Абай • 28 Қаңтар, 2020

Хакім тағылымы һәм ұлттық код

986 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Абайды білмейтін қазақ кемде-кем. Алайда қазіргі жаһандану дәуірінде жас буынның көкірек көзін ашып, жүрегіне нұр мен бойына қайрат, санасына ақыл сәулесін шашып тұруы үшін Абай өсиетін қалай дәріптейміз? Бүгінгі ұрпақ Абайды оқи ма, құрмет тұтып, оның даналығын бағдар етіп ұстана ма? Абай тағылымы қанша заман өтсе де өзекті, мазмұны терең, бірақ сол тағылымды дүниеге жастардың жаппай көңіл аударуы, түсініп, жандарына жақын етуі үшін қайтпек керек? Әрине бұл сауалдарға бірден жауап беру қиындық туғызатыны сөзсіз.

Хакім тағылымы һәм ұлттық код

ХХІ ғасыр адамзатқа жаңа құн­дылықтар жүйесін ала келді. Жаппай тұтыну қо­ғамы қалып­тас­ты. Ақпа­рат алмасу мен байланыс жүй­е­сінде жылдамдық арт­­­қан сайын адамдарда асы­ғу күйі күшейген заман орнады. Өмірге қа­жет­ті техникалық құ­рал­дар жетіл­генімен уақытты ти­ім­ді пайдаланудың мүмкіндігі де азайып отырғандай әсер қал­ды­рады. Әлем маза­сыз­дық­қа, аны­ғын айтқанда руха­ни маза­сыз­­дыққа түсті. Адамның ма­те­риал­­дық қажет­тілігі сияқ­ты, рухани қажет­тілігі бар екені белгілі. Қазір­гі жастар құндылықты, ру­хани қажеттілігін «тапқан же­­рінен» іздеуде. Бірі әртүр­лі ді­ни ағымдардан, бірі ға­лам­тор­дан іздесе, енді бірі өзге елдің мәдениетінен, тілі­нен, дәс­түрі­нен іздеп жүр.

Дегенмен, адам заман ағы­мы­на сай бейімделетінін жоққа шы­ға­руға болмас. Абайдың «Адам баласын замана өсіреді» дей­тіні осыдан шығады. Әр адам өзі өмір сүріп отырған қо­ға­мының же­місі ретінде қа­лыптасады. Яғни, ХХІ ға­сыр өркениетінің жетістігі адам­дар қатынасының жаңа жүйе­сін қалыптастырды. Осындай қоғамдық қаты­нас­тар жүйесінде Абайға заман ағымына сай қайта оралу, түсіндіру, оқу бағ­дар­ламасын жасау, Абай ор­та­­­лық­тарын ашу аса керекті іс бол­мақ.

Қазақстан Президенті Қ.К.То­қаевтың «Абай және ХХІ ға­сыр­д­ағы Қазақ­стан» тақыры­бын­­дағы мақа­ла­сын­да бүгінгі қоғам даму­ына сай Абай ілімі­не мазмұнды баға берілген. Мем­ле­кет ісінде, идеология мен жа­һан­дық дамудың үрдісінде қа­лып­тасқан жаңа қоғамдық жү­йе­де ойшыл ұсынған концеп­ция­ларды жаңғыртудың және жүзеге асырудың жол­да­­рына стра­тегиялық бағ­дар­лама жа­сал­ған.

Абай он тоғызыншы қара сөзінде «Естілердің айтқан сөз­­де­рін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» дейді. Біз Абай орталықтары арқылы Абай айтып отырған «Толық адам» іліміне негізделген идея­ны алға тарта отырып, жас­тар арасында «есті сөз» ай­туды тоқтатпағанымыз аб­зал.

Қазір интернет заманы дей­міз. Абай айтқан «сыбырдан басқа сыр жоқ» ақпа­рат­тар әлеу­меттік желілер мен мессенд­жер­лерде желдей есіп, елді дүр­лік­тіреді де жатады. Осындай тұста Абай­дың «Өңкей жалған мақ­­тан­мен, Шынның бетін бояй­ды» деген тағы бір өлең жолы ойға оралады. Елді пайдасыз сыбыр мен жал­ған сөзден аулақ болуға ша­қыр­ған Абайды оқу, оның «есті сөзін» естен шығармай өмір­лік бағдар етудің жеке адам үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін де пайдасының зор екенін байқауға болады.

Президент атап айтқан­дай, бүгін­гі жас буын Абай­ды оқудан, өлеңін жаттаудан жа­лықпағаны жөн.

Жоғарыда атап өткен Абай орта­лық­тарын орта мек­тептер мен жоғары оқу орын­дары жанынан ашу, ол ор­талықтарға жас­тарды көп­теп тартудың ма­ңы­зы зор. Бұл орталықтарда жастарға ойшыл ілімімен жете та­ны­су­ға мүмкіндік ашылады. Сондай-ақ орталықтарда көр­­некті абайтанушылар және ға­лым­дармен кездесу­лер ұйым­дас­тырылып, Абай­­­дың өзі мең­зе­ген «есті адам­­­дардың есті сөзі айтылса» орынды болар еді.

Орталықтардың Абай ілі­мі­мен шектеліп қалуы мін­­дет­ті емес деп ойлаймын. Интел­­лек­туал­дық әрі рухани орта ретінде қалыптасып, ой өрісі кең жас­тар­ды тәрбие­лей­тін орталыққа айналдыру қажет.

Бұл өз кезегінде ел жас­та­ры­ның рухани құндылыққа деген көзқарасын қа­лып­тас­тырып, біз тілге тиек етіп отырған жаһан­да­ну дәуі­рін­де ұлттық кодты сақ­тауда ма­ңызды тетік болады деп сене­міз.

 

Дархан ЖАЗЫҚБАЕВ,

философия ғылымдарының кандидаты