Жаңалықтар фабрикасы
«Анадолы» ақпарат агенттігі әлем халқының 90 пайызын қамтиды, ал оның өкілдіктері 100-ден астам мемлекетте жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар 76 мемлекетте агенттіктің тұрақты оқырмандары тұрады. Агенттік материалдарын алты мыңнан астам ақпарат агенттігі, телеарналар мен басқа да БАҚ қолданады. Расымен де жаңалықтар фабрикасы дерсің. Агенттіктің бас редакторы Метин Мутаноғлының сөзінен білгеніміз, олар өздерін осылай атайды да екен. Агенттік өкілдерінің айтуынша, олар Қазақстанға көңіл бөліп қана қоймай, қазақ-түрік қарым-қатынасының дамуына да өз үлестерін қосып келеді.
«Анадолы» агенттігі Қазақстанға ерекше көңіл бөледі. Біз Қазақстан туралы бір айда шығатын материалдар санын 45-ке дейін арттырдық. Бұдан бөлек 165 фото мен 4 эксклюзив материал береміз. Қазақстанда Анадолының бір қызметкері жұмыс істейді. Болашақта жарияланатын материалдар санын арттыруды жоспарлап отырмыз. Агенттік құрамында Орталық Азия және Кавказ елдерінің бөлімі бар. Хабар академиясы жұмыс істеп тұр. Ол біздің қызметкерлерді оқытып қана қоймай, басқа агенттік өкілдері мен әріптестерімізге оқыту курстарын өткізеді. Олар тақырып бойынша өтеді, мысалы, энергетика, денсаулық сақтау саласын жазатын журналистика, әскери журналистика. Бұл курстардан Қазақстаннан 17 журналист өтті. «Қазақпарат» агенттігімен тығыз байланыс орнатып, серіктестік аясында материалдар алмасамыз», деді Метин Мутаноғлы.
Айтпақшы, «Анадолы» агенттігі жүз жасаған «Egemen Qazaqstan» газетімен жасты десек те болады. Агенттік 1920 жылы Түркия басшысы Мұстафа Кемал Ататүріктің бастамасымен құрылған. Биыл 100 жылдығын атап өтпек.
Елбасын үлгі тұтатын саясаткер
Қазақстанға тек журналистер ғана емес, саясаткерлер мен бизнесмендердің де қызығушылығы зор екенін айту керек. Біз бұған Түркияның Ұлы ұлттық мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоппен кездескенде де көз жеткіздік. Парламент спикері екі мемлекеттің арасындағы байланысты Түркия үшін өте маңызды деп санайды.
«Түркия әлем бойынша бірінші болып Қазақстанның тәуелсіздігін мойындады және соны мақтан етеді. Қазақстан мен Түркияның өзара серіктестігі екі халықтың бауырластығына негізделген. Біздің мемлекеттеріміздің арасында бауырлық, достық қарым-қатынас орнаған. Біз бұл қатынастар болашақта да дами беретінін нық сеніммен айта аламыз», дейді ол.
Мұстафа Шентоп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы ерекше құрметпен сөйледі. Саясаткердің айтуынша, ол жастайынан Нұрсұлтан Назарбаевты үлгі тұтады және оның қызметі мен іс-әрекеттерін жіті бақылап жүреді. Мұстафа Шентоп атап өткендей, ол Қазақстанның Тұңғыш Президентімен болған кездесуді үлкен қуаныш және құрмет деп қабылдаған.
«Тәуелсіздік жылдары біздің мемлекеттеріміздің арасындағы өзара қарым-қатынастың дамуында Нұрсұлтан Назарбаев үлкен рөл атқарды. Екі мемлекет көшбасшыларының жеке қарым-қатынастары да оң әсер етті. Нұрсұлтан Назарбаев түркі тілдес халықтарды жақындастыру үшін көп еңбек сіңірді. Елбасы мақаласында айтып өткендей, өз тамырын, тарихын білетін халықтың болашағы жарқын болмақ», дейді Мұстафа Шентоп.
Парламент спикері ТүркПА-ның (Түркі тілдес халықтардың Парламенттік Ассамблеясы – ред.) келесі отырыстарының бірін Түркістан қаласында өткізу туралы Қазақстанда айтылған ұсынысты қолдап отыр. «ТүркПА төрағалығы Әзербайжаннан Қазақстанға өтеді. Отырыс ата-бабаларымыздың жерінде, біздің рухани орталығымызда өтсе, біз тек қуанамыз», деп атап өтті ол.
Түрік бизнесінің Қазақстанға қызығушылығы зор
Тағы бір қызықты кездесу Turkish Aerospace Industries (TAI) компаниясында болды. Бұл Түркиядағы авиацияны және ғарыш жүйесін дамыту, жүйелі интеграция мен эксплуатациялық қолдау саласындағы алдыңғы қатарлы компаниялардың бірі. TAI әскери ұшақтар, тікұшақтар, пилотсыз аппараттар, тіпті, ғарыш спутниктерін шығарады. Біз тікұшақ құрастыратын цехта болдық және спутниктерді тексеруге арналған бақылау алаңына бардық. Бұл көрініс адамды таңғалдырмай қоймайды. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, тікұшақ корпусы, оған қажетті барлық деталь TAI цехтарында жасалған, ішкі электроника құрылғылары түріктердің Aselsan компаниясында өндірілген, ал шетелден тек қозғалтқыш әкелінеді екен.
Turkish Aerospace Industries президенті Темел Котил кездесу барысында компания шығаратын әскери ұшқыш техниканың модельдерін мақтанышпен таныстырды да, одан кейін оларды шығару жұмыстарын Қазақстанда ретке келтіргісі келетінін, тіпті сол жақта қазақстандық тарап басқаратын компания құруға да болатынын айтты. Бұл компания спутниктер де шығарады екен. Мұндай спутниктер Қазақстан шекарасында тәулік бойы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қауқарлы. Қазіргі таңда компания қазақстандық тараппен серіктестік туралы келіссөздер жүргізіп жатыр.
Түркияда бизнес құрылымдардың басын қосатын ірі құрылым бар. Түркияның палаталар мен биржа кеңесі (ТОВВ) деп аталатын бұл ұйымға 365 палата кіреді. Жалпы алғанда экономиканың әр секторында жұмыс істейтін 1,5 миллион фирма бар. Олар 15 млн адамды жұмыспен қамтып отыр. Кеңес мүшелеріне жалпы ұлттық табыстың 85 пайызы тиесілі. Биыл 180 млрд доллар болған 100 пайыз экспортты да солар жүзеге асырды. ТОВВ-тың өз университеті бар.
ТОВВ төрағасының орынбасары Фаик Явуздың айтуынша, Қазақстан Орталық Азиядағы инвестициялық тартымды бірден-бір мемлекет. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы діттеген межеге жетпегенімен, биыл бұл үш миллиард доллар болады деп күтілуде. Ал ортақ мақсат – тауар айналымын 10 миллиард долларға жеткізу.
Серіктестік жолындағы маңызды қадамдардың бірі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Түркі сауда және индустрия палатасы болды. Оның құрылуы сауда-экономикалық серіктестікті белсенді ету, түркі тілдес мемлекеттердің ортақ жобаларын жүзеге асыру үшін қажетті платформаны құру қажеттілігінен туындаған. Ал былтыр шілде айында Ыстанбұлда палатаның алғашқы отырысы өтті. Екінші отырысты Нұр-Сұлтан қаласында өткізу жоспарлануда. ТОВВ өкілдерінің қатысуымен өткен кездесу барысында бірлескен жұмыс нәтижелері, оның ішінде қазақстандық тараппен ақпарат алмасу, бизнес-форумдар, сонымен қатар көптеген халықаралық платформадағы бірлескен қызмет туралы айтылды.
Екі мемлекет арасындағы жан-жақты серіктестікті нығайтуда Қазақстанның Түркиядағы елшілігі маңызды рөл атқарады. Төтенше және өкілетті елші Абзал Сапарбекұлының айтуынша, былтыр Ыстанбұлда 10 қараша күні Премьер-Министр Асқар Маминнің қатысуымен өткен қазақ-түрік бизнес форумының нәтижесінде құны 1,5 миллиард доллар болатын 18 құжатқа қол қойылған. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 2019 жыл қорытындысында Қазақстанға тартылған түрік инвестициясы еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бергі ең үлкен көрсеткішке жетпек. Сонымен қатар жылдың қорытындысында Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 3 млрд долларға жетіп, 2018 жылғы көрсеткіштен кем дегенде 30 пайызға өседі. «Қазіргі таңда Қазақстанда түркиялық инвесторлардың қатысуымен жалпы сомасы 2,9 млрд доллар шамасында 18 жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың ішіндегі құны 1,8 млрд доллар болатын 14 жоба елшіліктің тікелей жұмысының нәтижесі. Бұдан басқа қазір құны 1 млрд доллардан асатын шамамен 35 жаңа жоба бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде», деді А.Сапарбекұлы.
Нұр-Сұлтан – Анкара – Ыстанбұл – Нұр-Сұлтан