Спорт • 30 Қаңтар, 2020

Алматыда кәсіпқой бокстан жарыс өтті

337 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыдағы Қазақ Көлік және коммуникация академиясында Tukeshov Boxing Promotion компаниясының ұйымдастыруымен кәсіпқой бокс кеші өтті.

Алматыда кәсіпқой бокстан жарыс өтті

Айтулы жарыстағы бес жекпе-жектің төртеуі мерзімінен бұрын аяқталды. Атап айтсақ, Айдос Медет Ерсұлтан Арынбекті бірінші раундта екі рет нокдаунға жібергеннен кейін төреші кездесуді тоқтатты.

Қанағат Манатұлы мен Төрехан Кеңесов арасындағы бәсекенің де тағдыры алғашқы минуттарда шешілді. Қарсыласын екі рет бүйірден дәл ұрған Қанағат айқын жеңіске қол жеткізді.

Рахат Сейітжан мен Талғат Бертілеуовтің айқасы ұзаққа созылмады. Бәсеке бел ортаға жетпей жатып, Талғат екі мәрте есеңгіреді. Төреші Рахаттың қолын көтерді.

Ақниет Қазиевтің жарақат алуына байланысты Темірлан Қоңырбай өзінің тұсаукесер кездесуін жеңіспен аяқтады. Ал Сабырбек Ахметов пен ресейлік Евгений Тершуковтың тартысы ұпай санымен қазақ боксшысының пайдасына шешілді.

Осындай бокс бәсекелерін ұйымдастырудағы біздің басты мақсат – кәсіпқой рингте алғашқы қадамдарын жасап жүрген жастарға жол ашу. Солардың арасынан дарынды және жалынды жігіттерді іріктеп алып, келешекте дүбірлі додаларға қосу, – дейді Tukeshov Boxing Promotion компаниясының басшысы Жалғас Түкешов.