– Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де ұлы Абай тұлғасының аласармасы анық. Қайта уақыт озған сайын оның бай мұрасы асыл тастай ажарланып, туған елін, ұрпағын биік шыңдарға жетелей береді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деп аталатын еңбегін оқып шыққаннан кейін мен осындай ойға берілдім. Аға, өзіңіз қандай әсер алдыңыз?
– Біріншіден, Мемлекет басшысының жұмысының қауырттығына қарамастан, уақыт тауып, Абай туралы ой-толғаныстарын қалың елге ұсынғанына қатты риза болдым. Терең мазмұнды, аса пайдалы, бағдарламалық мақсаты бар еңбек, абайтануға қосылған сүбелі үлес деп санаймын. Президент өзінің мақаласында біз үшін аса маңызды ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашатын ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мәселесін қозғап, бұл ретте Абайға жүгіну арқылы көп түйіннің шешімін табатынымызды тағы бір дәттеп отыр. Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады. Сондықтан ұлтымызды жаңғырту ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген жөн», – деуі өте орынды
Мақалада Абай сөзінің бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігі, еліміздің алдында тұрған ұлан-ғайыр міндеттерді шешудегі маңыздылығы жан-жақты ашып көрсетілген.
– Осыған дейін де Абай туралы талай кітаптар шықты ғой. Мақалаларда сан жоқ. Айтылмаған сөз қалмаған сияқты. Кезінде өзіңіз де Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты ойларыңызбен бөліскен болатынсыз. Бертінде тағы бір кітап шығардыңыз. «Абай гениальный мыслитель и гуманист» деп аталатын кітабыңызды айтып отырмын. Осы тақырыпқа қайта оралуыңыздың себебі неде?
– Бұл еңбекті біз – қызым, белгілі ғалым, Қазақстан Республикасы ғылым академиясының мүшесі Раушан Әбділдинамен бірге жаздық. Негізгі мақсатымыз – Абайдың ұлылығын, әлемдік деңгейдегі айтулы тұлға екенін дәлелдеу.
– Сонда қалай? Абайдың ұлы екеніне күмәнданушылар бар ма?
– Ондай адамдар бірен-саран кездесетін де шығар. Бірақ біздің халқымыз Абайдың кемеңгерлігін әлдеқашан таныған. Абайтанумен бізге дейін айналысқан зерттеушілер де, қазір осы тақырыпқа қалам сілтеп жүрген ғалымдар мен әдебиетшілер де қазақтың бас ақынының ұлылығына, гений екеніне күмән келтірмейді. Абай Құнанбайұлы – қазақ қоғамындағы дара тұлға, ғұлама ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырған данышпан адам. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды.
– Абайды ұлы дей отырып, гений дегенді қосып қойдыңыз. Бұл ұғым данышпан дегенді білдіре ме?
– Тура аударғанда, сөз арасында генийді данышпан десек, үлкен қателік болмайды. Бірақ философия ілімінде оның өз анықтамасы бар. Біз бұл ретте ХVIII ғасырда өмір сүрген неміс классикалық философиясының атасы саналатын Иммануил Кантқа жүгінеміз. Кант өзінің «Критика способности суждения» деген кітабында гений мен таланттың айырмашылығын мұқият, жан-жақты талдаған. Оның айтуынша, әрбір ұлтта бір ғана гений болады. Себебі гений – бағыт-бағдар беруші. Былайша айтқанда, тыңға түрен салушы адам. Ал таланттар, дарындылар – гений ұсынған жолмен жүріп, тамаша нәтижелерге қол жеткізе алған тұлғалар.
– Жұрттың бәрі философ емес қой, арамызда Канттың еңбектерімен таныспағандар да аз емес. Бірақ соңғы кезде ұлы деген сөзді жиі қолданатын болдық. Екінің-бірін ұлы деп шыға келеміз. Осыған не айтар едіңіз?
– Қай елде болмасын, қоғамға өлшеусіз еңбек сіңірген адамдар бар ғой. Тек олардың бәрін ұлы деуге келмейді. Көпшілік осыны түсіне алмай жүр. Ал шындығына келсек, біздің тарихымызда ұлы адамдар өте аз. Оларды тану үшін ұлылық пен таланттың, дарындылықтың ара-жігін ажыратып алуымыз керек. Қайда болмасын өзі таңдаған салада жарқырай көрініп жүрген талантты адамдар аз емес. Солардың арасында тыңға түрен салып, айталық, рухани дүниеде немесе әдебиетте, ғылымда жаңа бағыт ашқандары саусақпен санарлықтай ғана. Әлемдік өлшеммен келетін болсақ, біз ұлы, гений деп жаңа бағыт ашқандарды айтуымыз керек. Мысалы, олардың қатарына Уильям Шекспирді, Иоганн Гетені, Платонды (Аристокл) және басқаларын жатқызуға болады. Ағылшынның Фрэнсис Бэкон деген философы болған. Ол жаңа заманға сай келмейтін нәрселердің барлығын саралап, ағылшындардың санасындағы штамптарды идолдар деп беске бөліп көрсетіп берген, өз елінің, халқының өміріне үлкен өзгерістер әкелген ғалым. Сол сияқты, француздардың өміріндегі Шекспирдің де орны бөлек.
Қазақ қоғамының өмірін Абайға дейінгі, Абайдан кейінгі деп екі кезеңге бөлуге болады. Абайға дейінгі әдебиетіміз, ой-санамыз, философиямыз бір бөлек те, Абайдан кейін осы құндылықтарға көзқарасымыз мүлде өзгерді, жаңа түсінік қалыптасты. Мәселен, не жақсы, не жаман, не сұлу... осылардың барлығына Абай жаңа түр әкелді, жаңа мағына, жаңа бағыт берді. Демек, Абай Құнанбайұлы – шын мәніндегі гений.
– Данышпан дейсіз ғой...
– Философ болғандықтан маған шынайы бағасы гений сияқты. Әрине, халық Абайдың айтқандарын көзді жұмып бірден қабылдай қойған жоқ. Ескі мен жаңаның тартысы нақ осы кезден басталады. Ақыры, оң өзгерістерді көксеген Абай қазақтың өміріндегі кемшіліктерді сынауға мәжбүр болады. Ол біздің қазақ халқының санасындағы жаңа заманға, жаңа үрдіске, жаңа жолға келмейтіндердің барлығын қатты сынаған адам. Өйткені ол осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын өркениет көшіне ілесу үшін ұлтты жаңғырту, жаңа өмірге бейімдеу қажеттігін түсінген. Оның өз халқына жасаған ең керемет жақсылығы осы деп ойлаймын.
– Заманында Абайдың осы ізгі ниетін түсінбегендердің қатары қалың болғанын білеміз. Ондайлар қазір де аз емес.
– Дұрыс айтасың. Мен бір жұмбақ адаммын дегендей, Абай – қазақ қоғамындағы құпиясы көп құбылыс. Оның қатпар-қатпар сырларын ашу, түсіну қиын. Біз үшін ол даналықтың сарқылмас қайнары іспетті. Алаштың ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов «Абай» журналында (1918) «Талабым, таяғым, жігерім, азығым, Маңдайыма ұстаған ақын Абай – қазығым, – деп жазыпты. Осы сөздердің өзі-ақ көп жайдан сыр ұқтырып тұрған жоқ па?!
Кейбіреулер Абай қазақты қатты сынайды деп, тіпті ұлтын сүйетініне күмәнмен қарайды. Абай өзінің шығармаларында рухани жұтаңдық, білімсіздік, надандық, тоғышарлық, жалқаулық, екіжүзділік, мансапқорлық, мақтаншақтық сияқты ұлтының бойындағы кемшіліктерді сынады. Олардың толық адам болуына күш салды. Бұл нағыз өз халқына деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Заманында Николай Гаврилович Чернышевский де орыстарды сөзбен түйреген, «Все с ног до головы рабы» деген. Бірақ бұдан атақты жазушы орыстарды жек көрді деген ұғым тумайды. Абай да сол сияқты қазақты жақсы көргеннен, жаны ашығандықтан айтып отыр. Оны түсінгендер де болды. Мысалы, ақиық ақын Мағжан Жұмабаев:
Сөзіңе құлақ салып,
баға бермей,
Қисайып, қыңырайды
жұрттың иттес!
Бұртиып, теріс қарап:
«Аулақ жүр!» – деп,
Болды ғой жақын туған
бәрі кектес,
– деп тебіренбей ме?!
Абай сынаса, ескі сананы сынады. «Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап» деп қоғамға сыни көзбен қарауының себебі осында. Хакімнің «Қайран сөзім қор болды» немесе «көп пысыққа молықты» деген сөздерін де жеке тұлғаға емес, жалпы жұртқа айтылған сын деп қабылдағанымыз жөн. «Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой, Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар» деген сөздерінің астарында да үлкен ой жатқаны анық.
Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты. Оның айтқандарының тек қазақ үшін ғана емес, басқа халықтар үшін де мәні өте зор. Абайдың ұлылығы сонда – одан кейін әдебиетке келгендердің барлығы да, айталық, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев тағы басқалары Абайдың әсерімен, Абайдың жолымен жүрген, Абайға қарап ой түзеген. Абайдан кейінгі қазақ жазушыларының барлығын алып қарайтын болсақ, олардың барлығының ұлы оқытушысы, жаңа бағыт көрсетушісі – Абай.
Абай – заманынан озып туған дара тұлға. Ол қазақ халқын жаңалыққа, ғылым мен білімге шақырды. Ол азаматтың қалыптасуында, қазақтың болашағында білім мен ғылым ерекше рөл атқаратынына кәміл сенді.
Ақын Жиырма бесінші қара сөзінде өзге тілдің адамға не беретініне тоқталып: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды», дейді.
Бұл сөздер бүгінгі таңда да өзектілігін жойған жоқ. Жастарымыз неғұрлым көп тілді меңгерсе, соғұрлым олардың мүмкіндігі де молая түсетінін өмір көрсетіп отыр.
– Президент өз мақаласында Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет ететінін, әрбір жастың бойында елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтыратынын, сондықтан хакім еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру, өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі болатынын атап көрсетті.
– Біз әлі Абайдың ақыл-ойларының тереңіне жете алған жоқпыз. Мәселен, еңбектің адам өміріндегі рөлі мен пайдасы туралы талай адамдар жазған. Бірақ Абайды оқып отырғанда, еңбек деген сөздің мағынасының өте тереңдігіне қаныға түсесіз. Тұлғаны еңбек сомдайды. Нағыз адам болу үшін еңбек көрігінде шыңдалу керек. Еңбектен қорықпайтын адамның алды әрқашан ашық. Кісілігі де жоғары болады. Еңбекпен етене тұлға өз ісіне әрқашан сенімді, ешкімге жалтақтамайды, жағынуды білмейді, бір сөзбен айтқанда еркін. Біздің аңсап жүргеніміз осы емес пе? Осыны Абай жан-жақты ашып көрсеткен.
Абайдың шығармаларына зер салған әр адам оның үнемі елдің өсіп-өркендеуіне мүдделі болғанын аңғарады. Оның өлеңдеріндегі «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деген қазыналы ойлар біздің замандастарымызға да бағыт-бағдар сілтеп тұрған жоқ па?!
Абайдың кісілікке қатысты ойларын зерттеудің де маңызы зор. Батыс философтарының көпшілігі табиғатты, қоршаған ортаны, сананың қалыптасуын көп зерттеген. Ал Абай Сократ сияқты адамның болмыс-бітімін тануға көп көңіл бөлген. Адамның ең негізгі мәселесі оның адамгершілігі, кісілігі деп санаған. Оған жан-жақты талдау жасаған. Айталық, әр адам дүниеге келгеннен кейін не істеймін, не істедім, не істеуім керек деп ойлануы мүмкін. Өзінің еңбектерінде ұлы ақын осы сауалдарға жауап береді, адам өмірінің мәні оның жасампаздығында, ақыл-ойы мен білімінің тереңдігінде екенін дәлелдейді. Байлық пен билік өткінші құбылыс. Олар әркез адамға берік тұғыр бола алмайды.
Абайды біз неге гений дейміз? Оның әлемдік философия іліміне қосқан үлесі қандай? Абай өзіне дейінгілердің ой-тұжырымдарын саралап, талдау арқылы көптеген мәселелердің басын ашады. Платон, Аристотель, Гегель, Толстой сияқты ғұламалармен ой жарыстырады. Оның данышпандығы, міне, осында.
Абай адамзатты алға жылжытатын тетіктерді іздеді, ой тереңіне бойлады. Абай мұндай дәрежеге қалай көтерілді дегенге келсек, ол өз ұлтының мәдениетін, руханиятын, өнерін, жырларын, жыраулардың толғауларын, қазақ фольклорын керемет білген. Семейде оқыған кезінде Фирдоуси, әл-Фараби ойларына зер салған. Сонымен бірге кейін орыстың әдебиетін, философиясын, сол арқылы Пушкин, Лермонтов, Толстой сияқты бүкіл Еуропаның, тағы басқа ойшылдардың еңбектерімен өте мұқият танысқан. Содан кейін кереметтей қабілеті бар адам болғандықтан әр нәрсенің әрқайсысына терең бойлаған. Қазақ ақыл-ойының заңғар биігі Абайдың заман ауысып жатса да жұлдызының биік тұруының бір себебі міне, осында.
– Зерттеушілер, ғалымдар Абайдың философиялық, эстетикалык, әдеби көзқарастардың тұтас бір жүйесін жасаған ұлы ойшыл, тереңдігіне кемелдігі сай ренессанстық тұлға екенін айтады. Осыған сіз қалай қарайсыз?
– Оған ешкім таласа қоймас. Шығыстың мәңгілік шоқжұлдыздары Науаи, Рудаки, Хафиз, Низами сияқты Абай ХХІ ғасырда да қол жетпес биікте тұр. Біздің озық ойлы деген замандастарымыздың арасында да ол көтерген мәселелердің байыбына бара алмай жүргендер аз емес. Философияда «адалау – отчуждение» деген ұғым бар. Абай соны жақсы білген. Осыған біздің де, Батыс философтарының да әлі күнге тісі батпай келеді десем, қателесе қоймаспын. Абай сол ұғымға нақты талдау жасаған. Мысалы, Абайдың «Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы» деген өлеңі бар. Оқырман алғашында ақынның сүйінішінен туған шығарма екен деп қабылдайды. Ал Абай болса, оларды мақтаудың орнына қатты сынайды. Неге? Абайдың ойынша, нағыз ғылым жолын таңдаған адам ой-санасын шыңдап, терең білім алуды, сөйтіп халқына пайдасын тигізуді ойлайды, мақсат етеді. Бұл нағыз ғылымның мұраты. Ал интернатта оқып жүргендер инемен құдық қазғандай тер төгіп, білімімді тереңдетейін, халқыма пайдамды тигізейін демейді, олар орыстың тілін біліп алып, аудармашы болуды, биліктегілерге қосылып, сорлы қазақты сүлікше сору арқылы баюды армандайды. Міне, «отчуждение» дегеніміз осы. Оның мағынасы басқа. Мысалға алтынды алайық, басқа заттардан оның еш айырмашылығы жоқ, ол небәрі тауарлардың эквиваленті ғана. Шынтуайтына келгенде алтынды туғызатын нағыз тауарлар, бірақ бізге алтын олардың барлығынан жоғары тұрған сияқты көрінеді. Содан да жұртшылықтың оған деген көзқарасы басқа. Махамбет «Өзіңнен туған жас бала, сақалы шығып жат болмай» деп жырламай ма, өзің туған ұлдың сені танымай кетуі, саған жоғарыдан қарауы – мұнда да «отчуждениенің» ағысы бар. Билікте де солай. Халық болмаса, билік те болмас еді. Бірақ кейбіреулер соны ұмытып кетіп, өзін халықтан жоғары қоюға ұмтылады. Абай осының бәрін түсінген, ғылыми тұрғыдан талдаған.
– Абай – мәңгілік зерттеу нысаны. Абай туралы біраз дүние жазылды деп отырмыз. Осы ретте назардан тыс қалып келе жатқан мәселелер бар ма?
– Болғанда қандай. Ой-санамыз тереңдеген сайын біз қайта-қайта Абайға жүгінеміз, Абаймен сырласамыз, Абаймен ақылдасамыз. Оның ұлылығын мойындаймыз, бас иеміз. Мақтанамыз. Өйткені Абай – Кант, Платондар сияқты әлемдік деңгейдегі тұлға! Бұл сөздерді текке қайталап отырған жоқпын. Ол – шын мәнінде ұлы адам! Кант жөнінде қаншама кітап жазылды. Әлі де жазыла береді. Абай да сол сияқты. Қазақ халқы қанша уақыт өмір сүрсе, соншалықты Абайдан тағылым алады. Абайды соншалықты терең түсінуге ұмтылады. Абай әлемі шетсіз-шексіз, түпсіз терең-тұңғиық. Ақынның өмірі мен шығармашылығы сан қырынан қанша сараланып келе жатса да «жұмбақ жанның жүрегінің түбіне терең бойлау» мүмкін емес.
Абайдың керемет бір өсиеті бар. Дала данышпаны: «Атаңның баласы болма, Адамның баласы бол!» дейді. Осы ұлы сөзді көпшілік өз мағынасында түсініп жүрген жоқ. Кейбіреулер «адамзаттың баласы бол» деді деп жүр. Анығы Абай бұл арада сен әкеңнің ғана баласы емессің, адамның баласысың дегенді айтып отыр. Адам деген ол – түр (вид). Біз – қай ұлтқа, қай ұлысқа жатсақ та, адамбыз. Сондықтан барлығымыз бір-бірімізді бауыр санауымыз керек. Абайдың ойынша, жер де адамға ортақ. Демек, Арал теңізі тартылса, бұл қазақтың ғана трагедиясы емес, бүкіл адамзаттың қайғы-қасіреті. Әлемнің түкпір-түкпірінде орын алып жатқан экологиялық проблемалар да сол елдің азаматтарын ғана емес, баршаны алаңдатуы тиіс. Өз заманында бұл мәселелерді Марк Аврелий, Сенека сияқты ойшылдар да көтерген. Абай да өз ортасына барлығымыздың адамның баласы екенімізді түсіндіруге тырысқан.
Абайдың:
«Өлсе өлер табиғат,
адам өлмес,
Ол бірақ қайтіп келіп,
ойнап – күлмес,
«Мені» мен «менікінің»
айрылғанын
«Өлді» деп ат қойыпты
өңкей білмес»,
деген сөздері де бізге жақсы таныс. Бұл арада Абай қандай ойды қозғап отыр? Жеке тұлға көп болса 100 жасайды. Жүзден аз немесе көбірек жасауы мүмкін. Бірақ ол бұл дүниеден кетеді, өледі. Ал адамның бәрі бірдей өлмейді. Егер сен артыңа іс қалдырсаң, ой қалдырсаң, өлмейтұғын сөз қалдырсаң халықтың жадында мәңгі сақталасың. Міне, Абайдың туғанына 175 жыл толғалы отыр. Өмірден озғанына да көп уақыт болды. Бірақ Абай өлген жоқ. Өйткені оның артында өлмейтін сөзі мен ойлары қалды.
– Абай мұрасы әлем жұртшылығы тарапынан өзінің лайықты бағасын алды деуге бола ма?
– Қасым-Жомарт Кемелұлы қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақтанатынын, қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес екенін, Абай мұраларын тек бір халықтың, тек бір мемлекеттің көлемінде ғана емес, дүниежүзілік өркениет ауқымында қарастыру қажеттігін айрықша айтты. «Бірақ біз ұлы ойшылымызды жаһан жұртына лайықты деңгейде таныта алмай келеміз», деді.
Ақын шығармаларының тереңіне үңілген зерттеушілердің ортақ ойы – Абай күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады. Міне, сондықтан да Абайды қалай мақтасақ та артық емес. Ұлтымыздың бүкіл озық қасиетін бір бойына сіңірген Абай өмірі мен шығармашылығы халқымыздың сарқылмас қазынасы. Оның адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Абайдың өлеңдерін жатқа айтамыз, көптеген шығармаларымен таныспыз. Десек те, біз Абайды өз деңгейінде әлемге таныта алмай келеміз. Ол ол ма, Абайдың өзін әлі тани алмай отырмыз. Биылғы мерейтойға әзірлік барысында осы ретте біраз іс тындырылатынына сенгім келеді.
Әңгімелескен
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
журналист