Аймақтар • 29 Қаңтар, 2020

Оңдасын Оразалин: Қарғалы ауданында көпке үлгі болар істер көп

512 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Қарғалы ауданына арнайы іссапармен барып, аудан әкімінің дәстүрлі есеп беру жиынына қатысты.

Оңдасын Оразалин: Қарғалы ауданында көпке үлгі болар істер көп

Есеп беру жиынына аудан тұрғындары, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, облыстық басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жергілікті кәсіпкерлер қатысты.

Қарғалы ауданының әкімі Асқар Жүсібалиев ауданның 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен 2020 жылға алынған міндеттер туралы баяндама жасады. 

Жиын барысында аймақ басшысы О.Оразалин аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға беріп, ауданның бұдан да зор жетістіктерге жететін әлеуеті мен мүмкіндіктері зор екенін атап өтті.
Өзінің есептік баяндамасында аудан әкімі А.Жүсібалиев соңғы жылдары аудан көлемінде дәстүрлі емес ауылшаруашылық өнімдерін өндіру бойынша жұмыс істеліп жатқанына кеңінен тоқталды.
Облыс әкімі О.Оразалин аудан әкімінің есебін мұқият тыңдап, залда отырған тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады. Сонымен қатар өткен жылғы есептік кездесуде берілген тапсырмалардың орындалуына қатысты бірқатар сын-ескертпе айтып өтті. Жергілікті әкімдікке халықпен тығыз байланыста жұмыс істеу бойынша нақты тапсырмалар берді. 

- Бүгінгі күні елімізде қалыптасқан саяси тұрақтылық пен аймақ халқының бірлескен жұмысының, сабырлылық танытқанының жемісін көріп отырмыз. Өмір болған соң қордаланған мәселелер көп, барлығының бір күнде шешімін табу мүмкін де емес. Аудан көлемінде көптеген жұмыс атқарылды. Бұл аудан әкімдігі мен тұрғындардың бірлескен жұмысының нәтижесі деп білемін. Дегенмен нарық талабы күн сайын өзгеріп, жаңа ұсыныстарды алға тартып отыр. Ел жастары уақытпен есептеспей, нәтижелі жұмыс істеуге талпынуы қажет. Қолда бар мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, ел ертеңіне аянбай қызмет етуіміз қажет, - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Сонымен қатар аймақ басшысы аудан тұрғындарынан өзінің әлеуметтік желісіне келіп түскен бірқатар сұраққа тоқталып өтті. Аудан басшылығына аталған жұмыстардың орындалу барысын қадағалауды және шешімін тапқандығы жөнінде есеп беруді тапсырды.

- Көтерілген мәселелердің барлығы да өзекті. Жыл бойы атқарылған жұмыстардың оң нәтижесін көру үшін нақты жоспармен жұмыс істеу қажет. Қарғалы ауданы табиғаты әсем, туризмді дамытуға өте қолайлы аймақ. Шетелдік инвесторлардан тыс жол бойындағы кәсіпкерлікпен айналысатын тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсету қажет. Жергілікті халықтың негізгі тіршілік көзі ауылшаруашылық өнімдері. Осы бағытта нақты жоспарларды қолға алу қажет. Халқымызда ауласына қарап, азаматын танисың деген сөз бар. Азаматтарды аянбай еңбек етуге, өз ауламыз бен туған жерімізді күтіп, баптап, ел сүйсінетін елге айналдыру өз қолымызда. Тек уақытында көмек бере білуіміз қажет, - деді облыс басшысы. 

1

Жиын соңында облыс әкімі аудан әкімі мен басқарма басшыларына суармалы жерлерді игеру, ауыл, малшаруашылық өнімдерін өндіру, егістік көлемін тиімді пайдалануды арттыру туралы бірқатар нақты тапсырма берді.