Жиынға Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев, Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова, Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев қатысты. Аталған ведомство өкілдері даулы мәселеге байланысты бірлесіп атқарып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын баяндады.
Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаевтың айтуынша, ЕАЭО елдерінен әкелініп, Қазақстанда уақытша тіркелген көліктерге «18» деген цифры бар арнайы сары нөмірлер беріледі.
– Уақытша тіркеу үшін көлік иелері жеке куәлігін, көліктің бұрынғы мемлекеттік немесе транзиттік нөмірін, тіркеу туралы куәлігін, меншік құқын растайтын құжаттарын, сонымен қатар бастапқы тіркеу баж төлемінің түбіртегін, мемлекеттік нөмір мен техникалық паспорт дайындағаны үшін баж төлемінің түбіртегін әкелуі керек. Көлік иелеріне қойылып отырған шарт өте қарапайым, бір жыл ішінде аталған автокөлікті заңдастыруға, утилизация алымын және кедендік баж салығын төлеуге мүмкіндік берілді, – деді ол.
Өткен аптада Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке ел заңнамасын бұза отырып шетелден автокөліктердің әкелінуіне, пайдаланылуына шектеу қоюды тапсырғаны белгілі. Президент бұл туралы: «Елімізге әкелінген мұндай автомобильдердің көпшілігі тіркеуге қойылмайды. Ондай көліктер саны – ондаған мың. Бас прокуратураға қалыптасқан жағдайға байланысты құқықтық баға беруді тапсырамын. Аталған мәселені шешу үшін Үкімет Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген автомобильдерді бір айдың ішінде бір реттік тәртіппен уақытша тіркеуді қамтамасыз етуі қажет. Бұл автокөліктерді тіркеу 2021 жылдың
1 наурызына дейін жалғасады», деген болатын.
Ішкі істер вице-министрінің айтуынша, сары түсті, «18» цифры жазылған нөмірлер Президент айтқан мерзімге, яғни келесі жылдың 1 наурызына дейін жарамды. Егер азаматтар соған дейін жоғарыда айтылған тіркеу шараларын жасамаса, нөмірлер одан кейін жарамсыз деп танылып, полиция ондай көліктердің ел аумағында жүруіне шектеу қояды.
Сары түс пен 18-аймақ дегенді білдіретін арнайы цифр Ішкі істер министрлігіне аталған автокөліктерді басқа көліктерің арасынан оңай ажыратып, санын, қозғалысын бақылап отыруды жеңілдету үшін жасалған. Бір жыл ішінде көлігін тіркеуге қоймаған жағдайда иесі арнайы нөмірді қайтарып, көлігін ел аумағынан басқа жаққа әкете алады.
Ішкі істер вице-министрінің айтуынша, бүгінгі таңда елімізде тіркелген автокөліктердің жалпы саны 4 млн 200 мыңнан асады.
– Осы 4 млн 200 мыңнан астам автокөліктің иелері Қазақстанның заңнамасында қарастырылған салықтарды, баж салығын төлейді. Осы алым-салықтан құралған қаржы халықтың әлеуметтік қажеттіліктеріне, жол, көпір сынды инфрақұрылым салуға жұмсалатынын жақсы білесіздер. 4 млн 200 мың адам әлеуметтік міндеттемелерін орындап келеді. Ал қалған бірнеше ондаған мың автокөліктің иесі болса Қазақстан аумағындағы жолдармен жүреді, қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды шығарады, бірақ әлеуметтік міндеттемелерді орындағысы келмейді. Бұл әділ ме? Біз көпшіліктің мүддесін қорғауымыз керек, – деді Марат Қожаев.
Жалпы, Армениядан елімізге әкелінген көліктердің саны 22 мыңға жуықтайды. Қырғызстан мен Ресейдің әрқайсысынан 15 мыңға тарта автокөлік келген. Қазіргі таңда Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп, көлігін тіркеуге ниетті азаматтарға ыңғайлы жағдай жасау үшін «Жолда қабылдау» республикалық акциясын жүзеге асыруда. Акция аясында елдің барлық аймағында полицияның 516 кеңес беру пункті ашылып, шетелдік көлік құралдарын тіркеуге қатысты кеңес беріліп жатыр.