Осы уақытқа дейін де өңірдегі апатты жағдайдағы мектептер мәселесі күн тәртібіне көтеріліп, нәтижесінде бірқатар білім ошағы бой көтерді. Кейбіріне күрделі жөндеу жүргізілді. Дейтұрғанмен, Әулиеата өңірінде апатты жағдайдағы мектептің мәселесі толығымен шешіле қойған жоқ. Қордай ауданының Күнбатыс ауылындағы №11 негізгі орта мектеп, Шу ауданы, Алға ауылындағы Амангелді орта мектебі мен Бірлікүстем ауылындағы Домалақ ана орта мектептері әлі күнге дейін апатты жағдайда тұр. Аталған екі аудан да Жамбыл облысынан шалғайда орналасқан. Мәселен, Алға ауылындағы Амангелді атындағы орта мектеп 1961 жылы салынған. Салынғанына алпыс жылға жуық уақыт өткен білім ошағының қабырғалары бұл күнде жарылып та кетіпті. Мектеп директоры Дана Тілеужанованың айтуынша, бүгінгі таңда бұл мектеп балалардың алаңсыз білім алуына қиындық тудырып отыр. Екі қабатты мектепте 324 оқушы оқиды. Мектепке жапсарлас қазандықпен от жағылады екен. Директор өз сөзінде бұл мәселе ертерек шешімін тапса екен деген тілегін жеткізді.
Жамбыл облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмила Бекбатырованың айтуынша, қазіргі таңда өңірдегі аталған 3 апатты мектептің мәселесі ағымдағы жылы толығымен шешіледі. Бұл үшін аталған 3 мектептің құрылысына тиісті қаражат та қарастырылған екен. Енді биылғы жаңа оқу жылында аталған білім нысандары пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар Жәмила Бекбатырова өз сөзінде өткен жылы өңірдегі үш ауысымды мектептердің мәселесі толығымен шешілгенін айтты. Дегенмен өңірдегі демографиялық өсімге байланысты ағымдағы жылы 9 үш ауысымды мектеп те анықталып отыр. «Алдағы үш жыл мерзімде бұл мәселе де кезең-кезеңімен шешімін табатын болады», дейді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы.
Сонымен қатар бүгінгі күрделі мәселелердің бірі – білім ошақтары әжетханаларының сыртта орналасқаны болып отыр. Бұл да назарға алынуы тиіс мәселенің бірі деуге болады. Мәселен, былтыр Тараз қаласындағы №6 мектепте болған жантүршігерлік оқиғадан кейін мұның маңыздылығы тіптен арта түсті. Бұл мәселе қоғамда да үлкен дүмпу туғызды. Яғни, әжетхананың мектеп ішінде болуы оқушының қауіпсіздігін қорғауда айрықша рөл атқарады. Білім басқармасының мәліметінше, бүгінде облыс аумағындағы мектептердегі әжетханалардың мәселесі де назарға алынуда. Алайда өңірдегі 442 мектептің 278-інің әжетханасы сыртта орналасқан болып шықты. Жәмилә Бекбатырованың айтуынша, бұл талдау нәтижесінде анықталған. «Енді аталған түйінді мәселелерді шешу бойынша тиісті шаралар қолға алынуда», дейді ол. Атап айтсақ, оның 13-і жаңа мектеп құрылысы есебінен атқарылса, 10-ы күрделі жөндеу, 67-сі жапсарлас ғимараттар салу, ал 174-і ағымдағы жөндеу жұмыстары арқылы жүзеге асады.
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов те апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымды оқытуға орай өткен жиында аталған мәселелердің өзектілігіне айрықша көңіл бөліп, оны шешу жұмыстарын уақыт созбай қолға алуды айтқан. Сонымен қатар оқу нысандарының ішінде орналасқан әжетханалардың барлығы тиісінше жұмыс істеу керектігін де ескерткен болатын. Сонымен қатар әкім жаңадан салынатын нысандардың бір типте болуына көңіл бөліп, бұл орайда мектептегі оқушылар санын ескерудің де маңыздылығын баса айтқан еді. Сондай-ақ бұл бағытта ағымдағы жөндеу жұмыстарына 634 миллион теңге жоспарланған. Енді бұл көлемді қаражатты арнайы бекітілген регламент аясында оңтайландыру мәселесі де өзекті.
Апатты мектептердің жайы бұрыннан келе жатқан мәселе. Әрине, бір мезгілде мұның бәрін түгендеу, барлығына бірдей жөндеу жұмыстарын жүргізу немесе жаңа мектеп салу мүмкін емес. Десек те, алдағы уақыттарда Жамбыл өңіріндегі апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымды оқыту кезең-кезеңімен болса да жүзеге асып жатса, бұл да балалардың болашағына жасалған оңды қадамның бірі болар еді...
Жамбыл облысы