Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында күн райының күрт өзгеруіне байланысты атқарылып жатқан жұмыстар баян етілді. Қазіргі таңда ел астанасында ауа райының қолайсыздығына байланысты тас жолдар жабылып, әуе рейстерінің ұшуына шек қойылды, 0-11-сынып оқушылары мен колледждің барлық курс студенттеріне сабақ тоқтатылды.
Сондай-ақ зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету мақсатында құтқарушылар тобынан жасақталған жедел штаб құрылып, үш қауырт желі (24-52-12, 24-51-47, 24-51-71) іске қосылды. Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, бүгінде қар құрсауынан 645 адам құтқарылып, 133 көлік шығарылды.
«23 қаңтардан бастап бүгінге дейін азаматтық қорғаудың барлық жүйелерінің көмегімен 645 адам құтқарылды. Бір қуанарымыз, қаза болған адам жоқ. Бұл үлкен жетістік. Сондай-ақ Ақмола облысына қарасты елді мекендерінің тұрғындарына көмек көрсету үшін 32 шақыруды жүзеге асырды, онда 426 адам, оның ішінде 5 жүкті әйел мен 36 бала құтқарылды. Тәулік бойы барлық жүйе жұмыс істеді. Төтенше жағдай режимін енгізгеннен кейін Нұр-Сұлтан қаласы аумағында ТЖ алдын алу және жою бойынша мемлекеттік жүйе жұмыс істейді», - деді ол.
Елорда әкімдігімен ТЖ кезінде зардап шеккендерді орналастыру үшін 4 қонақ үй дайындалды, атап айтқанда «Жігер», «Әл Қуат», «Нұрғалиев» ЖК және «АЮ» хостелі. Қонақүйлердің жалпы саны 1000 орын. Аудан әкімдіктерімен бірлесіп 11 УОП (уақытша орналастыру пункттері) дайындалды. Бүгін УОП-қа 6 адам орналастырылды. Сондай-ақ қала бойынша 70 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмыс істейді, оның ішінде 10 дәрігерлік және 60 фельдшерлік бригада бар. Қазіргі уақытта 8 фельдшерлік бригада (қосымша бригада) жұмыс істейді. Сонымен қатар, ТЖД басшысы ауа райына байланысты жұмысына жете алмай қалған тұрғындарға «Қазгидромет» РМК арнайы анықтама бере алатындығын атап өтті.
«Бүгіннен бастап елордада төтенше жағдай режимі енгізілгенін ұмытпауымыз керек. Мұндай жағдайда «Қазгидромет» РМК-да азаматтарға ауа райының қиындығына байланысты жұмысына жете алмай қалғаны жөнінде арнайы анықтама беретін қызметі бар. Кез келген қала тұрғыны бұл анықтаманы алып, басшылығына өткізе алады. ТЖ режимі енгізілген жағдайда азамат өз еркімен жұмысқа шыға алмайды, бұл ретте мұндай шешімді ТЖ жою басшысы қабылдайды. Бұған заңды негіз бар», - дейді Бауыржан Сыздықов.
«Қазгидромет» РМК Ауа райын қысқа мерзімге болжау басқармасының басшысы Алуа Саханованың айтуынша, 27 қаңтарда жауын-шашынның мөлшері айлық нормадан үш есе артық түскен.
«Ал 28 қаңтарда қала аумағында күн бұлтты, қар жауып, боран соғады, оңтүстік-батыстан, батыстан 9-14 м/с жел соғады. Ауа температурасы түнде -18-20°С және күндіз -8-10°С болады», - дейді Алуа Саханова.
Айта кетсек, «112» шұғыл телефон қызметіне 23 қаңтардан бастап 25 623 қоңырау келіп түсті, оның ішінде 6290 қоңырау (75%) тас жолдардың ашылуы/жабылуы, автожолдардың жай-күйі туралы болды. Одан бөлек, қала ішінде және тасжолда ТЖ департаменттері 74 бағытта патрульдеу ұйымдастырды. Олар арнайы техниканың көшелерді жылдам тазартуына көмектеседі.