Кәсіпқой бокс • 03 Ақпан, 2020

Кәсіпқой бокста бәсіміз неге төмен?

705 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінде әуесқой боксқа қарағанда кәсіпқой бокстың дәурені жүріп тұр. Өз елінде нәтиже көрсете алмай, жолы болмаған боксшылар бағын әрісі АҚШ-тан, берісі Еуропадан іздеп жүр. Әрине, кәсіпқой бокс – бір жағынан табыс табу үшін бизнес көзі, өзінің мықтылығын дәлелдейтін алаң.

Кәсіпқой бокста бәсіміз неге төмен?

Мәселен, күні кеше өзбекстандық боксшы Муроджон Ахмадалиев небәрі 8-ші жекпе-жегінде екі бірдей, яғни WBA Super және IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды. Екінші жеңіл салмақта жұдырықтасатын Ахмадалиев АҚШ бокс­шысы Даниэль Романмен (27-3-1, 10 KO) 12 раунд айқасып, нәтижесінде төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Осылайша Муроджон Ахмадалиев Өзбекстан тарихында үшінші әлем чемпионы, ал екі тұжырым бойынша алтын белбеу иеленген тұңғыш боксшы атанды. Бұған дейін бұл елде ауыр салмақтағы Руслан Чагаев (WBA) пен жеңіл салмақтағы Артур Григорян (WBO) чемпион атанған-ды. Сондай-ақ өзбек боксшысы тағы бір тарихи нәтижені қайталады. 1978 жылы Леон Спинкс қартайып, әлі кеткен 36 жастағы Мохаммед Әлиді жеңіп, небәрі 8-ші кездесуінде WBC және WBА чемпиондық белбеуін олжалап, рекорд орнатқаны бар. Араға 42 жыл салып бұл рекордты өзбек Ахмадалиев қайталады. Міне, кеше ғана Рио Олимпиадасында қола жүлде алып, 2018 жылы кәсіпқой боксқа ауысқан Муроджон Ахмадалиев 1 жыл 8 айдың ішінде WBA Super және IBF тұжырымының толыққанды көш­басшысына айналды. Шыны керек, кәсіп­қой бокс тарихында қысқа ғана мерзім аралығында осындай орасан зор табысқа қол жеткізген спортшылар өте сирек.

Осындайда біздің боксшылар кәсіп­қой бокста әлем чемпионы атағы үшін емес, рейтинг қуып, жағдай жақсартып алу үшін ғана жекпе-жек өткізіп жүр ме екен деген ойға қаласың. Мысалы, кә­­сіпқой бокстың қазанында 2012 жылдан бері қайнап жүрген отандасымыз Қанат Ислам 8 жылдың ішінде 27 кездесу өткізсе де, әлі күнге дейін әлем чем­­­пионы атағы үшін шаршы алаңға шық­­қан жоқ. Жанкүйерлерін 8 жылда WBO тұжырымының екінші деңгейлі, WBA белдігінің Кариб аймағы чемпионы секілді белбеуімен ғана қуан­та алды.

Қазақ боксының жанкүйерлері бола­шақ «Головкин» деп айдар таққан Батыр Жүкембаев жуырда 18-ші кез­де­с­уін өткіз­се де, әлі күнге дейін рей­тингте ТОП-200 қатарындағы боксшы­лар­мен жекпе-жек өткізуге мәжбүр. Жуырда Жүкембаев мексикалық Рикардо Лараны жеңгеннен кейін промоутері оның жыл соңына дейін әлем чемпионы ата­ғы үшін айқасады деп мәлімдеді. Егер промоутер сөзінде тұрып жатса, отанда­сы­мыз 4 жылдың ішінде 20-ға жуық кез­десу өткізіп барып әлем чемпионы атануы мүмкін.

Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусіновтің де кәсіпқой бокс­қа ауысқанына көктемде 2 жыл болады. Осы уақыт аралығында ол 9 кездесу өткізді. Өкінішке қарай, барлығы – рей­тинг­­тік жекпе-жек. Ал әуесқой бокс­та Даниярдың жолын жалғайды деп сенім артқан Садриддин Ахмедов те аға­­сының ізін ала бағын кәсіпқой бокс­та сынап көруге шешім қабылдады. Бүгінде 11 кездесу өткізіп үлгерген Ахмедов екінші деңгейлі екі белбеу жеңіп алды. Екі боксшының промоутері оларға әлем чемпионы үшін жекпе-жек ұйымдастырып беруге асығар емес.

Кезінде Мохаммед Әли мен Майк Тайсонның промоутері болған, қазіргі таңда Ломаченко, Кроуфорд секілді жұлдыздардың ісін жүргізіп жүрген әйгілі Боб Арумның көзі әуесқой бокс­та әлем чемпионы атанған отандасымыз Жәнібек Әлімханұлына түскен еді. Кәсіпқой боксты 2016 жылы бастаған Жәнібек 2018 жылдан бастап АҚШ-та жекпе-жек өткізе бастады. Мексикалық сары баланы, яғни «Канелоны» жекпе-жекке шақырып жүрген қандасымыз, Альваресті қоя тұрып, әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасқаны дұрыс шығар. Жанкүйерлер де соны тағат­сыз­да­на күтіп жүр.

Сондай-ақ болашағынан үміт күт­ті­ретін Әли Ахмедов, Мейірім Нұр­сұл­та­нов, Мадияр Әшкеев секілді бокс­шылардың өзі қазірдің өзінде оннан аса кездесу өткізіп үлгерсе де, чем­пион­дық атаққа таласуға асығар емес. Әйтпесе, барлығы да кәсіпқой боксты 2016 жылы бастаған. Әзірше бұл боксшылар бір-екі белбеу үшін жекпе-жек өткізіп, бар күшін рейтингтерін жақсарту мақсатында жұмсап жатқан сияқты көрінеді. Ал боксшылардың өзі БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарында «Бұйырса чемпиондық айқасқа аз қалды», дейді де, айтқан мер­зі­мін қарасаң, арада екі-үш жыл өтіп кеткен. Сонда ол боксшылардың «аз қалды» дегені неше жыл екен деп жылдан жа­ңы­лып отырмыз.

Статистика бойынша Қазақстаннан 194 спортшы кәсіби боксшы ретінде тір­келген екен. Отандық боксшылардың ыс­қырығы жер жарғанымен, әлем чемпионы болып жүргені – сол баяғы Голов­кин ғана. Оның өзі әне-міне дегенше қолғабын шегеге ілгелі тұр.

Егер біздің дерегімізге күмән келтір­сеңіз­дер, кәсіпқой боксшылардың статис­тикасын жүргізетін BoxRec сайты­нан боксшылардың нәтижесін қарауға болады. Сонымен қатар BoxRec әр бокс­шының қарсыласына байланысты жекпе-жек деңгейін анықтап, оны жұлдызша арқылы белгілеп отырады. Қазіргі таңда BoxRec біздің боксшыларға 1-2 деңгейлі жұлдызша беріп жатыр. Бұл қазақстандық боксшылардың әлем чемпионы атану үшін әлі де деңгейі жоғары қарсыласпен жұдырықтасулары керек екендігін білдіреді.

Мысал үшін, өзбек боксшылары 2018 жылдан бастап кәсіпқой боксқа ден қоя бастады. Ахмадалиевті айтпағанда, айналдырған екі жылдың ішінде 9 жекпе-жек өткізген Шахрам Гиясов 4 кездесуінен кейін екі жұлдыз ала бастаса, соңғы айқасын BoxRec 3 жұлдызға бағалаған. Ал небәрі 4 айқас өткізген Исраил Мадримовке 3 жұлдыз берген. Яғни, Гиясов пен Мадримов биыл да дәл осындай дәрежедегі тағы бір-екі қарсыласпен жұдырықтасатын болса, екі боксшы да жыл соңында әлем чемпионы атағы үшін кездесу өткізуі әбден мүмкін.

Өзбек боксшылары чемпион болып жатқанда, «неге біздің жігіттер де алтын белбеу иеленбейді?» деген сұрақ туындауы заңды. Әзірше ол мүмкін емес. Оған мынадай екі себеп бар. Біріншісі – қазақ боксшылары дәл қазіргі уақытта үлкен жекпе-жектерге дайын емес, екіншіден, промоутерлер біздің боксшыларды аса сақтықпен әлем чемпионы атағына әкеле жатыр. Өйткені кәсіпқой бокс промоутер үшін бизнес болғандықтан, ол «тауарын» барынша қымбатқа сатуға тырысады. Былайша айтқанда, промоутер бірінші өнімін баптап, асықпай өсіріп алады да, «тауар» дайын болғанда ғана оны үлкен базарға шығарады. Бұл – промоутердің сақтығы. Ал кейбір промоутер тәуекелге барып, «тауарын» бірден базарға шығарады. Егер боксшысы жеңсе қыруар қаржыға кенеледі, егер жеңіліп қаласа, бәрін басынан бастауға тура келеді. Сондықтан көп жағдайда промоутерлер тәуекелге бара бермейді.