Мемлекеттік тапсырыс бойынша министрлік орындаушыға бір интернет-дүкен және iOS және Android операциялық жүйелеріне арналған 2 қолданба жасатпақшы болған. Конкурс ашық түрде жүргізілмегені өз алдына, Asseco Central Europe компаниясымен 4 жылға және 15 млн 870 мың еуроға келісім жасалған. Мұндай шарықтаған бағаға жасалған келісімшарт туралы естіген бір топ программист наразылық білдіріп қана қоймай, дәл осы сайтты өздері жасауға кіріскен.
Жергілікті Actum Digital компаниясының басшысы Томаш Вондрачек мемлекеттік органның шешімін ысырапшылық деп бағалап, чех программистерін біріге отырып дәл осындай сайт жасауға шақырған. Нәтижесінде #Znamkamarada хакатонына елдің 300 маманы қатысамыз деп ниет білдірген. Оның 60-ы 24 қаңтар күні жұмысқа кірісіп, 26-сында министрліктің талаптарына әбден сәйкес келетін fairznamka.cz сайтының платформасын құрып үлгерген. Хакатонның дүрмегі, тіпті, ел Премьер-Министрі Андрей Бабишке де жетіп, оның өзі осы шараға келіп, «Мынаны естіген талай атқамінердің тамағынан ас өтпей қалған шығар» деп сүйсініп, мамандарға қолдау көрсеткен.
27 қаңтар күні сайт тесттік режімде жұмысын бастап, мемлекеттік жүйеге қосылмаса да, тапсырыстағы барлық қызметтерді көрсете алатын шама-шарқын көрсеткен. Алғашқы бір тәулікте fairznamka.cz сайтына 175 мың адам кіріп, оның ақылы қызметтерін сатып алған. Түскен қаржыны қайырымдылыққа жұмсау туралы айтылды.
Үкімет алғашында сайт жасағандардың қызметін төлемекші болғанмен, артынша оны сыйлық ретінде қабыл алды. Ел билігі бұл сайтты ары қарай қолдап, қызмет көрсету үшін ашық конкурс жариялайтындықтарын мәлімдеді. Томаш Вондрачектің компаниясы бұл конкурсқа қатыспаймыз деп шешті. Сайттың ары қарай жұмыс істеуіне қажетті қаржы алдындағы соманың тек 25 пайызын ғана құрайтын болды. Енді ел бюджетіне қаншама қаржы үнемделгенін есептей беріңіз.
Осылайша, өздерін патриот санайтын қарапайым ғана адамдар бюджет қаржысын үнемдеп қана қоймай, керемет үлгі болатын іс көрсетті. Мемлекеттік қызметкерлер үшін де бұл үлкен керемет сілкініс болды. Чехияның Көлік министрі Владимир Кремлик масқара болып, жұмысынан қуылды.