Қоғам • 03 Ақпан, 2020

Дінге қарсы идеологияның күйреуі

3358 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеңес өкіметі жылдарында жалғыз ғана идеология - коммунизм болды. Басқа идеологияның бәрі жалған, өтірік, жау деп саналып, қуғынға ұшырады.

Дінге қарсы идеологияның күйреуі

Соның ішінде дінді де қудалағанын білеміз. Кеңестің идеологтары 1929 жылға дейін дінге қарсылық білдірмей, оған кедергі келтірмейміз деп алдап келді. 1917 жылы өкімет басына келгенде большевиктер былай деп жариялаған: «Мусульмане России, татары Поволжья и Крыма, киргизы и сарты Сибири и Туркестана, турки и татары Закавказья, чеченцы и горцы Кавказа... Отныне ваши верования и обычаи, ваши национальные и культурные учреждения объявляются свободными и неприкосновенными. Устраивайте свою национальную жизнь свободно и беспрепятственно. Вы имеете право на это. Знайте, что ваши права, как и права всех народов России, охраняются всей мощью революции и ее органов, Советов Рабочих, Солдатских и Крестьянских Депутатов…»

Бірақ билігін күшейтіп алған 30-жылдардың басынан Кеңес өкіметі дінге қарсы қанды күрес ашты. Барлық діндарларды, имамдар мен ишандарды, тіпті ауылдың молдаларын жаппай қуғынға ұшыратты. Көбінің көзін жойды. Соның ішінде, 1930 жылы Татарстанда болған 12 мың мешіттің 10 мыңын  жапқызған екен. Түркіменстанда тіпті бірде-бір мешіт қалдырмаған. Қазақстанда 1630 діни ғибадатхана, оның ішінде 782 мешіт жабылған. Біздің Қызылжар қаласында болған тоғыз мешітті де түгел жапқызған.

КСРО-ның мұсылман халықтарын мәдени оқшаулануға ұшыратып, бұрынғы ислам дәстүрлерінен, шетелдік діндестерден қолдарын біржолата үзу үшін араб графикасын қолдануға жаппай тыйым салып, оны алдымен латиницаға, кейін кириллицаға күштеп ауыстырғанын жақсы білеміз. Араб әліпбиімен жазылған не бір тамаша әдебиеттер отқа лақтырылды. Соның ішінде кітап өндіру өнерінің тамаша үлгілері болған мыңдаған Құран кітап та құртылды. Ғасырлар бойы қалыптасқан мұсылмандық білім беру жүйесі толықтай үзілді. Кеңес одағы жылдарында тек Бұхарада бір медресе және Ташкентте бір мұсылман институты ғана қалдырылды. Соның кесірінен төңкеріске дейін 70 пайызы жоғары білімді болған имамдардың 1990 жылы тек 50 шақтысы ғана жоғары діни білімді болған.

КСРО-да ІІ Дүниежүзілік соғыс жылдарында ғана дінді қудалау күрт тоқтатылып, қамаудағы бір қауым дін иелері түрмелерден босатылған. Мұның өзі Англия мен Америка одақтастарымыздың «дінді қудалайтын, сенім бостандығына жол бермейтін, ұждан еркіндігін шектейтін ел» деп айтпасы үшін Сталиннің жасаған айласы болатын. Сонымен қатар ол діни конфессиялар басшыларын да Отан қорғау жолына пайдалануға тырысқан. Соған дейін дінді «апиын» деп көзге ілмей, мазақ қылып, сорлатып, қуғындап келген Кеңес өкіметі соғыста жеңілу қаупі төніп, жаны қысылғанда Құдайды мойындауға мәжбүр болады. Сталин тіпті халыққа арнаған үндеуінде жайшылықтағы «товарищиді» емес, дін иелерінің «братья и сестры» деген қайырылуына жүгінген екен.

1942 жылдың басында мұсылмандар мен христиандардың баспасөз өнімдерін шығаруына рұқсат беріледі. Жер-жерлерден Қорғаныс қорына түрлі конфессиялар өкілдерінің қаржы аударғаны туралы келген жеделхаттарға жауап беріліп, оларды газеттерге де бастыртып, діннен безбеген, жүрегінде иманы бар халықты да өз жағына шығаруға тырысқан. Соғыс жылдарында Қорғаныс қорына барлығы 300 млн сом ақша діни конфессиялар өкілдерінен түскен.

КСРО-ның еуропалық бөлігі мен Сібірдің діни басқармасы 1941 жылы неміс фашистеріне қарсы жихад жариялайды. Осы басқарманың мүфтиі Габдырахман Расулов 1942 жылы Уфа қаласында болған құрылтайда былай деген: «Бүгінгі таңда қолына қару алып, Отанын қорғауға шықпаған бірде-бір мұсылманның баласы, ағасы немесе әкесі жоқ. Тылда да жеңіс үшін колхоздарда, фабрик-зауыттарда тер төгіп еңбек етпеген мұсылман жоқ. Өйткені мұсылмандар Мұхаммед пайғамбардың: «Отанға деген махаббат – сенің дініңнің бір бөлігі» деген сөзін жақсы біледі», - деген.

Осы дүмпулердің күшімен 1943 жылдың басында діни саясатта жаңа бағыт жасау белгіленіп, оның жұмысына бақылау жасауды Қауіпсіздік комитетіне тапсыруға бата алмай, Совнаркомда арнаулы орган ашады. Осыдан әрі діни ғұрыптарға шектеу болғанымен ашық қудалау тоқтатылады. Соның арқасында Қызылжардың мұсылмандары да өздерінің мешітін аштырды. Қаланың ежелгі тұрғыны Кенжебек ақсақал әкесі Фазыл мешіт ашудың қорына астындағы жалғыз атын түсіп беріп, өзі үйге ер-тоқымы мен жүгенін бос ұстап келгенін айтқан еді. Бұл - адамдардың жүрегінде қанша күштесе де иманның өшпегендігінің белгісі болса керек.

Бостандық көшесіндегі ағаш үйлердің бірінде болған сол мешітті біз, қазақ мектеп-интернатының балалары жиі көретінбіз. Бостандық пен Каманин көшелерінің қиылысындағы бір үйдің жертөлесінде балалар мен жасөспірімдердің күрес мектебі болды, соған баратын балалар мешіттің жанынан өтетін едік. Жасыратыны жоқ, ол кезде біз мешітке үдірейе қарап, оған секемдік көрсететінбіз. Өйткені, басымызға үгітшілердің «дін - апиын» деген түсінігі әбден орнап қалған. Кейін сол мешітті қаланың бір шетіне, Бензострой ауданына көшіріп жіберді.  

Соғыс бітіп, жеңіс болғаннан кейін Кеңес өкіметінің басшылығы тағы да Құдайын ұмытқан еді. Әсіресе, сауаты төмен Н.Хрущевтің тұсында дінге қарсы идеологиялық күрес жаңа күшпен қайта өрістеді. 1958 жылдан басталып, 80-жылдардың ортасына дейін созылған бұл күрес жас саналарды имандылықтан қол үздірді. Біз сол кездің балалары болғандықтан санамызға сіңірілген идеологияның құлы болдық. Мамандардың жазуына қарағанда, осының өзі Хрущевтің жеке басына табындыру мақсатын жүзеге асыру үшін қолданған амалы көрінеді. Сонымен бірге өзінің жасаған қателіктерінен халықтың назарын басқа жаққа аудару үшін істеген құйтырқы әрекеттері екен. Сондықтан ол дінді «халықтың санасында қалған капитализмнің сарқыншағы» деп бағалаған. Дінді қудалауға Сталин заманында құқық қорғау жүйесі ғана жегілген болса, Хрущевтің тұсында барлық партиялық және кеңестік билік органдары қатыстырылды. Олар діндарларды қоғамнан оқшаулап, халықты олардан бездіруге тырысты. Біздің ауылда КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Ш.Жолаушин деген ағамыз қайтыс болғанда аупарткомнан келген бір әйел діни ғұрыптарды жасауға кедергі жасап, шырылдап баққан еді. Бірақ бұл Сталиннің кезі емес, ауыл ақсақалдары оның қарсылығына қарамаған болатын.

Дінді тұтынушыларға деген қарсылық кино өнімдерінде, БАҚ-та жарияланған мақалаларда көп болатын. Әсіресе, Рамазан айы туарда оразаның «зияндылығы» туралы қазақ және орыс тілдеріндегі білгішсінген мақалалар қаптап кететін. Ондайды көбіне партияның насихатшылары, жалаңтөс үгітшілер, діннен хабары жоқ саясаткерлер жазып, молдаларды «арамзалар», «халықтың үстінен күн көретін қулар» деген сияқты теңеулермен шенесе, оразаны асқазанды бұзатын, денсаулыққа зиян келтіретін әрекет деп сынайтын. Әсіресе, «өлеңді жерге өгіз семірер, өлімді жерге молда семірер» деген мақал көп қолданылатын еді. Жалпы КСРО бойынша алғанда тек қана 1961-1962 жылдары дінді мазақ қылған 667 атеистік кітап пен кітапша жарық көрген екен. 1961-64 жылдары 806 адам дінге сеніп, одан бас тартпағаны үшін сотталған. Соның ішінде оларды қоғамға қауіпті жатыпішерлер, арамтамақтар деген қылмыстық баптармен соттаған.

Алайда шала сауатты насихатшылар көбейген сайын халықтың дінге деген пейілі де арта түсті. Өйткені, коммунистердің жамандаған дүниесі артынан дұрыс болып шығатынын халық өмірден көрген. Бір кезде «шпион», «тыңшы», «халық жауы» деп жамандаған, айыпталған адамдардың бәрі артынан ақталып, олардың қателікпен сотталғаны айтылды ғой. Ендеше, дін де дұрыс, оны жамандайтын коммунистерге сенуге болмайды деген сенім оянған. Соның әсерімен дінге бұрылушылар саны еселеп артқан. Мәселен, Тамбов облысында 1957 жылы шоқындырылған балалардың үлесі 33 пайыз болса, атеистік насихат өрлеп тұрған 1964 жылы 54 пайызға жеткен... Мұсылман халықтарында да солай болған. Сүндеттелген балалар саны Сталиннің кезінде азайғанымен, Хрущевтің тұсында ол күрт артқан екен... Сүндеттелген балаларды анықтап, олардың ата-аналарын жазаға тарту үшін медициналық байқаулар жасайтын болған. Бірақ халық бұған да бейімделіп, таныс дәрігерлерінен «баланың денсаулығы үшін жасалған ота» деген анықтамалар жасатқызып отырған...

Атеист үгітшілер қанша сарнап жатса да, ораза және құрбан айттарда мешіттерге халық сыймай кететін болған. Өлікті жөнелту жаназасында да діни ғұрып қатаң сақталған. Мұндай кезде атеист үгітшілердің де үндері өшіп, қайғы шегіп жатқан жандарға қарсылық айтуға батылдары бармаған.

КСРО кезінде өкіметтің Ислам дініне қарсы соңғы әрекеті 1986 жылғы 18 тамызда шыққан КОКП ОК «Ислам дінінің ықпалына қарсы күресті күшейту туралы» қаулысы болды. Бірақ бұл кезде жариялылықтың жалаулатып тұрған кезеңі болғандықтан халықтың дінге деген сұранысын ешкім тоқтата алмады. Мешіттер діни мейрамдарда ғана емес жұма күндері де толып кететін болды. Оның үстіне КСРО аумағында көп жағдайдың ушығуы, өте күрделі қайшылықтардың орын алуы билік органдарының назарын дінге қарсы күрестен басқа жаққа аударып жіберді. Сөйтіп, халық арасындағы діннің ықпалы адымдап арта берді. Ал оны жамандайтын идеология өзінен өзі құрып тынды.

 

 

Солтүстік Қазақстан облысы