Қазақстан Республикасы Президентінің шәкіртақысы – Назарбаев шәкіртақысына лайықты магистранттарды іріктеу жөніндегі Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі конкурстық комиссиясының отырысы өтті.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мүшесі Н.Ә.Назарбаевтың ай сайынғы шәкіртақы қоры тағайындайтын Назарбаев шәкіртақысы еліміз жоғары оқу орындарының «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған оқу үлгерімі үздік, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып, жоғары оқу орнының, қаланың, еліміздің қоғамдық қызметіне белсенді араласып жүрген 10 магистрантына беріледі. Комиссия отырысына төрағалық еткен Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жоғары оқу орындары ғылыми кеңесі ұсынған 50 үміткердің талқыға түскенін хабарлады. Олардың барлығы да екінші жыл оқып жатқан магистранттар. Конкурстық комиссия солардың арасынан 10 магистрант таңдалып алынды. Барлық үміткерлердің оқу үлгерімі жоғары – 4,0 (GPA).
Үздік магистранттарға Назарбаев шәкіртақысы осымен үшінші рет тапсырылып отыр. Жыл сайын үміткерлер саны артуда. Бірінші жылы конкурсқа 14 магистрант қатысса, екінші жылы 28 үміткер өз бақтарын сынаған еді. Биыл олардың саны 50-ге жетті.
«Егемен-ақпарат».