Аймақтар • 27 Қаңтар, 2020

Ақтауда «Біз адамдар – біз біргеміз» шарасы өтті

447 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Иманғазы Досмұхамедов жетекшілік ететін «Біз адамдар - біз біргеміз» қоғамдық қоры қиын жағдайға тап болған жандарға көмек көрсетуді жалғастыруда. Сенбі күні Ақтау қаласындағы тұрғылықты мекен-жайы жоқ адамдарға ыстық тамақ үлестірілді.

Ақтауда «Біз адамдар – біз біргеміз» шарасы өтті

Бұл шара жергілікті атқарушы органдар, облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі және еріктілер тарапынан қолдау тапты. Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Гүлжазира Алдашеваның айтуынша, тағдыр тәлкегіне түскен жандарға паналайтын орындар тауып беріп, құжаттарын реттестіріп, олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасалады. Бұл ретте жоғарыда аталған қайырымдылық қорының директоры Иманғазы Досмұхамедовке шаһардағы 1 ш/а орналасқан ғимараттың бірі берілген. Болашақта мұнда әлеуметтік бейімдеу орталығы өз жұмысын бастайды. Ғимарат бөлініп дайын тұр. Онда денсаулығы сыр беріп,  мүгедектік рәсімдегісі келген жандардың құжаттарын жинақтап беру, сонымен қатар зейнеткерлікке шыққандарға зейнетақысын алып беруге көмектесу көзделген. Еңбекке жарамдылар болса оларды тұрақты жұмысқа орналастыру мәселесі де қолға алынбақ. Әлеуметтік бейімдеу орталығына алдымен күрделі жөндеу жүргізіліп, қажетті көлік және жиһазбен қамтамасыз етілетін болады. Психолог мамандарды тарту жоспарда бар.

-Жалпы бұл адамдардың тағдыры әрқилы. Олар біздің қоғамның мүшесі. Ал қиналған жандарға қол ұшын созу баршамызға парыз деп білгеніміз дұрыс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен биыл Еріктілер жылы болып жарияланды. Бүгінгі шараға еріктілердің қатысып отырғандығы қуантады. Мұндай сауап істер жасау жастарды мейірімділікке, әр нәрсеге жанашырлық танытуға тәрбиелейтіні сөзсіз, дейді қала әкімінің орынбасары.

Шараға белсенді қатысқан облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Нұржан Махмутовтың сөзінше, полицейлер әрдайым қайырымдылық шаралардың басы-қасында жүруге дайын. Әсіресе аязды күні көше кезіп, тоңып жүргендерге қайырымдылық көрсету шарасына тәртіп сақшылары да тартылады. Сонымен қатар, құжаттарын реттегісі келетіндерге міндетті түрде көмек көрсетіледі.

Ал үйсіз жүрген жандар бұдан былай әр аптаның сенбісінде күндізгі сағат 12:00-де Ақтау қаласы 1 ш/а орналасқан ескі ғимарат жанындағы тегін ыстық тамақ, шәй, салат және тәттілермен қамтылатын болады.