Әлем • 29 Қаңтар, 2020

Коронавирус: Қытайда алғашқы емхана екі күнде ашылды

3437 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ухан маңындағы қалада Қытай билігі уәде еткен алғашқы коронавирус жұқтырған науқастарға арналған емхананың бірі жұмысын бастады. 48 сағат ішінде жұмысшылар мен еріктілер бос тұрған ғимаратты мың орындық емханаға айналдырған.  

Коронавирус: Қытайда алғашқы емхана екі күнде ашылды

Фото: жергілікті БАҚ

Хуанчжоу ауданындағы аурухана ғимараты бастапқыда Хуанганның орталық ауруханасының жаңа филиалы ретінде салынған және мамыр айында ашылуы керек болатын.

Алайда жұма күні жергілікті билік бос тұрған ғимаратты коронавирус жұқтырған науқастарды емдейтін емханаға айналдыру туралы шешімін жариялаған. Жөндеу жұмыстары сенбіде басталып, дүйсенбі күні емхана науқастарды қабылдауға дайын болған.

Жергілікті БАҚ-тағы мәліметке сәйкес, алғашқы науқастар жаңа ашылған Dabie Mountain аймақтық медициналық орталығына сейсенбі күні жергілікті уақытпен сағат он жарым шамасында келіп түскен.

Аурухананы уақытында тапсыру үшін 500-ден астам жұмысшы мен ондаған ауыр техника екі күн, екі түн бойы жұмылдырылған.

Емхана ашылған Хуанган Уханнан оңтүстік-батысқа қарай 75 шақырым жерде орналасқан 7,5 миллион халқы бар қала. Вирустан зардап шеккен аймақтардың бірі ретінде қалада бейсенбі күні Уханмен бірге қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылып, кіріп-шығуға тыйым салынған.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қытайда індеттен 131 адам көз жұмған, ал әлем бойынша вирусты жұқтырғандар саны 6000-ға жетті.

Бұл аурухана алғашқы ашылғандардың бірі болғанымен, жоспарда салынуға тиіс ғимарат емес. Өткен бейсенбіде Ухан билігі індетпен күресу мақсатында бір апта ішінде жаңа аурухана соғатынын мәлімдеген еді. Қазір елде өзге 4 емхана салынып жатыр немесе құрылысы аяқталып қалған.

Бір аптада аурухана тұрғызу Қытай билігі үшін жаңа емес. Осыған дейін 2003 жылы Пекинде атипті пневмония (SARS) індетін емдеуге 7 күнде арнайы уақытша медициналық орталық салынған. Қытай билігі уәде еткен тек коронавирустың жаңа түрін жұқтырған науқастар жататын аурухананың барлығы осы орталықтың үлгісінде жүзеге асып жатыр.