Технология • 28 Қаңтар, 2020

SpaceX көктемде ғарышқа адам аттандырмақшы

384 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

SpaceX  компаниясы биылғы көктемде халықаралық ғарыш стансасына Crew Dragon кораблімен екі астронавт ұшыруды жоспарлап отыр.

SpaceX көктемде ғарышқа адам аттандырмақшы

Жақында ғана апатты жағдай болса, адамдар қалай аман қалатынын көрсеткен сынақ ретінде жасалған ұшуды ұйымдастырды. Ұшқан ракета арнайы жарылып, капсулаға отырғызылған екі манекен аман-есен жағалауға жақын су бетіне қонған болатын. Бұл сынақ NASA-ның басқа жекеменшік ғарыш компанияларымен бірлескен коммерциялық бағыттағы бағдарламасы бойынша жүзеге асып жатыр. Жоспар бойынша компания астронавттардың ұшуын ғана емес, олардың қону мәселесін де шешіп қойған.

NASA 2011 жылдан бастап «Спейс шаттлдың» дәурені біткен соң астронавттарды ғарышқа аттандырып, жерге алып қайту үшін ресейлік «Союз» корабльдерінен орын жалға алып келеді. Бірақ әр ғарышкерге 85 млн доллар кететінін ескерсек,  SpaceX компаниясымен серіктес болу тиімді болып тұр. Сол себепті де ғарыш агенттігі Commercial Crew бағдарламасын қабылдап, жаңаша мүмкіндіктер іздестіруде.

Боб Бенке мен Даг Херли жекеменшік ғарыш кораблімен халықаралық ғарыш стансасына баратын алғашқы адамдар болмақшы және олар АҚШ-тың ғарыштық сапарларында жаңа дәуір басталатынына сенімді. Жоғарыда аталған бағдарлама бойынша Boeng компаниясы ғарышқа сапарлар ұйымдастырмақшы ойда екен. Дегенмен, SpaceX олардың алдын орамақшы.

Халықаралық ғарыш стансасына ары-бері астронавт тасуды мойнына алып отырған SpaceX компаниясы Falcon 9 ракетасын ұшырғаннан кейін жоспарлы түрде жарып көріп, одан арнайы манекендер отырған арнайы Crew Dragon A капсуласын еш зақымсыз қондырған болатын. Бұл ұшу алдындағы ең негізгі сәтті жаттығу болатын. Осылайша ғарышқа сапарлаудың жаңа дәуірі басталмақшы.

Іске асып жатқан технологиялық үрдіс АҚШ экономикасына көп пайдасын тигізері анық. Үкіметпен миллиардтаған долларға келісімшартқа отырған SpaceX және Boeing компаниялары өзіне де, өзгеге де тиімді болатын қыруар шаруалар атқармақшы болып отыр.

Экипаж мүшелерінің дайындығына келсек, жоғарыда аталған екі астронавт 20 жылдан бері бірге жұмыс істеп келе жатқан әріптестер ретінде бір-бірін өте жақсы біледі және осы сапарға 2018 жылдан бері түпкілікті дайындалуда көрінеді. Қауіпсіздік мәселелері бойынша Боб Бенке мен Даг Херли Crew Dragon ғарыш кораблінің ішкі жүйесін бүге-шігесіне дейін әбден зерттеп, өз ұсыныстарын айтып, ескертпелерін берген. Күнделікті жаттығудан қолдары босамайтын ғарышкерлер ұшатын күнді асыға күтуде екендіктерін айтқан.