Аймақтар • 29 Қаңтар, 2020

Шымкентте сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында штаб отырысы өтті

284 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанынан құрылған республикалық ақпараттық-ағарту штабының мүшелері Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді.

Шымкентте сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында штаб отырысы өтті

Сындарлы диалог құру және кеңейтілген ақпараттық іс-шаралар арқылы парасаттылық қағидаттарын дамытуды және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды мақсат еткен штаб мүшелері алғашқы кездесуін қала активімен өткізді.

Жиынға қала әкімі М.Әйтенов, республикалық үгіт-насихат штабының басшысы Ы.Тұрсынзада, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі А.Бердалин, агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы А.Жұмағали, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен арнайы мониторингтік топтың мүшелері қатысты.

Агенттік өкілі Арман Бердалин штаб құрудың қоғам алдындағы маңызын түсіндіріп, сыбайластықтың алдын алуда қоғамдық санаға серпіліс жасау қажеттігін атап өтті.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру керек. Штабтың құрамында бір де бір мемлекеттік қызметші жоқ. Мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұрпақты тәрбиелеу жолында еселі еңбек етіп жүрген азаматтар. Штабқа мүше боламын, жемқорлыққа бейжай қарамаймын, адалдық принципіне үлес қоссам деген азаматтар болса, бәріне есігіміз ашық» деді агенттіктің ресми өкілі А.Бердалин.

Штаб жетекшісі Ырза Тұрсынзада ұрпақ тәрбиесі жөнінде салмақты ойларын айтып, штаб жұмысын қоғам болып жандандыру қажеттігін жеткізді.

Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаменті жанынан құрылған ақпараттық-ағарту штабы жұмысын өткен жылдың соңында бастап, қазіргі таңда бірқатар ұжыммен, жастармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.