Технология • 31 Қаңтар, 2020

Павел Дуров WhatsApp-ты сынға алды

710 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Telegram негізін салушы Павел Дуров екінші WhatsApp мессенджерін қатты сынға алды. Оның ойынша хакерлер мен билік өкілдері бұл мессенджердің әлсіздігін жақсы пайдаланады екен. Мысалға дүниедегі ең бай адамның бірі Джефф Безосты келтірді. WhatsApp кодының осал жерін жақсы пайдалана білген зиянкестер оның смартфонын бұзып кіріп, фотолары мен хат-хабарларын қолды қылған.

Павел Дуров WhatsApp-ты сынға алды

Әйгілі маман барлық кәсіпкерлер мен жауапты қызметтегі адамдарды әлсіз мессенджермен жұмыс істемеуге шақырып отыр. Шабуыл шетелдік билік тарапынан ұйымдастырылғаны және басқадай да көптеген шенеуніктер мен кәсіпкерлер бұл торға түсіп «жем» бол болғаны жобаланады.

Дуров мырза Біріккен Ұлттар Ұйымы қызметкерлері мен алпауыт мемлекеттер басшыларына тек қана жаңа смартфон алып, оған бұдан былай WhatsApp орнатпауына ақыл-кеңес беріп отыр. Ол Facebook компаниясының құпия сақтау саясатын қатты сынға алды. Ал, өз кезегінде Марк Цукербергтің қарамағындағылар проблема мессенджерде емес, Apple-дің программасынан болғанын айтуда.

Өтпелі шифрлау ешқандай да қауіпсіздік үшін кепіл бола алмайтынын сөз еткен  Дуров Apple мен Facebook өз өнімдерінің кемшін тұстарын әдейі жоймай отырғандығын айтты. Оның айтуынша былтыр, 2019 жылы ғана сынға ұшырап отырған мессенджердің пайдаланушыға аса қауіпті 12 қатесін тапқан.

Былтыр күзде ғана АҚШ, Ұлыбритания мен Аустралия күштік құрылымдар мен арнайы қызметтер керек кезінде пайдаланушылардың хат-хабарларына кіре алуы үшін Facebook басшылығын WhatsApp мессенджеріндегі шифрлауды бәсеңдету туралы сұраған еді. Сұрау салушылар мұндай өтініштерін тек балалар қауіпсіздігі үшін жасап отарғандарын тілге тиек еткен.

Facebook басшысы Марк Цукерберг өз кезегінде бэкдорға үзілді-кесілді қарсы екенін жеткізген. Бэкдордың негізгі қызметі шифрланған және қорғалған мәліметтерге құпия түрде кіру болып табылады. Былтыр Ресейде Telegram-ға тиым салынардың алдында Дуров өз мессенджерінде осы бэкдор жоғын айтып, билік өкілдеріне ешқандай да шифр кілтін бермейтінін ескерткен еді.