Дулат Халел 1975 жылы Қарқаралы қаласында дүниеге келген. Жоғары білімді: 1997 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Тарих, тарих және әлеуметтік-саяси пәндер оқытушысы» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын тарих пәнінің мұғалімі болып бастады. Борлыбұлақ және Көктас ауылдарының мектептерінде жұмыс істеді. 2001 жылдың қыркүйегінде мемлекеттік қызметке ауысты. Қарқаралы аудандық әкімдігінде бас маманнан бөлім басшысына дейін көтерілді. Қарқаралы әкімінің көмекшісі болды. 2006 жылдың қаңтар айынан бастап аудандық Ішкі саясат бөлімін басқарды.
Дін істері басқармасының бұрынғы басшысы Нұрлан Бикенов басқа жұмысқа ауысқан болатын. Ол Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Облыс әкімі, сондай-ақ, «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің жаңа қолбасшысын таныстырды. Мемлекет басшысының Өкімімен 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл лауазымға 43 жастағы полковник Мереке Күшекбаев тағайындалған болатын. Бұған дейін ол десанттық-шабуылдық әскерлер штабын басқарды, сондай-ақ, ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің қолбасшысы болды.