Аймақтар • 28 Қаңтар, 2020

Нақыл сөздерге толы ағаш

483 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мектеп кітапханашысы Ульфат Қожанбаеваның айтуынша, бұл – Абайдың 175 жыл­­дығына қосқан оқушылардың өзінше бір үлесі.

Нақыл сөздерге толы ағаш

Ал мектеп кітапхана­сында оқушы­лар өздері өсір­ген гүл ағашының бұ­тақ­­­тарына Абай атаның нақылдары жазылған жұл­дызша қағаздар іледі.

Жұлдызшаларда «Қыс», «Күз», «Жаз», «Жазғытұры» секілді өлеңдері жазылған.

Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар, қалан,

деп екінші бір жұлдызшаға жазылады.

– Әрбір жұлдызша қағаз бұтақ­тарға зиян келтір­мей­тіндей жіңішке жіп­тер­мен байланады. Қағазға жа­зылған «Бес нәр­седен қа­шық бол, бес нәрсеге асық бол, адам бо­лам десеңіз. Өсек, өті­рік, мақ­таншақ, ерін­шек, бекер мал шаш­пақ – бес дұшпаның біл­сеңіз. Та­лап, еңбек, терең ой, қа­нағат, рақым ой­лап қой, бес асыл іс көнсеңіз» де­ген нақыл сөздері жаттауға же­ңіл әрі бір­ден оқушылар есін­де қалады, – дейді кітап­ха­нашы.

Қазақ тілінде оқитын өзге ұлт өкіл­дерінің ұл-қыздары Мариям Абин, Мұрат Гросс, Мумади, Милана Абу­ба­ка­ровтар, Нилуфар Ганиевтер де «Қан сонарда бүркітші шығады аң­ға», «Қалың елім, қазағым, қайран жұр­тым», «Желсіз түнде жарық ай» се­кілді Абай өлеңдерін, нақыл сөздерін жатқа біледі.

Оқушылар бір уақ қол­­да­рындағы ұялы те­лефондарын тастап, әде­би кітаптар оқуды әдетке ай­налдырған.

Гүл ағашындағы жұл­дыз­шаларға жазылған на­қыл сөздерді, өлеңдерді ке­­зектесіп ауыстырып отырады. Бар­лығы да «Кітап жа­нашырлары» үйірме­сінің мүшелері.

– Кітапханамызда оқу­лықтар, әде­би кітаптардың 14406 дана қоры бар. Төкен Гүлзада, Есқали Айым, Со­циал Зарина, Темір Жарқын, Елубай Нұрай, Жанерке Бектұрова, Түсіпбек Жеңіс, Зейніш Бекзат, Мұхамеджан Самат, Алтынай Қалелова сияқты оқу­шылар – тұрақты оқырмандар, – дейді Ульфат Қожанбаева.

Мектеп кітапханасында жаңа кітап­тарды танысты­ратын «Ауызша журнал» күні, рухани-мәдени тақы­­рып­­тағы көрмелер, оқыр­ман­дарға ар­налған сұхбат-кездесу күндері өткізіледі.

– Абай атамыздың мерейтойына арналған шаралар мектебімізде жыл бойы жалғасады. Өнегелі сөзі, үлгілі өсиеті көп. Таусылмас рухани қазынасын оқу­шы­лар жадына сіңіре білуіміз керек, – дейді мектеп директоры Әлия Анафина.

 

Павлодар облысы,

Май ауданы