Еуразиялық экономикалық одақты құру идеясы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі, оны Елбасы М. Ломоносов атындағы Мәскеу гуманитарлық университетінде дәріс оқу кезінде – 1994 жылғы 29 наурызда жария еткен болатын.
Тұңғыш Президенттің бастамасы тек 20 жылдан кейін ғана іске асты және бұл экономикалық одаққа кірген посткеңестік республикалар үшін тарихи оқиғаға айналды.
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 2014 жылғы 29 мамырда Қазақстан астанасында қол қойылды. Аталған құжат Одаққа қатысушы елдердің экономикаларын дамыту үшін ұзақ мерзімді тұрақты жағдайларды қамтамасыз ететін еуразиялық интеграцияның дамуына бастау берді, сондай-ақ төрт еркіндікті: тауарлар, капитал, қызметтер және жұмыс күшінің еркін қозғалысын жүзеге асыруға мүмкіндік жасады.
2014 жылғы 4 желтоқсанда Армения парламенті елдің ЕАЭО-ға қосылуы туралы шартты ратификациялады. 2014 жылдың 23 желтоқсанында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Қырғызстанның ЕАЭО-ға қосылуы туралы шартқа қол қойылды. 2015 жылдың 1 қаңтарында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт күшіне енді. 2015 жылдың 2 қаңтарында Армения ЕАЭО-ға ресми түрде кірді. 2015 жылдың тамыз айында Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіру рәсімі аяқталды.
Одақтың қалыптасуының негізгі кезеңдері
1999 жылғы 26 ақпанда Мәскеуде Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғызстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Тәжікстан Республикасының президенттері Кедендік одақ және Бірыңғай экономикалық кеңістік (БЭК) туралы шартқа қол қойды, бұл еуразиялық шынайылықтарға бейімделген, барлық талаптарға жауап беретін экономикалық кооперацияны іздестіруге серпін берді.
2000 жылғы 10 қазанда Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында) Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Ресей Федерациясының және Тәжікстан Республикасының Президенттері Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру процесін тиімді ілгерілету мақсатында Еуразия экономикалық қауымдастығын (ЕурАзЭҚ) құрды. Бұл бірыңғай экономикалық стандарттар идеясы эволюциясының маңызды кезеңі болды. Осы ұйымға енгізілген тетіктер ұйым жұмыс істеп тұрған 8 жыл ішінде қатысушы елдер арасындағы тауар айналымын 4 есеге арттыруға мүмкіндік берді.
2003 жылы тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің қозғалысын қамтамасыз еткен Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру туралы келісімге қол қою маңызды сәттердің бірі болды.
2010 жылы Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы арасындағы Кеден одағының (КО) жұмыс істеуінің басталуы интеграцияның тағы бір кезеңі болды. Бірыңғай кедендік тариф қолданысқа енгізілді, ішкі шекараларда кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау жойылды, үш мемлекеттің аумағында тауарлардың кедергісіз қозғалысы қамтамасыз етілді. Бірыңғай экономикалық кеңістіктің жұмыс істеуін бастау үшін негіз құрайтын халықаралық шарттарды әзірлеу бойынша белсенді жұмыс басталды.
2012 жылғы қаңтарда Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Бірыңғай экономикалық кеңістігінің құқықтық негізін қалыптастыратын, тауарлардың ғана емес, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысы үшін негіз болатын халықаралық шарттар күшіне енді.
2014 жылғы 29 мамырда Астанада 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген (ЕАЭО) құру туралы шартқа қол қойылды. Кейінірек бірлестікке Армения мен Қырғызстан қосылды. Шарт еуразиялық экономикалық жобаның интеграцияның жаңа, неғұрлым терең деңгейіне көшуін білдірді.