Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, бүгінде Ухань қаласында 98 қазақстандық студент бар. Жандарбек Бекшин олардың 61-і арнайы бортпен елге жеткізілетінін және олар екі апта бойы карантиндік стационарға орналастырылатынын айтты. «Премьер-Министрдің кеңсесінде өткен брифингте біздің Үкімет Қытай Халық Республикасы үкіметіне Уханьнан 61 студентті алып келуді ұйымдастыруға ниетін білдірді. Қытайға арнайы бортпен баратын біздің дәрігерлер қорғаныс костюмдерімен, маскалармен жабдықталады. Борт келгеннен кейін де дезинфекциядан өтеді. Студенттер 14 күндік карантиндік стационарға орналастырылады. Қазір Қытай тарапынан біздің ұшақтың ұшуы туралы келісім күтудеміз. Туристер мен іссапарда жүргендерді қайтаруымыз керек. Сондықтан қазіргі таңда шекараны жабу мүмкін емес», деді ол.
Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, елімізде маскалар, арнайы костюмдер, дәрілер барлығы жеткілікті. Сондай-ақ отандық өндірушілерге дәке таңғыштарын жаппай өндіруге тапсырыс та берілген.
Сондай-ақ ол коронавирустың алғашқы белгілері жедел респираторлық вирустық инфекциямен (ЖРВИ/ОРВИ) және тұмаумен ұқсас болатынын атап өтті. «Жаңа вирустың таралуы бізде жыл сайын болатын маусымдық жедел респираторлық-вирустық инфекцияның, тұмаудың өршу кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Үшеуінің де алғашқы белгілері бірдей. Бүгін сағат 11-дегі ақпарат бойынша, елімізде 4 науқас ауруханаға жатқызылды. Алматы қаласындағы екі науқас медициналық көмек алғаннан кейін, үйлеріне қайтты. Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы бір науқас та ОРВИ диагнозы бойынша ем қабылдауда. Бүгін таңертең Нұр-Сұлтанға Бейжің қаласынан келген 16 жастағы оқушы балалар инфекциясы ауруханасына жатқызылды. Оған да біздің инфекционист кеңесшілер осы диагнозды қойды. Түстен кейін Хайнаньда демалыста болған ақмолалық бір отбасы келді. Екі баласының қызуының көтерілуіне байланысты барлық отбасы ауруханаға жатқызылды», деді Ж.Бекшин.
Денсаулық сақтау министрлігі 6 қаңтардан бастап Қытайдан келген барлық шетелдік азаматтармен байланыс орнатқан. Олармен жергілікті медицина қызметкерлері тікелей байланыста. Осыны айтқан Жандарбек Бекшин Қытайдан келген барлық кісілердің емханаларға өздігінен барып есепке тұруы керек екенін жеткізді.
Сондай-ақ ол ауру белгілері байқалған кісілердің қан сынамалары бірден арнайы зертханаға жіберіліп, үш күн ішінде анықталатынын атап өтті. «Анықтау қиынға соққан жағдайда өзіміздің алгоритміміз бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бекітілген зертханасына сынамаларды жібереміз. Бүгінде биотехнология ғалымдарымен бірлесіп, еліміз бойынша Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында отандық арнайы диагностика орталығы жасақталуда. Сондай-ақ біз Ресей Федерациясындағы әріптестермен келісімге келдік. Керек кезде сынамаларды Мәскеуге және Новосібір қаласына жібереміз. 30 қаңтарға дейін өзіміздің диагностикалық заттарды әзірлеп шығуға мүмкіндігіміз бар. Біз алдын алу шараларының барлығын жүргізіп жатырмыз», деді Ж.Бекшин.