Отырысқа комиссияның тұрақты мүшелері – мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары, білім, ғылым және мәдениет қайраткерлері қатысты.
Соңғы екі жылдың қорытындысына сай Комиссия, оның тақырыптық комитеттері мен ЮНЕСКО Клубтары және қауымдасқан мектептерінің жұмысы баяндалды. Атап айтқанда, Қазақстанның тағы екі ұлттық паркі – Шарын және Жоңғар Алатауы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне енгізілді. Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізімі «Қорқыт мұрасы» және «Қазақ жылқы өсірушілерінің дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары – қымыз мұрындық, бие байлау және айғыр қосу» номинацияларымен толықтырды. ЮНЕСКО-ның қолдауымен Париж қаласында «Ұлы дала: рухани мұра және оның әлемдік тарихқа үлесі» халықаралық форум сәтті өткізілді.
Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасының халықаралық үйлестіру кеңесіне, ал қазақстандық салалық Ұлттық комитеттің басшысы Р. Ященко биосфералық резерваттар жөніндегі Кеңесшілердің Халықаралық комитеті құрамына тағайындалды.
Сыртқы істер министрінің орынбасары – Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ержан Ашықбаев ЮНЕСКО-ның Әлеуметтік-мәдени саладағы міндеттерді шешуде Қазақстанның маңызды серіктесі болып қала беретінін, сондай-ақ мәдениет, ғылым, білім, ақпараттық технологиялар саласындағы ұлттық жетістіктерді насихаттауда бірегей платформа саналатынын атап өтті.
Отырыс барысында қатысушылар Комиссияның 2020 жылға арналған қызметінің басым бағыттарын талқылады, оның ішінде ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра және материалдық емес мұра тізіміне жаңа ұлттық номинацияларды дайындау және ілгерілету мәселелерін қарастырды.
Комиссия мүшелері осы жылы ЮНЕСКО-ның атаулы мерейтойлар күнтізбесіне енгізілген Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Шымкенттің 2200 жылдығын атап өту мәселесін талқылауға ерекше назар аударды.