Аймақтар • 29 Қаңтар, 2020

Сабақ тоқтады, жолдар жабылды

390 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақ түтек боран, қалың қар еліміздің өзге өңірлерімен қатар Шығыс жұртын да әуре-сарсаңға салып қойды. Кеше облыстың Семей, Кур­чатов қалалары мен Ұлан ауданының бірқатар мектептерінде сабақ тоқтатылды. Ұлан ауданының 4 ауылында бірінші ауысымның 1-9, аудан бо­йынша екінші ауысымның 1-9, Курчатовта бірінші ауысымның 1-9 және Семейде екінші ауысымның 1-4-сынып оқушы­лары мектеп­ке бара алмады.

Сабақ тоқтады, жолдар жабылды

Өңірде ауа райының қолайсыз­дығына байланысты тас жолдар да бірінен соң бірі жабылуда. Соның кесірінен жолда қалған жолаушы көп. Мәселен, 17-18 қаңтар күндері Глу­бокое ауданындағы Березовка ауы­лы арқылы өтетін тас жолдың жабы­луына байланысты 20 адам Бере­зовка орта мектебіндегі жылыту пункттеріне жеткізілді. Ал 25 қаңтарда «Аягөз-Алматы» тас жолы жабылып, Семей-Мақаншы, Семей-Барлықарасан, Семей-Талдықорған бағыттарында жүретін автобустар Аягөзде тоқ­тауға мәжбүр болды. Он­дағы 71 жо­лаушының 8-і қонақүйге, үшеуі туыс­тарының үйіне, қалғандары Аягөз қаласындағы спорт мектебіне орналас­тырылды. Кеше өңір арқылы өтетін «Омбы-Майқапшағай» (587-733), «Өскемен-Тарғын-Самар» (88-145), «Өскемен-Семей» (10-198) жолдары уа­қытша жабылды.

«Кәрі құда» аймақтағы тұрғындар­мен қатар төрт түлік пен аң-құс атау­лыны да әлекке салуда. Мәселен, 22 қаң­тарда Көкпекті ауданында 70 жылқы алай-дүлей боран кезінде далада қалып қойған. Амалы таусылған «Қабыл Қапар» шаруа қожалығының қожайыны құтқарушылардан көмек сұрап, қылқұйрықтылар аман-есен табылды. Бұдан бөлек «Курчатов-Семей» тас жолына дейін көлікпен келіп, әрі қарай 5 шақырым жердегі қыстағына жаяу бармақ болып, адасып кеткен ер адамға көмек көрсетілді. Құтқарушылар оны тас жолдан шамамен 3 шақырым жерден тауып, Семейге дейін жеткізіп, дәрігерлерге тапсырған.

Толастамай жауған қар мен ұйыт­қи соққан боран төтенше жағдай сала­сының қызметкерлері мен жол­шыларға тыным таптырмауда. Облыстық жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы берген мәліметтерге сүйенсек, қазір аймақтағы жалпы қашықтығы 3 мыңнан астам ша­қы­­рымды құрайтын облыстық ма­­ңызы бар жолдарды тазартуға «ОблШығысЖол» кәсіпорнының 116 тех­­ни­касы жұмылдырылған. Соны­мен қатар облыс аумағындағы тас жол­дардың бойында 12 616 метр ста­цио­нарлы қар ұстағыш қалқандар ор­на­тылған. Облыстық Төтенше жағ­дайлар департаментінің хабарлауынша, өңірдегі жолдардың бойында 19 жы­лыту пункті мен 4 медициналық құт­қару бекеттері жұмыс істеп тұр. 

 

Шығыс Қазақстан облысы