Аймақтар • 27 Қаңтар, 2020

Қолтаңба

444 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұдан үш жыл бұрын Ақтөбеге қызмет бабымен ауысып келген кезде облысық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева жөнінде жергілікті жұртшылық тарапынан бірқатар жылы пікір мен лебіздер естігенбіз. Кейіннен ол кісінің өзімен де кездесіп, қоғамдық құбылыстар жөнінде ой-пікір алмасудың орайы келген-ді. Түсі игіден түңілме дегендей, сол кезде бізге Гүлайым Тельманқызының жылышырайлы жүзі мен орнықты кескін-келбеті және мемлекеттік қызметшіге тән биік мәдениеті мен әдебі жылы әсер қалдырды. Бұдан кейінгі кезеңде де оның бастамасымен облыс көлемінде тілдерге қатысты атқарылған бірқатар оң іске қанықтық.

Қолтаңба

Сонау 2000 жылдардың алғашқы тұсында республика облыстарында Тілдерді дамыту басқармалары құрылған кезде жаңа мемлекеттік құрылымның алдында тілдердің мәртебесін өсіру міндеті тұрды. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейін кеңейту арқылы елімізді мекендейтін өзге этнос өкілдері тілдерінің де ұмыт қалмауын қамдастыру көзделді. Осындай жауапты шақта аталған басқарманың бөлім меңгерушісі, басшының орынбасар қызметтерін Г.Төлебаева абыроймен атқара білді. Сондай-ақ тіл жанашыры 2011 жылы Ақтөбе облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы болып тағайындалған соң, оның тікелей араласуымен осы мәселеге қатысты өңірлік бағдарлама қабылданды. Әрі тілдерді дамытудың өзекті әрі көкейкесті мәселелері айқындалды.

Соның ішінде облыста мемлекеттік тілді орнықтырудың тың жобалары мен тәсілдері белгіленді. Оның бел ортасы мен басы-қасында бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері, халқымыздың намысты өр қыздарының бірі болған еді. Соның нәтижесінде облыста тілдерге қатысты мәселелер әр түрлі этнос өкілдері тарапынан терең түсіністікпен шешімін таба білгеннің өзі бір мерей. Бұдан соң облыста оның бастамасы бойынша тілдерді оқыту мен әдістемесін жетілдіру мәселелері қолға алынды. Соған сәйкес басқарма жанынан Тілдерді оқыту орталығы құрылды.

Латын әліпбиіне көшу мәселесі қазақстандық қоғамда алғашқыда әр түрлі пікірлер туғызды. Осы кезде басқарма басшысы тұрғындар арасында кең ауқымды түсінік жұмыстарының өрістеуіне ұйытқы бола білді. Әлбетте, кез келген істің деңгейін түпкі нәтиже ғана айқындай алады. Осы орайда республика жұртшылығы арасында латын қарпін қолдау ісінде ел өңірлері деңгейіне шаққанда Ақтөбе облысы алдыңғы кезекке шықса, бұл істе Гүлайым Тельманқызының лайықты әрі қомақты үлесі мен қолтаңбасы бар екені айдан анық. Сондай-ақ ұлттық өнерімізді ардақтау мен ұлықтау және қастерлей білу мәселелері де ұлттың жанашыр қызының қанына о баста сіңген қасиет десек, қателесе қоймаспыз. Айталық, ата-бабалардан жеткен асыл мұрамыз – ежелгі айтыс өнері деп түйсек, арайлы Ақтөбеде соңғы жылдары республикалық және халықаралық айтыстардың шымылдығы түрілуіне де Гүлайымның тигізген септігі көп. Бұл тұрғыдағы еңбегі де елеулі.

Мемлекттік қызметші ретінде оған тән басты қасиеттер – биік адамгершілік, өзіне тапсырылған міндеттерге қай кезде де жауапкершілікпен қарай білу әрі оның сапалы түрде орындалуын көздеу екенін әріптестері ұдайы айтып жүр. Сонымен бірге тілдер басқармасында жұмыс уақытын тиімді, оңтайлы әрі ұқыпты түрде пайдаланудың оңтайлы тәртіптері орныққаны да өзге мемлекеттік мекемелер үйренуге, тәлім алуға тұрарлықтай іс дей аламыз. Бүгінгі кезде жергілікті мемлекеттік қызметте жүрген бірқатар басшының бойында көп жағдайларда бастамашылдық қасиет жетісе бермейтіндігі айтылып қалып жүр. Бұл жөнінен де оның мәртебесі мен мерейі үстем. Өйткені жоғарыда айтылған жайттар оның бастамашылдығы мен талапшылдығының және жеке өнегесінің көрінісі екені хақ.

Бүгінде өңірдегі жас және орта буын мемлекеттік қызметшілер Гүлайым Төлебаеваны ұстаз әрі тәлімгер санайды. Солардың бірі – Маржан Жанасова. Ол өз тәлімгерінің лайықты бағыт-бағдар мен жөн-жоба көрсете білгенін ризашылық сезіммен айтып берді. Оларға үздік мемлекеттік қызметші үнемі: "тапсырма орындалуымен құнды. Оны атқару парыз әрі міндет. Әйтсе де оны орындау барысында мемлекеттік қызметішінің өзіне тән ісі мен ізі және тиісті қолтаңбасы қалып жатса – мемлекеттік қызметтің абыройы мен мәртебесі одан әрі биіктей түседі" дейді екен. Несі бар, бұл ойлы да орамды, ұтымды да ұтқыр тұжырым екені анық. Ендеше осы түйінмен бүгінгі материалымыздың нүктесін қойғанды жөн көреміз.