Шынын айтқанда, Қарағанды облысында қар аршу ісінің машақаты көбейіп тұр. Қардың мұнша көп түсуі қолдағы техника қорының жеткіліксіз екенін көзге шұқып көрсетті. Облыс орталығы өз алдына, қалалар мен аудан орталықтары, ауылдар, содан соң автомобиль жолдары омбы қардың астында қалды. Тіпті ел арасына «Қарағандының қар тазалайтын техникаларын астанаға алып кетіпті» деген қауесет те тарап кеткен болатын. Алайда мұны облыс әкімінің баспасөз қызметі ресми түрде жоққа шығарды.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әскербек Халтоновтың айтуынша, өңірдегі жолдардың қарын тазалаумен 52 мердігер ұйым айналысып жүр. Олардың иелігінде 800 бірлік техника бар.
Өкінішке қарай, күні-түні ескерткенге қарамастан, адамдар алыс сапарға шығуын тоқтатпай отыр. Мұның өзі облыс құтқарушыларын әбден діңкелетіп, уақытпен санаспай жұмыс істеуге, құтқару операцияларын күні-түні жүзеге асыруға мәжбүр етіп отыр. Соңғы тәуліктің өзінде қар құрсауында қалып қойған 300-ге таяу адам құтқарылып, қауіпсіз жерге көшірілді.
Қазіргі таңда алыс ауылдар мен аудандарға апаратын жолдардың басым бөлігін қар басып қалған. Қолдағы техниканың бәрін салғанмен, алапат қардың жеңістік берер түрі жоқ.
Таяуда құтқарушылар облыстағы Ақтоғай ауданының Жидебай ауылдық округіне қарасты Сабырбай қыстағындағы жүкті әйелге «Трэкел» деген көліктің күшімен жетіп, айы-күні жеткен келіншекті ауруханаға аман-есен жеткізді. Мұндай мысалдар көп-ақ.
Жолда қалған авто жүргізушілерге облыстық полиция қызметкерлері зор көмек көрсетіп жүр. Өңірдегі барлық автожолдарға 27 бекет қойылып, онда 100-ден астам тәртіп сақшысы күн демей, түн демей кезекшілік етуде.
Облыстағы қазіргі жағдайдың өте күрделі екенін өңір басшысы Жеңіс Қасымбек те мойындап отыр. Қардан тазарту жұмыстарын талқылаған аппарат кеңесінде ол тұрғындар тарапынан түсіп жатқан шағымдардың көптігін атап өтті.
– Алдағы күндерге деген болжам мәз емес. Бірнеше күн қар жауып, боран соғуы мүмкін деген мәлімет бар. Сондықтан республикалық және облыстық маңызы бар қалалар мен жолдарда білек сыбана жұмыс істеу керектігін маңызды мәселелердің бірі деп санаймын. Қар тазалау туралы күн сайын селекторлық режімде әр әкімді тыңдайтын боламын, деді ол.
Сонымен қатар облыс әкімі қар жинауға және шығаруға қосымша техника тартуды тапсырды. «Ол техника бар ма, бар болса оны қайдан алады?» деген сұрақтарға жауапты біз алдағы күндері алатын боламыз.
Қазір қар күреуден көз ашпай жүріп, алдағы көктемде болуы мүмкін апатты жағдайды естен мүлдем шығарып алғандаймыз. Мәселен, қалалардан тысқа тау-тау болып шығарылған, күре жолдардың екі қапталында жал-жал болып үйіліп жатқан қар күні ертең ерігенде не болмақ? Тап сол кезде қарғын суға қарсы тұрар амал-әрекетіміз қайсы? Өкінішке қарай, әзірге мұны ойлап бас қатырып жатқан адам аз. Өйткені бар күш-қуат толассыз жауған қарды күреуге жұмылдырылған.
Қарағанды облысы