Аймақтар • 04 Ақпан, 2020

28 ауыл ұялы байланыссыз, 14 ауыл интернетсіз отыр

578 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздегі «Қазақтелеком» АҚ Шығыс өңірлік телекомму­ни­кация дирекциясының мәліметінше, «Ақпаратты Қазақстан-2020» бағдарламасына сәйкес ауылдарда тал­шық­тық-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстары жал­ға­су­да. Павлодар өңіріндегі 364 ауылдың 87-іне талшықтық-опти­калық байланыс желісі тартылған.

28 ауыл ұялы байланыссыз, 14 ауыл интернетсіз отыр

 

Жалпы 14 жылға есептелген бұл жоба «Қазақтелеком» АҚ пен сол кездегі Ақпарат және коммуникация министрлігі (коммуникация саласы қазір басқа ведомствоға қарайды) ара­сындағы мемлекет-жеке­мен­шік серік­тес­тік келісімшарт ая­сын­да жүзеге асырылады. Яғни, 2018-2020 жыл­дары байланыс желілерінің құ­рылысы, интернетке қосу жұ­мыс­тары жүргізіліп, жобаның 2032 жыл­ға дейін қызмет көр­сет­уі жос­пар­ланған.

Ал облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде бұл күндері 28 ауыл ұялы байланыссыз, 14 ауыл интернет желісіне қо­сыл­ма­ған. Кең жолақты интернетке қосу үшін ауылдарда автономды стансалар құруды ұсынады.

Бір стансаны құру жұ­мыс­та­ры 110 мың теңге тұрса, ай са­йынғы абоненттік төлем – 56 мың теңге.

Енді мақсаты – халықтың компь­ютерлік, цифрлы сауатты бо­луына бағытталған «Цифрлы Қа­зақстан» бағдарламасы барысында шалғай ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетке қосу жөніндегі жобаның орын­далуы мүмкін бе?

Өркениеттің мүмкіндігіне, жаңа заман ғажаптарына ауыл­дар да қол созуда. Жеріміз болса кең, ал ауылдарда халық саны азаю­да, ауылдардың әр жер­де ша­шырай, шалғайда орна­лас­қа­ны белгілі.

Бұған еліміздің шалғайдағы әрбір ауылына Интернет желі­сін тартуға Үкіметтің зор мүм­кіндігі, қыруар қаражаты қа­жет­­тігін қосыңыз. Үкімет бұл мә­селе үшін шағын екі-үш ауыл­­дың басын қосатын Тірек ауыл­­дарды дамытатын бағ­дар­ла­ма қабылдады. Шалғай ауыл­дар­ды айтпағанның өзінде тірек ауылдардың өзіне бірін­ші кезек­те интернет жетсе, «Цифрлы ауыл» атанды деп қуанар едік.

Өңірлік телекоммуникация бө­лім­шесінің мәліметінше, өңір­де үлкенді-кішілі 364 ауыл бар болса, 32-сі тірек ауылдар, 87 ауылға талшықтық-оп­тикалық байланыс желісі тарты­лған.

Бірақ, интернет жүйесі түгі­лі, аты бар да заты жоқ осы 32 тірек ауыл­ды өркендету үшін қыр­­уар қаражат бөлінді. Нәти­же­сі қайсы? Тірек ауыл саналмай­тын Тереңкөл ауданындағы Қызыл­таң ауылының тұр­ғын­­да­ры интернеттен бұрын кәдім­гі клуб, жол, су жоқ деп отыр. Ин­тер­­нетке қосылған ауыл­дар­дың дені аудан орталығына, облыс ор­та­лығына, қалаға жақын ор­на­­­ласқан ауылдар екені белгілі. Өңір­ге Нұр-Сұлтаннан Сенат, Мә­жіліс де­путаттары, министрлер келе қалса қала іргесіндегі ауыл­­дарға апарып көрсету дәс­түр­ге айналған. Мысалы, облыс ор­талығына жақын Шақат мек­те­­бінде жылдамдық 10 мега­байт­ты құрайды. Содан кейін, олар өңір­дегі барлық ауылдың ин­тер­неті Шақаттағыдай деп ойлап ке­те барады.

Оқу бітірген соң «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен ауыл­ға барған бір студент «Ин­тер­нет желісі, ұялы байланыс жоқ, ұялы байланысқа шығу үшін байланыс ұстай қалатын жер­лерді іздеп жүргенің. Бұл «қы­зық» жағдайға үйрене алмай, қалаға қайттым еріксіз» дей­ді.

 Биыл үш ауданның ауылдарында талшықтық-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы басталса, 2020 жылдың 1 наурызынан бастап қосымша тағы 20 ауыл мен 74 мемлекеттік мекеме интернетке қосылады деген жоспар бар екен.

– Бірақ желі жылдамдығы секун­дына 512 килобайттан 4 мега­байтқа дейін ғана болады. Ал 23 ауылды жылдамдығы төмен интернетке қосуға да мүм­­­­кіндік аз. Ауылдардың бірі тау­­лы аймақта орналасса, екін­­ші­­сінде жер серігіне байланысты қи­­ындықтар бар. Жоғары жыл­дам­­дықты ғаламторды спутник бай­­ланысы мен радиокөпірлер арқылы қосылу тәсілдері бол­ға­нымен бағасы тұрғындар үшін қым­батқа түседі, – дейді бас­қар­ма мамандары.

Мысалы, Баянауылдың тау баурайын­дағы ауылдарын ала­йық. Жолсыз, сусыз Жаңа­жол ауылына интернет желісі «Қа­зақ­телеком» АҚ айтқандай 2032 жылдары ма, әйтеуір бір жетер.

 Ал мамандардың айтуынша, ауылдардағы нысандарда, мектепте интернет желісі қосылған күннің өзінде оны пайдалану барлығына бірдей тиімді емес көрінеді. Себеп – жылдамдығы аз, ескі компьютерлердің болуы. Техникалық жабдықтар, Wi-Fi құ­рылғылары алынғанымен, ин­тернет желісі тартылмаған. Шек­теулі интернетті тек инфор­ма­тика пәнінің мұғалімдері қол­да­на алады.

Wi-Fi желісіне қосылған мек­­тептер де бар. Интернет жыл­дам­дығына сай, төлемақы да жо­ғары болатыны белгілі.

– Мұндайда ауылдарға ин­­тер­нетсіз жұмыс істейтін цифр­­­­лы ресурстарды да қол­да­ну­ға болады. Интернеті жоқ, шал­ғай­да орналасқан ауыл­дар­дың мек­тептеріне қазір Bilim­Book құ­­рылғысы берілуде. Құ­рыл­ғы­ның ішінде жоғарыда атал­ған ре­сурстың барлығы ин­тер­нетсіз жұ­мыс істей береді, – дейді цифрландыру жүйесінің ма­маны Ринат Барысов.

Ертіс ауданына қарасты Аман­гелді, Ленин атындағы, Қызыл­­қақ, Қызылағаш ауыл­да­­­рына әлсіз болса да интернет желісі тартылған. Бірақ ауыл тұрғындары ұялы бай­ла­ныс­қа шыға алмайды. Аудан әкім­дігі Kcell немесе Beеlinе опе­ра­торының құрал-жаб­дық­та­рын орналастыруға биік орын іздес­ті­ріп жүр екен. Сонымен бірге, ауылдарда жаңа заманға сай 29 Радио-телевизиялық стан­салар/ РТС/ да орнатылып, цифр­лы хабар тарату іске қо­сыл­ды.

Еліміздің ауылдарын кең жо­лақты интернет желі­сі­мен қам­та­масыз ету жобасы «Цифр­лы Қазақстан» бағ­дар­ла­масы, теле­­коммуникация инфра­құры­лы­­мы шалғайдағы ауыл­дардағы әлеу­меттік сала нысан­да­рын, мемлекеттік мекемелерді жо­ға­ры жылдамдықты интернетпен қам­тамасыз етуге бағыт­тал­ған.

– Ауылдарды интернет­тен­ді­ру жалғасады. 2025 жылға қарай ин­­тернет еліміздің барлық ауыл­да­рына жетеді, – деген еді был­­тыр жазда облысқа сапары кез­інде Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі минис­трі Асқар Жұмағалиев.

 

Павлодар облысы