Аймақтар • 03 Ақпан, 2020

Жамбыл облысында бірқатар мәселе шешімін табады

482 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қаласын аралап, бірқатар мәселені шешуді тапсырды.

Жамбыл облысында бірқатар мәселе шешімін табады

Әкім әуелі «Тараз су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында болып, мекеменің алдағы жоспарларымен танысты. Кездесу барысында аталған кәсіпорын директоры Марат Смаилов Асқар Мырзахметовке бірқатар мәселенің бар екенін айтты. Бұл орайда әкім бүгінгі күннің талабы – қаланың су-кәріз жүйелерін жамап-жасқау емес екендігін айта келіп, салаға талдау жұмыстарын жүргізу арқылы бір жүйеге келтіру қажеттігін жеткізді.

Бұл бағытта бірінші кезекте Тараз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің аталған салаға қатысты жоспарын бекітіп, мәселелердің шешімін табу керектігін баса айтты. Бұл жоспарды арнайы жиында қарайтындығын да мәлімдеді. Сондай-ақ Асқар Мырзахметов облыс елді мекендеріндегі ауызсу мәселесін шешу мақсатында жаңадан құрылған бірыңғай оператордың да ісін жүйеге келтіруді тапсырды. Бұдан өзге сала мамандарына мекеменің аудандардағы бөлімше қызметкерлерінің біліктілігін саралап, кадр мәселесін де тиімді шешу қажеттігі айтылды.

1

Сонымен қатар Асқар Мырзахметов А.Аққозиев көшесінде орналасқан «Саңыраулардың қазақ қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Тараз оқу-өндірістік кәсіпорны» мекемесінде де болып, жұмысымен танысты. Бүгінде төсек жабдықтары мен арнайы жұмысшыларға арналған киімдер тігумен айналысатын кәсіпорынның шешілмей тұрған мәселесі – өндірілетін өнімдерге тапсырыс алу екен. Көтерілген мәселе бойынша әкім жауапты тұлғаларға өңірдегі мекемелердің мемлекеттік тапсырысын жүйеге келтіруді тапсырды.

2

Бұдан кейін Асқар Мырзахметов «Асар» Жамбыл облысы мүгедектер ұйымдарының одағы» заңды тұлғалар бірлестігіне де барды. Бірлестік жетекшілерінің мәселесін білген әкім Тараз қаласындағы «Мамыр» саябағының аумағында орналасқан ғимараттардың жақын арада жөнделетінін жеткізді. Өз сөзінде әкім бірлестік басшыларына жоспарларын дайындау керектігін айтты. Сондай-ақ қаланың автобекет аумағындағы Талас өзенінің бойында орналасқан көпірге техникалық тексеріс жұмыстарын да көрді. Кейіннен Асқар Мырзахметов жауапты тұлғаларға аталған жұмыстың сапалы және уақытында орындалуы бойынша тиісті тапсырмалар берді.  

 

Жамбыл облысы