Аймақтар • 29 Қаңтар, 2020

Жамбыл облысында бір түнде 206 бас қойды қасқыр қырып кетті

403 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында қыс келіп, күн суытқалы бері әсіресе ауылды жерлерге түз тағылары тыным бермей тұр. Осы уақытқа дейін өңірдегі бірқатар шаруашылықтың малы қасқырларға жем болған еді.

Жамбыл облысында бір түнде 206 бас қойды қасқыр қырып кетті

Енді Талас ауданына қарасты Қызыләуіт ауылындағы Ақтөре Әбдебайдың иелігіндегі шаруашылықтың 206 бас қойын бір түнде қасқыр қырып кетті. Ал, малынан айырылған шаруа қасқырлармен күресу мүлде мүмкін емес екенін айтады. Өйткені түз тағыларын атуға тыйым салынған. Қасқырларға қарсы қолданатын мылтығының өзін жергілікті полиция өкілдері алып кетіпті. Енді шаруа бір-ақ күнде 20 жыл бойы еткен еңбегінің еш кеткеніне күйініп отыр. Жуық арада мал басын еселеу тағы мүмкін емес.

Қасқыр жаралаған қойларын шаруа ауылдастарына сойып таратып жатыр. Шаруаға көмектеспек ниетпен ауылдастары жараланған қойларды бөліп алып, көктемде мал басын қайтарып бермекші екен. Бұл да болса шаруаға үлкен көмек. Бұдан басқа амал да жоқ. Түз тағыларының бұл шабуылы Қызыләуіт тұрғындарын алаңдатып отыр.

Ал, ит-құстың шабуылынан өлген 100-ден астам қойдың өлексесі биотермиялық шұңқырға тасталыпты. Ветеринар мамандар мал тұрған қораны залалсыздандырып, мал өліктерін жоюға жіберіпті. Шаруашылығын дөңгелетіп отырған кәсіпкер мал санын арттырғаны үшін мемлекеттен субсидия алып келіпті. Енді мал саны азайған соң одан да қағылуы мүмкін. Бірақ шаруаға өтемақы беріле ме, жоқ па, ол жағы да беймәлім. Тек бүгінде шаруаға 10 миллион теңгеден астам көлемде шығын келген.