Руханият • 30 Қаңтар, 2020

Тоныкөк – даңғайыр жырау, данышпан білге, дарабоз қолбасшы

10233 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Тұранға толқындап жайылған түгел түркінің тұнық тілі мен дәстүрлі ділін, айшықты бітік-жазуы мен жазба әдебиетінің, жоралы жарғы-түзімі мен мемлекеттік биліктің жөн-жосығын жасап, бағзы бабалардың байрақты бірлігінің бастауында тұрған тұғырлы тұлғаның дала данышпаны, жорықшы жырау Білге Тоныкөк екені белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда, біздің жазба әдебиетіміздің негізін қалаушы да алып абыз бабамыз болып шығады. Білге Тоныкөктің бәдіздеп тасқа қашап қалдырған мәңгілік ескерткішінің 1300 жылдығын Халықаралық Түркі академиясының бастамашылдығымен, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Моңғолия мемлекеттерінің ортақ ұсынысымен 2020 жылы ЮНЕСКО аясында атап өтуге ресми шешімнің қабылдануы – тамырлас жұрттың мерейі ғана емес, әлемдік мәдениеттегі елеулі жаңалыққа айналып отыр.

Тоныкөк – даңғайыр жырау, данышпан білге, дарабоз қолбасшы

Түрк елін түлетуші – Бойла Баға тархан

Өтүкенді жиектеп ағатын талай тарихқа куә болған Тоғыла өзенінің тоғайлы алқабына жақын жасыл жазирада орналасқан Тоныкөк ескерт­кішінде кемеңгер бабамыз түгел түркіге өзегін жарып шыққан өсиетін айта келе, «Біліктісі, сөз иесі мен бол­дым» дейді. Әуелі ескерткіш «Мен Білге Тоныкөк табғаш елінде тәр­биелендім» деген сөзбен басталады. Осы сөйлемде қаншама қатпарлы мағына, қамырықты үн, заманның сазы бар десеңізші?! Орхон бойындағы ордалы қағандар Білге, Күлтегіндердің жыры «Үсте көк аспан, астыда қара жер жаралғанда» деген құдіретті ұранмен басталып, түрк мемлекетінің айбынды тарихының қилы кезеңін баяндайды, жалпақ жұрттың қамын толғайды. Ал Тоныкөк жыры «Мен» деп жеке өзінің атынан басталып, жыраулық сарында ақынның дара дабысы, өр үні батырлық жырдың құлақкүйіне айналғандай әсер етеді. Білге қаған мен Күлтегін баһадүр қайтыс болған соң оның ұрпақтары марқұмдарға арналған ғұрыптық кешен соқса, керісінше абыз, жырау Тоныкөк өзінің көзі тірісінде еңселі ескерткіш соғып, оған еліне арнаған толғауын шекітеді. Қай заманда да осылайша жыраудың дауысы қағандардан бұрын халыққа жетуге хақылы болуы, үш алып қағанды таққа отырғызып, дана кеңесші, ұлы жорықтарға ұраншы болған абыздың өр үнінің бүгінге ұласуы терең дәстүр сабақтастығын танытады. Орхон бойындағы қағандар ордасынан алты жүз шақырым алыста қалың елінің ортасында орналасуы жыраудың елмен етене, жұртымен іргелес өмір сүрген ірі бейнесін көр­сетеді. Тегінде Тоныкөктің бұл дәстүрі Кетбұға, Сыпыра жырау, Майқы билерден Бұқар мен Абайға дейін арналы жораға, бұлжымас кәдеге айналғаны анық.

Клоусон, Базин, Серткая сынды ға­лымдардың сөзіне сүйенсек, шамамен 646-647 жылдары дүниеге келген Тоныкөктің балалық шағы тағдырдың айдауы, заманның тарпымен табғаш елінің астанасы – Чананьда өтеді. Бірінші Түрк қағанаты ыдырап, ел-жұрт табғашқа бағынышты болған бұл алапат кезеңде император сарайында тек аманаттағы түрк қағандары мен ақсүйек балалары білім алатын. Тоныкөк жат жұртта білім ала жүріп ар-намысы алмас қылыштай қайралып, азаттықтың жоқшысына айналады. Ақыры бодандықтың бұғауын талқандап, бостандықтың таңын қарсы алған ол Құтылық қағанмен бірге Екінші Түрк қағанатының туын тігіп, іргесін қалайды, мемлекеттегі беделді лауазым – Бойла Баға тархан деген жоғары атақты иемденеді.

Ол өз қолымен іргесін қалаған елінде аталық, қаған кеңесшісі, ұлы тархан, бас қолбасшы қызметтерін атқарады. Тоныкөкті бір деректерде ашидэ руынан шыққан десе, кейбір мәліметтер оғыз тайпасына жатқызады.  Құтылықпен тізе қосып, Екінші Шы­ғыс Түрк қағанатының іргесін қа­ласуы, кейіннен Қапаған мен Білге қағанның жанашыр жақыны, кемеңгер кеңесшісі болуы оның замананың ауыр жүгін талмай арқалаған заңғар тұлға болғандығын айғақтайды.

Академик Бартольд Тоныкөктің тұлғасын француз саясаткері әрі дип­ломаты, әйгілі Талейран Перигормен теңестіреді. Ал қытай деректерінде «Тоныкөк – көпті көрген байсалды, қартайған сайын ақыл-парасаты асқан, құдды (қытайлық) Ли цинь мен Шицзи сияқты дана адам», деп сипатталған. Бұлардан өзге, қытай елшілері мен сая­хатшылары оны көреген саясаткер, ақылды әрі айлакер қолбасшы ретінде баяндайды.

Тоныкөктің дара тұлғасы, кемеңгер болмысы, оның түрк халқына сіңірген ерен еңбегі өзіне арналған жазба ескерткіште айқын суреттелген. Мы­­салы, Тоныкөктің қағанат құру жо­­лындағы жемісті ерлігі жазба ес­керткіште былай деп баяндалады: «Жеті жүз кісіні басқарушы ұлық шад еді (Құтылық). «Бірігіңдер» деді. Біріктірушісі мен едім – Білге Тоныкөк. Қағаныммен ұғысайын дедім. Одан соң көктегі Тəңірі білік бергендіктен, өзім құдіретті қағанмен ұғыстым. «Білге Тоныкөк Бойла Баға тарханмен бірге мен Елтеріс қаған болайын деді». Әрмен қарай: «Кімде-кім, бірлік байрағын көтеріп, ата жауға қарсы бірлесіп күресемін десе, Өтүкенге келсін!», – деп түрк жұртына ұран тастауы оның бұқара жұртты меңгере алатын мемлекеттегі маңызды рөлін айғақтайды. Әскери өнерге жүйрік, шебер қолбасшы Тоныкөктен дұшпандары қауіптенген екен. Ол түрк жұртын ішкі-сыртқы дұшпандардан азат етіп, Мәңгі ел құру жолында: «Түрк халқына жарақты жау келтірмедім. Шұбырған аттыларды жолатпадым. Елтеріс қаған иелік етпесе, Оған еріп мен өзім иелік етпесем, ел де, халық та жойылар еді. Орданың айғайшысы бар болса, елде қандай мұң болушы еді. Түрк Білге қаған елінде жаздым мен Білге Тоныкөк», деп жырлайды.

Тарихи құжаттарда кездесетін мына оқиға да оның алыстағыны болжай білетін көреген екенін көрсетеді. Білге қаған таққа отыра салысымен Қытайға соғыс ашып, жеңіске жетсем, олардың қаласынан кем түспейтін орда салып, оның қақ ортасынан ғибадатханалар көтерсем дейді. Сонда Тоныкөк: «Қазір Таң империясының алтын ғасыры, олар жүз болса, біз – түрктер бір ғанамыз. Біз шаһарда отырсақ, бір күнде-ақ олардың уысына түсеміз. Көшпелі салт – біздің артықшылығымыз. Буд­да ғибадат орындардың салынуы түрк­­терді жауынгерлік рухынан айырады» деп тоқтау салады. Сөйтіп түрк жұртының буддизмге жұтылып кетпей, Тәңірлік сенімде қалуына ықпал етеді. Тек Тәңірге мойынсұнған жа­уынгер жұрттың артынша ислам дінін қабылдағаны белгілі.

Белгілі түрколог ғалым Мырзатай Жолдасбеков «Тоныкөк небір жорық­тардың куәгері, ізінше сол соғыстар жайында әсерлі дүниелер тудырған эпикалық өнердің иесі», деп ұлы жырауға үлкен баға береді. Жырау баба жорық алдында: «Таза ұят асыл қасиет, өлімнен ұят күшті...», «Тəңірі, Ұмай, киелі Жер-су қасиет берген екен. Неге қашамыз? Көп деп неге қорқамыз? Азбыз деп неге басындырамыз? Шабамыз!», деп жауынгерлерді жігерлендіріп, жалынды сөздерімен рухтандырып отырған екен.

Тоныкөктің дала философиясын бойына сіңірген даналық қасиетін: «Жұқаны таптау оңай, жіңішкені үзу оңай. Жұқа қалың болса, алып қана таптар, жіңішке жуан болса, алып қана үзер» деп мақалмен мақамдап, ақыл­мен астарлап сөйлеуінен байқалады. Бұл – елді салмақтап тең басқаралық, асыл мен жасықты ажырата білейік деген терең толғанысы. Бұл орайда ол Қорқыт бабаның бейнесімен үндесіп кетеді.

Тоныкөк – түрк тайпаларының басын біріктіріп, қағанаттың өркендеу жолында талай шаңды жорықтарды басқарып, ұдайы жеңістерге қол жет­кізген ержүрек қолбасшы, көреген саясаткер, ақыл-парасатын, күш-жіге­рін аз халықты көп қылуға, кедей ха­лықты бай қылуға арнаған кемеңгер. Ол дұшпандарымен арадағы ұзақ жылғы соғыстардан кейін сыртқы саясатта бейбіт қарым-қатынас орнатып, түрк халқының мамыражай өмір сүруіне жағдай жасайды. Тоныкөк елші Юань Чжэнмен келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде Түрк қағанаты мен Таң империясы арасындағы біраз жылға созылған бейбіт қарым-қатынасты орнатуға зор ықпал етеді.

Тасқа өрілген тарих

Тоныкөк жазба ескерткіші – әлемде әлі көптеген ұлыс әліпті таяқ деп білмейтін кезде түркінің төл жазуымен тасқа қашалған бірегей мұрамыз. Біз мұны мақтан тұтуымыз керек!

Зерттеушілердің пікірінше, жазба ескерткіш Тоныкөктің бастамасымен жазылып, 720 жылы орнатылған. Содан бері он үш ғасыр өтті. Ескерткіш бүгінгі Моңғолияның Төв аймағы Эрдэнэ сұмыны, Баян-цогт деген кең алқапта, тарихи орнында сақтаулы. Оны 1897 жылы археолог-ғалым Д.Клеменц та­уып, ғылыми ортаға та­нытқан соң зерттеу жұмыстары бас­талған. 1898 жылы В.Радлов бітік­тастың фотосуреттері мен эстампажын алған соң, мәтіндердің транскрпициясын, немісше аудармасы мен сөздігін жариялады. 1909 жылы Г.Рамстедт, С.Пелси зерттеп, бітіктастардың қағаз көшірмесін алып, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Араға біраз уақыт салып 1925 жылы Б.Владимирцов, Б.Бародин, кейіннен моңғол археологі Н.Сэр-Оджав басқарған эскпедициялар зерттеу жұмыстарын жалғастырды. Кешен аумағынан құрылыс бұйымдары, кір­піш, төбе жапқыш қыштар, түрлі-түсті құрылыс сылақтары, қыш ыдыс­­тар, өмілдірік, құйысқан, кісе бел­діктің әшекей қапсырмалары секілді бір­қатар жәдігер табылды. Бұлардан өзге ескерткішке тілдік-әдеби, этно-ар­хеологиялық бағыттар бойынша В.Томсен, П.Аальто, М.Спренглинг, С.Малов, Р.Жиро, Д.Баяр, Х. Оркун, М.Ергин, Г.Клоусон, И.Стеблева, Ғ.Айдаров, М.Жолдасбеков, Т.Текин, С.Кляшторный, Б.Базылхан, Н.Келім­бетов, О.Серткая, Қ.Сарт­қожаұлы, Л.Тугушева секілді бел­гілі түрколог-ғалымдар іргелі зерттеулер жүргізді.

Ескерткіштің негізгі мазмұнында Екінші Шығыс Түрк қағанатының ішкі, сыртқы саяси оқиғалары, әлеу­меттік-қоғамдық өмірі суреттел­ген. Ескерткіштегі жыр жолдары То­ныкөктің өзінің шыққан тегін баян­­дауымен басталып, Құтылық қағанмен бірге табғаштарға қарсы әскер жасақтау, одан әрі үздіксіз жорықтармен өрбиді. Оқиғаның өзегі Тоныкөктің түрк халқының басын біріктірудегі рөлі, сол арқылы қағанаттың іргесін нығайту жолындағы ерлігі, әскери жорықтардағы әдіс-тәсілдері, қаған мен бұқара халыққа айтқан астарлы сөздері, ақыл-кеңесі кеңінен баяндалады. Сонымен қатар ескерткіште байырғы түрктердің философиясы мен дүниетанымы, жер-су атаулары мен этностық-саяси тарихы да толық қамтылады. Мәселен, оғыз, қыпшақ, он оқ, теле, түргеш, қарлық, қырғыз, татар, ұйғыр секілді халық атаулары мен олардың мекен еткен жерлері сипатталады.

Академик М.Әуезов 1934 жылдары жазған белгілі зерттеуінде Тоныкөк жазуында оның жорықтары ғана емес, мәмілегерлік істері, соғыс тактикасы, ғибратты мағынадағы өсиеттері жазылғанына ерекше зер салып, жалпы Орхон жырларының сюжеттік арнасы, асыл табиғаты қаһармандық эпосқа баспалдақ болуы ықтимал құбылыс екенін атап өтеді. Ұлы жазушы осы пікірлері арқылы Тоныкөктің батыр ғана емес, көзі тірісінде мәрмәр тасқа өсиетін бәдіздеген ғибратты би, батырлық эпосты тудырушы тұңғыш жырау болғанын меңзеп отырса керек.

 Ақыл иесі – абыз Тоныкөк

Абыздың анық есімі – Tuňuquq (Тонұқұқ). Ескерткіште осылай деп қашалған. Қытай деректерінде «Тон-йо-гу Туньюйгу» деп кездеседі. Зерт­теушілер тарапынан түрліше атал­ғанымен, жалпы отандық ғылыми еңбектер мен әдеби оқулықтарда Тоны­көк деп жазылып келеді.

Тоныкөк атауы хақында зерттеу­лер бар болғанымен, оның нақты қандай мағына беретіндігі жайлы пікірлерде бірізділік жоқ. Мысалы, «Тоныкөк» мәтінін 1961 жылы француз тіліне аударған Рене Жиро «тоны құт­ты болған адам» деп талдаса, түр­киялық Талат Текин «бірінші уәзір, бас уәзір» деген мағынаға сая­ды дей­ді. Өткен ғасырдың алпысын­шы жылдары «Тоныкөк» атауына үңілген ғалымдардың бірі В.Наделяев «Tujuquq» деп оқуды ұсынды. Ма­ғынасы «тұяқ тәрізді оқ», яғни «тұяқ оқ». Белгілі якут ғалымы В.Ники­форов көне түркше «туюк» қазіргі я­кут тілінде «тойук» жыр, өлең дегенді біл­діреді деп, Тоныкөк есімін «жырау» деп тұжырымдайды. Белгілі түркологтер М.Жолдасбеков пен Қ.Сартқожаұлы Тоныкөк есімін «Тұйұқұқ» деп оқып, «тұй» түбірі тұйғын сөзінің басқы буыны, Екінші Түрк қағанаты заманында алдыңғы шептегі жауынгерлерді «тұйғын» деп атаған. Сондықтан «Тұй-ұқұқ» – соғыста қол бастаған кісі», ал екінші буынындағы «uquq-ұқық» – абыз, ой-сана, ақыл деген даналық сипаты дейді. Ал С.Кляшторный Тоныкөк есімінің екі түбірден құралғанын алға тар­тады. Ол өзінің зерттеуінде Тоны­көктің қытайша аты – Юаньчжень де екі түбірден: бірінші бөлігі – юань – «тұңғыш», яғни түркше «toᶇ» ма­ғынасына сәйкес, ал – «чжень» – «бай­лық», «қазына», яғни көне түркше «joquq» (ақық, жақұт) мағынасына келетінін салыстырмалы тұрғыдан зерделейді.

Әрине, Тоныкөк сөзінің этимоло­гиясын анықтау үшін оның өмір сүрген ортасына, қоғамдағы рөлі мен атақ-дәрежесіне және түрк тілдеріндегі фонетикалық құбылыстарына да мән берген жөн. Байырғы түрктерде тарихи тұлғалардың өз есімдерінің орнына әскери және қоғамдағы рөліне байланысты лақабымен немесе лауазымымен аталып, тарихи құжаттарда да солай сақталғаны белгілі. Бұл тұрғыдан, Тоныкөк көне түрктердің әскери жүйесіндегі жоғарғы лауазым атауы болуы да мүмкін.

Мәселен, VII-IX ғасырлардағы көне түрктердің әскери қоғамында «тоᶇа» сөзімен басталатын келесідей лауа­зымдар кеңінен таралған:«Тоᶇа теgin» – әскери лауазым;«Тоᶇа saᶇun» – әскери лауазым; «Toᶇ ala» – ерлік жасау; «Toᶇa alp» – ержүрек, қаһарман; «Toᶇ yabgu» – Тон ябғу.

Махмұт Қашқари «Диуани лұғат ат түрк» еңбегінде «тoᶇа» сөзіне жолбарыс тектес жыртқыш аң деп анықтама берген: «Ол пілден күшті. Бұл сөз көбінесе адамдарға лақап орнында ай­ты­лады. Мысалы: Тоңахан, Тоңа Тегін, т.б. Түрктердің ұлы қағаны «Афрасиабты» Алып Ер Тоңа деп атаған. Жолбарыс секілді күшті, қайратты, батыр адам дегендегісі», дейді.

Ал Жүсіп Баласағұнның әйгілі «Құтты білік» шығармасында:

Оны халық атышулы көреді,

Құты арылмас Алып Тоңа Ер еді, – деп жырлайды.

Мұндағы жыр жолдары Алып Ер Тоңаны мәңгілік құт дарыған, билік иесі құтты қаған екендігімен қатар, оның тоңадай (арыстандай) айбатты, ержүрек көсем болғандығын паш етеді. Сонымен қатар Батыс Түрк қағаны – Тон Ябғуды мысалға алуға болады. Қытайдың Тан-шу жылнамасында Тон Ябғудың даңқты әрі ержүрек қаған екендігімен қатар, ақылгөй адам да болғандығы баяндалады. Яғни Тон Ябғу да – лауазым атауы. Мұның да алғашқы түбірі «тоңа» терминінен шық­қан. Сондықтан «Тоңа» түбірінен бастау алатын тарихи тұлғалар негі­зінен ортағасырларда өмір сүрген және бұл атау билеушілер арасында кеңінен тарағаны белгілі.

Түйіндей келгенде, Тоныкөк эти­мологиясының алғашқы түбірі көне түрктердегі «тoᶇa» – тұңғыш, ержүрек, ал екінші жалғауы «uquq» – (ақыл, ұқ) сөздері арқылы «тұңғыш ақылгөй», «бас данышпан», «алып білге» деген  сөзден құралған болуы мүмкін. Себебі жазба ескерткіште «Ақыл иесі, сөз иесі – мен Білге Тоныкөк», деуі тегін болмаса керек.

Абыз бабамыз Білге Тоныкөк ес­керт­кіші өне бойы өсиетпен, қасиет­пен өрнектеліп, ашық аспан астында түрк елдігінің абыройын асқақтатып, он үш ғасырдан бері менмұндалап тұр. Ол – тілдің, жазудың, тарихтың, мем­лекеттік дәстүрдің, ар-намыс пен өр рухтың алып кешені, түркілік бол­­мыстың теңдессіз коды. Адамзат өр­кениетінің бірегей мұрасы қата­рында бағаланып, ХХІ ғасырда да әлем тұрғындарын құпия сырымен таң­дандырып келеді.

ЮНЕСКО-ның тарихи шешіміне орай, Халықаралық Түркі академиясы биылғы жылды «Тоныкөк жылы» деп жариялап, Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде арнайы жиын өткізуді жоспарлап отыр.

Білге Тоныкөк жетпістен асқан жасында түгел түркіні аузына қаратқан абызға айналып «Елімнің білік иесі, сөз иесі мен болдым» деп толғаған екен. Ендеше, сөз иесі, білім иесі, бітік иесі, ел иесі болған дарабоз бабаның ғибраты мен рухы азат елдің ұрпағына тағы да жақындай түседі.