі ретінде салалық министрлік тарапынан қолдау көрсетуді ұсынды. «Кейбір қалаларда жеке тұлға­лар өз қаражаты есебінен мы­сық пен итке арналған осындай ветеринарлық пункт ашып отыр. Ол жұмыспен қоғамдық бір­лестіктер, еріктілер, жануарлар­ды жақсы көретіндер айналысады. Мүмкін оларға Ауыл шаруа­шылығы министрлігі тарапынан шағын қолдау қажет шығар?» – деді Д.Назарбаева.

Дариға Назарбаева кездесудің қоры­тындысы бойынша Аграр­лық мәселелер, табиғатты пай­да­лану және ауылдық аумақ­тарды дамыту комитетіне шара­ға қатысушылар қозғаған проб­лемалық тақырыптарды зерде­леуді және оларды парламенттік тың­дауларда талқылауға дайындауды тапсырды.