Медицина • 04 Ақпан, 2020

«Медициналық бақылауда 33 адам қалды»: ҚХР-дан келген азаматтарға мониторинг жалғасып жатыр

404 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚХР-мен шекаралас мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жүргізу жалғасып жатыр. Мәселен, 2020 жылдың 6 қаңтарынан 4 ақпан аралығында елімізге 30 мың 2 адам келді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Медициналық бақылауда 33 адам қалды»: ҚХР-дан келген азаматтарға мониторинг жалғасып жатыр

Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің санитарлық-карантиндік пункттерінің мамандары Алматы қаласындағы халықаралық әуежайда 21 мың 439 адамды, теміржол вокзалдарында 399 жолаушыны тексерді.

ЖРВИ белгілерімен 94 адам көпшіліктен оқшау ауруханаға жатқызылды, оның 61-і жазылып шықты, қазір стационарларда медициналық бақылауда 33 адам қалды.

Ауруханаға жатқызылғандардың барлығының сынамасын қосымша бақылау үшін Алматыдағы Айқымбаев атындағы аса қауіпті жұқпалы аурулардың ұлттық ғылыми орталығына жіберілді. Бұл орталық жаңа коронавирусты ПТР-диагностикалау әдістемесі игерген.

Республикада терапия үшін қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар бар, жұқпалы ауруханаларды оқшаулауға арналған бокстар, арнайы дәрігерлік және орта медициналық персонал дайындалған.

Айта кету керек, бұл жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында.

Ресми ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің Фейсбуктегі парақшасынан оқи аласыз және кез келген сұрақ бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 1406 байланыс-орталығына қоңырау шалуға болады.