Аймақтар • 27 Қаңтар, 2020

Шымкенттегі мамандандырылған ХҚО-да 330 мың қызмет көрсетілді

306 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үшінші мегаполистегі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында 2019 жылы 326 641 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде 47 391 азаматқа жүргізуші куәлігін берілген. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өкілдері мәлімдеді.

Шымкенттегі мамандандырылған ХҚО-да 330 мың қызмет көрсетілді

–Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүргізуші куәлігін беру барысында адами фактор толығымен алынып тасталды, - дейді корпорацияның Шымкент қалалық филиалының директоры Данабек Исабеков. – Яғни, жүргізуші куәлігін алғысы келген азамат компьютерде тест тапсырып, теориялық сынақтан тиісті балл жинаса, жүйе автодромдағы практикалық емтиханнан өтуге мүмкіндік береді. Емтиханнан сәтті өткен соң, тест пен емтиханның нәтижелері бойынша барлық ақпарат жүргізуші куәлігін дайындауға жіберіледі.

Айта кетейік, Шымкентте 11 халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді, оның ішінде мамандандырылған 3 ХҚКО және көші-қон қызметін көрсету орталығы бар.

Қазіргі уақытта Достық шағынауданы және Қ.Төлеметов көшесіндегі мамандандырылған ХҚО-да азаматтар өз автокөліктерін қайта тіркеп, жүргізуші куәлігін ала алады. Бұған қоса практикалық емтихан тапсыруға болады. Сондай-ақ, мамандандырылған ХҚО ғимаратында жүргізуші куәлігін алу үшін медициналық тексеруден өтуге болады. Күн сайын бұл орталықтарда 200-ге жуық жүргізуші куәлігі беріліп, орташа есеппен 1000-нан астам көлік құралы есепке алынады.

Отандастарымыз мұндай мемлекеттік қызметтерді ешқайда бармай-ақ, онлайн ала алады.       
–Мысалы, бірқатар мемлекеттік қызмет түрлері «Электронды үкімет» порталында қарастырылған. Egov.kz порталында тіркелген қолданушылар жүргізуші куәлігін онлайн ауыстырып, автокөлігін қайта тіркей алады, дейді филиал директоры Данабек Исабек.

Дәл осы тәртіппен жыл басынан бері 4 мыңнан астам автокөлік онлайн тіркеліп, 7 761 азаматқа жүргізуші куәлігі берілді.