Қоғам • 30 Қаңтар, 2020

Көш қаңтарылмасын десек...

158 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Нұрлы көш» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2009 жылы тұрғын үйлер салу үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард 200 миллион теңге бөлінді. Осы қаржыға 2010 жылы Красный Яр ауылдық округінде 2076 отбасына лайықталған 138 пәтер салынды. Қазіргі уақытта тұрғын үйлердің 35-і күрделі жөндеуді және 102-сі ағымдағы жөндеуді қажет етеді. Он шақтысы тұруға жарамсыз.

Көш қаңтарылмасын десек...

Тағдырдың тәлкегімен төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қандас­тары­мыз Қырым мен Қытайдан атажұртқа атбасын бұрғанда, Көкше жұрты ақ түйенің қарны жарылғандай қуанған. Бұл кезде Көкшетау қаласы әлі де сап-сары болып тұратын. Тау асып, тас басып келген, бірақ ата дәстүрді перзенттік махаббаттарымен қымтап, орап сақтаған, ана тілінің бар мәйегі сүйегіне сіңген ағайынмен бірге рухани әлемге жылы ағыс келеді деп есептеді. Солай болды да. Тыңның орталығы болған өңірде ана тілі шұбарланып, сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан ғажайып дәстүрге селкеу түсіп жатқаны да ақиқат болатын.

Ата қонысты аңсаған ағайынның шаттығы өз алдына, тіпті тілмен жеткізу мүмкін емес. Облыс орта­лығынан таяқ тастам жерде жаңадан салынған Нұрлы көш ауылындағы құрылысшының қалағынан енді ғана шыққан су жаңа баспанаға ие болды. Несін айтасыз,  Алаш жұрты ақ құшағын айқара ашып, басына баспана, алдына мал салды. Жаратқаннан бұдан артық не тілерсің?

Ендігісі жергілікті жұртпен біте қайнасып, тастай батып, судай сіңіп кету ғана. Онда да пәлендей қиындық жоқ. Өз қаны, өз туысы. Әйткенмен, сол қуаныш лебі арада көп уақыт өтпей-ақ су сепкендей басылды. Қай қиырда жүрсе де, адамға бірінші қажеті – тұрғын үй. Ал мұндағы тұрғын үйдің бәрі дер­лік сапасыз салынған. Айналдырған алты айдың ішінде 138 екі пәтерлі тұр­ғын үйді көлеңкелеп, қалқалай салған. Алдымен екпін түсіріп айтатын сөз – еш­бір архитектуралық үлгінің жоқтығы. Бір-бірінен айнымайтын егіз қозыдай өңсіз ғимарат. Сыртқы түр, ажарын айтасыз, қазірдің өзінде қаусап тұрған қабырғаның ішінен не шықпай жатыр дейсіз?!  Босаған бөтелке, ескі киімнің етегі мен жеңі.

Әр тұрғын үйді салудың өзіндік орташа құны 3 миллион 200 мың теңге болып есептелген екен. Құ­ры­лысшылар әлде ақша үнемдеді ме, әлде жауапкершілік мүлде жоқ па, әйтеуір пеноплекс, панель, пескоблок сияқты сапасыз материалдан салған. Жұп-жұқа қабырға Сарыарқаның са­қылдаған сары аязына қайдан шыдас берсін? Тұрғындар үйлері суық болған соң алғашқы қыстың өзінде тамыр-та­ныстарының баспаналарын паналаған. Пәтер жалдап тұрған.

Әуел баста «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы депозиттік кредиттеу бағдарламасы арқылы шарт ұсынған. Негізі өте тиім­ді шарт. Пәтер құнының елу пайыз көле­мінде депозитке қаржы жинақтау керек. Жинақтап болған соң бес пайыздық жеңіл­дігі бар мөлшерлеме бойынша сатып алуға мүмкіндік беріледі. Бір айта кетерлігі, бағдарламаға қатысушы 215 адамның екеуі ғана кестені бұзбай, жарналарын төлеп отырған. Бүгінгі таңда жарна бойынша жалпы берешек 32,4 миллион теңгеге жетіп отыр. Міндеттемелердің мерзімі шарт бойынша 2015 жылы аяқталуға тиісті еді. Біз сөйлескен тұрғындардың барлығының айтатын уәжі – үйлердің сапасыз салын­ғандығы. Сондықтан да жарамсыз үй­лер­ге ақша төлемей отыр. Жағдайды тү­зету және қаржылық жүктемені тө­мен­дету үшін тұрғын үйді жалға алу шарттарын қайта жасау рәсімі де қолға алынған. Бүгінге дейін 238 шарт жасалыпты. Әлі де 38 тұрғын құжаттарға қол қоймай отыр. Бұл арада тұрғындардың да жағдайын түсінуге болады. Кейбір үйлердің іргетасы да жоқ.

– Ағайынның өкпесі қара қазандай, – дейді Нұрлы көш ауылының тұрғыны Жырғау Туғанбай, – мемлекеттің қанша­ма қаражатын жұмсаған соң адам сияқты сал­май ма? Енді осындағы кейбір адамдар «бізге жер учаскесі де жетеді, сапасыз үйлерді сырып тастап, өзіміз салып алар едік» деп отыр. 

Әуел баста Нұрлы көштегі тұрғын үйлердің қора-қопсысы ескерілмеген. Тек маңайы жылан жалағандай болып жатқан үй ғана. Ал қоңыр күз­дің соңында, қыс басталар шақта қо­ныстанған ағайынның отын-көмірін, өзге де шаруашылыққа қажетті дүние­лерін қоятын орын жоқ. Орынды өк­пенің өрістейтін жері де осы. Жалдау ақы­сының құны 2013 жылы қайтадан бекітілген. Яғни 1 шаршы метр үшін 88 теңге. Демек, пәтер үшін төлем көлемі айына 6866 теңгені құрайды. Сөз арасында жалдау ақысының төмендеуі депозиттердің толықтырылуына әсер етпегендігін сыналап айта кеткен жөн. Тұрғын үйлерді жалға алғандар үшін де 73,4 миллион теңге қарыз қордаланды. Осыған орай жалгерлік берешекті сот арқылы өндіріп алу рәсімдері басталып отыр.

Бірінші қыстан бастап іргетас­та­ры­ның жоқтығынан немесе осал­ды­ғы­нан үй қабырғаларының қақырап кет­кенін, қабырғасы қақыраған соң төбе тақтайларының да ырсия ашылғанын көрген ағайынның иманы қасым болып отыр. Жұқа қабырғадан сырттағы аяз лап қойғанда, іштегі болар-болмас жылудың әсерінен үй қабырғаларында ылғал пайда болады.

– 2010 жылдан бастап Нұрлы көш ауылының тұрғындарынан шағымдар түсе бастапты. 2010-2011 жылдары элек­тр­мен жабдықтаудың сыртқы инже­нерлік желілері тартылған. 2012 жылы бірнеше тұрғын үйге ішінара жөн­деу жұ­мыстары жүргізілді. 2016 жылы 84 пәтер жылытылды. 2016 жылы осы ауылда фельдшерлік-аку­шер­лік пункт пен полиция пункті ұйымдас­тырылды, – дейді ауылдық округтің әкімі Нұрлан Айсин.

Тұрғындардың айтуына қарағанда, соншалықты жауапсыздықпен салынған үйлердің кейбірінде тіпті іргетас та жоқ. Іргетасы болмаған соң қабырғалары сөгіліп, ар жағынан дала көрініп тұр.

– Сапасыз салынған үйлерге ең алдымен техникалық тексеру жүргізу қажет. Ол үшін 2020 жылға 15,7 миллион теңге қаражат қарастырылып отыр, – дейді Нұрлан Айсин, – тұрғын үйлерді техникалық жағынан толық тексеріп болған соң жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Нұрлы көш ауылында мектеп жа­сы­на дейінгі 202 бала бар. Ауыл тұр­ғындары Красный яр ауылында іргедегі «Алтынтау Көкшетау» тау-кен өндіру комбинатында жұмыс істейді. Әйелдердің көпшілігі Көкшетау қала­сындағы «Новопэк» кәсіпорнында. Сон­дықтан балалар бақшасын салу уақыт күттірмейтін мә­се­­ле болып отыр. Ал азын-аулақ мал сү­ме­сімен күн көретін ағайын шабындық және жа­йы­лымдық жердің жоқтығына қын­­жылады. Ауылдың 191 оқушысы ірге­­дегі Красный яр ауылындағы мектептерге тасымалданып оқытылады.

Бір ауылдың басындағы қат-қабат мәселеге жүрдім-бардым қарауға әсте болмайды. Шынын айтқанда, шеттегі қазақ мұндағы жайдан құлағдар болса, ат басын ірке бермей ме?!

 

КӨКШЕТАУ