Экология • 31 Қаңтар, 2020

Қамыс шапсаң, көлге сеп

575 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дархан табиғаттың дара сыйы дарақылықты көтере бер­мейді. Міне, сондықтан да, аялау да, қамқор болу да ке­рек. Жанашырлық тілейтін өңірдегі тамаша табиғаттың тар­туының бірі – Көкшетау қаласының бауырындағы Қопа көлі.

Қамыс шапсаң, көлге сеп

Көнекөз қариялардың ай­туына қарағанда, бір кезде ба­лығы тайдай тулаған, тана­ның көзіндей жарқыраған Қо­па көлінің суы көз жасындай мөп-мөлдір болған екен. Ке­йін өңезденіп, балдыр басып кетті. Көлдің қорыстануының әуелгі себебі, кеңес заманын­да Зеренді ауданындағы мал фермалары Шағалалы өзенінің жағасына тым жақын салынуынан болды. Көктемгі қы­зыл су жүрген шақта мал фер­ма­ларындағы бар қоқыс ысырыла жылжып, қарғын суға еріп өзенге құйылатын. Өзен арнасымен жеткен лай су Қопа көлін тұншықтырды. Бағзыдағы бағы қайтқан, мөл­дір суының лайланған кезі де осы. Кейін сан мәрте көл табанын тазалауға әрекет жасалды. Бұл іске жер­гілікті басқарушы органдар да, бизнес өкілдері де бел буып кі­рісіп көрді. Бірақ, түпкілікті нәтиже шыға қоймады.

Жалғыз Шағалалы ғана емес, Қопаға құятын Қыл­шақ­ты өзенінің арнасымен ағып ке­летін қоқыс та көл табаны­ның шамадан тыс ластануына әсер етіп жатыр. Қазір ма­ман­дар өзен арналарын суас­ты өсім­діктерінен тазартуға ай­рық­ша көңіл бөліп отыр. Мұз мықтап қатып тұрған алдағы бір айдың ішінде табиғат жана­шырлары мұз үстіндегі қа­мыс­ты орып, қала сыртына шы­­ғарып тастамақ. Есесіне бұл игілікті шара көлдегі балдырды азайтып, айдынның сәл де болса тазаруына мүмкіндік бермек. Қазір өзен жағалауында қаулап өскен қалың қамыстың биіктігі әсірелеп айтқанда, атты адамның бойындай. Ма­ман­дардың па­йым­дауынша, қамыс мөлшері жағалаудың жалпы аумағының 18 пайызынан аспауы керек екен.

Дүние жаралғалы ешкім назар аудармаған қалың қамыс­тың бей-берекет қаулап өскені соншалық, өзен арнасын тұмшалап жауып қалған. Тіпті, өзен табанындағы мұздың өзі көрінбейді.

– Бүгінде Қылшақтының Қопаға құяр сағасынан бастап ну қамысты орып, қала сыр­тындағы тиісті орынға шығару жұмыстарын бастап кеттік, – дейді облыстық табиғи ресурс­тар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бас­шысының орынбасары Болат То­қышев, – ұзын-ырғасы бес шақырым. Қолға алып отыр­ған бұл жұмыс мелиорацияны және су тасқынына қарсы қауіпсіздікті де қамтиды. Соң­ғы екі жылда басқарма Қопа көлін биологиялық тәсілмен тазар­туды қолға алған. Бұл деге­ніңіз, балдырға бөккен көлге шөпқоректі балық жі­беру. Екі жыл ішінде су айдынына 40 мыңнан астам шабақ жі­берілді.

Осы істің нәтижесін сарап­таған зертханалық зерттеу ұзақ жылдан бері тұрғылықты ел­дің бас ауруына айналған су ай­­дынының едәуір тазарып қал­ғанын көрсетіп отыр. Ал мына жаңалық тіпті елді елең еткізер жанашырлық десе де болғандай. Енді бұл бастаманы облыс ор­талығындағы бірқатар мекемелер де жалғастырмақ. Қазір Қопа көліндегі оттегінің мөл­шері 8,5 пайызға дейін көте­ріліпті. Бұл дегеніңіз көл ак­ваториясының та­зара бас­тағанын аңғартады. Қа­мы­сынан арылған жерге өзен жа­ғалап, таза ауа жұтып дем алғанды қалайтындар да із сала бастаған. Табиғат қорғаушылар жазда да бей-берекет өскен қа­мысты тағы бір орып шықсақ дейді.

Биыл – еріктілер жылы. Сөз соңында олардың да назарын осы мәселеге бір ауда­рып қойсақ. Туған жердің тамыл­жыған та­би­ғатына көңіл бөлетін жас толқын бел буып кіріссе, қамыс орған деген не тәйірі?! Оған қоса үстіміздегі жылы Қазақ­стан мен Ресейдің шекаралас аумақ­тарының эко­номикалық форумы өтпек. Көр­шінің көзі үрпиіп өскен қамысқа, балдырға бөккен көлге түссе, ұят-тағы.

 

КӨКШЕТАУ