Тарих – адамзат баласының шынайы жылнамасы, шежіресі, пайда болғаннан бастап, бүгінге дейінгі өмір аралығы, тірлігі мен мақсат-мұраты десек болады. Таңбалы тас – бірлігіміз бен ынтымағымыздың, бүтіндігіміз бен мақсат-мүддеміздің қара шаңырағы, мемлекет негізінің алтын әліппесі. Ғылымымыз бен мәдениетіміздің қайнар бұлағы, қайнаған қазаны дер едім. Көрнекті ғалым Әлкей Марғұланның жазба шежірелерінде «Қазақ сахарасындағы мәдениеттің бір жарық түрі – тарихи дәуірлерде осы араны қоныстап келген тайпалардың тас бетіне жазып қалдырған белгілері» деген сөйлем бар. Әлкей бабамыздың пікірінше таңбалы тасты алғаш зерттеген ғалым А.И.Шренк: «Таңбалы тастың» зор атаққа ие болуының себебі, бұл жерде қазақтар ұлы мереке жасап, (ұлы жиын десек те болады) ұран шақырып, бір ел болып қосылған жері дейді. Сондықтан бұл тасты көп ғалымдар «тарихтың зор куәлігі» деп атаған» депті.
1970 жылдары Ұлы жазушы Ілияс Есенберлин осы Таңбалы тасқа оның тарихын, табиғатын, өсімдіктері мен жануарлар дүниесін, жер қыртысын, ойы мен қырын зерттеп, зерделеу үшін бірнеше рет келген екен. Осы зерттеулері арқылы «Көшпенділер» трилогиясының «Алмас қылыш» атты бөлімін жазуына септігі тиген. Әбілқайырдан бөліне көшкен Керей мен Жәнібек хандар ХV ғасырдың ортасында «Таңбалы таста» хан кеңесін шақырып барлығы келешекте үш жүзге бөлініп бір ханға бағынуды мақұлдасыпты. Бірақ бұл үш жүзге бөліну мәселесі біржола шешілмейді. Арада талай толқулар болады. Осы мәжілістен кейін арада алпыс жыл өткенде Қасымханның баласы Хақназар ханның кезінде бүкіл қазақ рулары бір бітімге келеді. Үш жүз боп, үш орда тікті. Ал ол жолы күрделі бір мәселе шешілді. Халық ақсақалы Асан қайғы әр рудың белгісі етіп таңба үлестірді, деп жазды Ілияс Есенберлин.
«Таңбалы тасқа» назар аударғандардың ішінде ғалымдар академик Қаныш Сәтбаевтың атына ерекше назар аударады. «Жезқазған ауданының көне ескерткіштері» деген 1941 жылы жазған мақаласында Қ.Сәтбаев аңыздарға сүйеніп қазақтың қазақ болған, ту тіккен жері таңбалы тас өңірі, деп атап көрсетеді. Белгілі ғалым Ж.Артықбаев болса: қазіргі күнге дейін шежіре білетін ақсақалдар таңбалы тасты Қаныш Сәтбаев жазған мазмұнда айтып келеді. Олардың айтуына қарағанда Алтын Орда ыдырап, оның құрамындағы елдер сергелдеңде жүргенде алты алаш тобына кіретін елдер осы Таңбалы Нұрада бас қосып өздерінің жеке мемлекет болатынын жария еткен. Қазақтың «Таңбалы тасты» түп тамырдағы Алаша хан атымен байланыстыруда да осы себепті деп ойлаймыз», дейді.
Бұл таңбалы тас бірнеше мәрте тұғырланды, одан көзден таса етіп жоғалтып алдық. Соңғы мәрте Қызылорда облысының Сырдария ауданына жол тартқан едік. Кейін таңбалы тастың бір бөлігін алып кеткен азамат түрлі жағдайларға ұшырап, ақырында ауыл қарияларының айтқан ақыл кеңестерімен тасты қайта өз орнына әкеліп, астын ақ кірпіштен өріп тұғыр жасап орнатыпты. Осы жаңа жайға орналастырарда әлгі ескі тұғырдан шыны ыдыс шығыпты, ішінде бүктелген қағазға «Біз тасты қайтып орнына әкеліп қойдық» деп он екі адам қол қойып, жазу жазып қалдырыпты. «Қайтқан заттың қайыры бар» дейді дана халқымыз.
Таңбалы Нұра өңіріндегі жер атаулары:
Нұра – Бетпақ даланың шөліндегі таңбалы тас жатқан аймақ; Сәкеннің соры – мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин Колчактың түрмесінен қашып қуғында жүргенде Қарағанды, Жезқазған, Арқа өңірінен Қаратау асып, Түркістанға бара жатқанда кешіп кесіп өткен үлкен сор; Жыра – екі беткейлі ені үлкен арық. Күз, көктемгі жауын, қардың суы ағып, сорға құйылып жатады; Нұраның қара тұзы – Таңбалы тастан 1 шақырымдай жерде ұзына бойы 2-2,5 шақырымнан асатын тұзды алқабы; Шеңгелді – Таңбалы Нұраның шығыс бүйірінде орналасқан шалшық сулы, суы борсыған, жазы шыбын-шіркейлі, қорымдар мен қабірлері жатқан өңір. Ертеректе көшпенділердің қоныстанатын жазғы жайлауы болған екен; Таңбалының тұзы – Таңбалы жыраның Теріскей жағында көлденеңі 13 шақырым, ұзындығы 25 шақырым келетін, Оңтүстіктен терістікке қарай созылып жатқан тұзды алап; Шұбар теңіз – табаны Таңбалының шығыс-теріскей бетіндегі Шұбар теңізінің табаны; Қарақойын-Сәмен көлі – Таңбалының шығысындағы көлтабанның орны; Жабыкөл, Саумалкөл, Ақжайқын, Ащыкөл, Құмкөл, Телікөлдері Шу мен Сарысу өзендерінен нәр алып, кезінде суы тасып Сырға құйылған екен. Бүгінде Сарысудың суы қаңсып Таңбалыға жете алмай жатыр. Әйтпесе кезінде бұл өңір аң-құсы, балығы жыртылып айырылатын берекелі өңір болған екен; Таңбалы, Уыт, Шеңгелді, Кендерлі бұлақтары – суы мол, арнасынан суы тасып, жайыла ағып жататын сүтті бұлақтар болған; Бұлдырықты бұлағы – бұлдырық деген құстың жаз, көктем, күз мекеніне айналған жасыл желегі жайқалған жайлау болған; Қабақ – ұзына бойы созылып жатқан үсті қабақ, асты жайыла жермен бітісіп кеткен жыралы құм жақпарлары; Қорым – бұл өңірде баялыш пен жыңғылдың құмымен араластырып қат-қабаттап өрілген бейіттер; Шөптері – баялыш, саған, раң, ебелек, қара жусан, қамыс, шеңгел, сексеуіл, майда жабыспа шөп; «Еңкей, «Инкай», Қабақ Құлақ, Құлан жолақ, Құлан қызыл-атауларына келсек, Бес құлан оқиғасында айтылған жылқыға, ханның ызғарлы қырғынынан аман қалған бес құланның тағдырына орай аталып қалған жер екен. Бүгінде осы атаулардың атымен өндіріс орындары аталады.
Халқымыз айтып жүрген «Бес құлан» хикаясында, қазақ ертегілерінде жиі айтылатындай Жошының, Алаша ханның жақсы көретін баласын құланның айғыры теуіп өлтіріпті. Баланың кегін қайтармақ болған хан құландардың бірін қалдырмай қыруды бұйырып, кімде-кім осы бұйрықты жылдам әрі тиянақты орындаса соған көп қазына мен қызын бермекке уәде етіп, жар салады. Домбауыл деген батыр өзінің Еңкей, Қабаққұлақ деген жүйрік тұлпарларының бірін мініп, бірін жетекке алып құландарды қырып шығады. Соңында бес құлан қалады. Ақырында олар Шу өзенінен өтіп құмға қашады. Бұрын «томар өткел» десе кейін «Бес құланның өткелі» дейді. Артынан қуып құмға жеткен батырдың екі аты да зорығып өледі. Ол жерді «Еңкей», «Қабанқұлақ» деп атайды. Жабықкөлден су ішіп естерін жинап, Жабықкөлдің Теріскей батысындағы қырдың үстінде жатады. Оқ тиіп жарасынан аққан қаны тамған жерді «Құлан қызыл» дейді. Шу өзені арнасынан өткен жердегі сор басқан төбені «Құлан жолақ» дейді. Олар осы жерде тұз жалап, сорға аунап жаралы жерін емдесе керек. Арқа төсінде «Сымтас», «Тоқымтыққан», «Өлкеннің жайлауы», «Мұңлы құлынның тауы», «Жетіқоңыр», «Ақкеңсе», «Аппақтың тақыры», «Қарабел», «Асқазан», «Итаяқ», «Еспе», «Монтай-Тотай», «Той», «Көкмұрын той» деген жер атаулары кездеседі.
Елбасымыздың «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз, әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі» деген сөзі Созақ даласының бойтұмарлары Таңбалы тас пен Ақбикеш кесенесінен бастау алатын көптеген дала жауһарларына арнап айтылғандай болады.
Мақсат ҚАРҒАБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі